Кейінгі күндері жеңістің 80 жылдығына байланысты мессенжерлер мен әлеуметтік желіде «Алаяқтықтың жаңа түрі» туралы ақпарат тарап жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8). Деректе «жеңіс күнінің 80 жылдығына арналған онлайн ұранға қосылуға шақыратын хабарлама келеді! Кейін 1945 деген кодты енгізуді ұсынады. Бұл кодты ешбір жағдайда енгізбеңіз, себебі алаяқтар банк деректерініңізді қолды қылады» деп жазылған. Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Фейк
Ақпарат Ресейде расымен бар «Ура Победе!» атты акцияға негізделген. Фейк ақпарат алдымен Ресейде пайда болып, кейіннен жазбаның скриншоты Қазақстандық чаттарда тарай бастаған. Алаяқтық туралы ақпараттың жалған екенін бірнеше ресейлік сайт та жазып үлгерді (1, 2).
«Ура Победе!» акциясының талаптарына сай, ресейліктер 1945 нөміріне қоңырау шалып, «жеңіс атмосферасына шомыла алады». Сондай-ақ, жазбада қандай да бір банктың немесе нақты алаяқтық жүзеге асатын платформаның атауы жоқ.
1945 коды қайдан шықты?
1945 — бұл Ресейде ресми түрде іске қосылған тегін сервис нөмірі. Ол «Ура Победе!» деген бүкілресейлік акция аясында жұмыс істейді. Нөмір жеңістің 80 жылдығына арналған. Бұл нөмірге қоңырау шалған адам жеңістің атмосферасын сезеді-міс. Акция 25 ақпанда басталған және 2025 жылдың 15 мамырына дейін жалғасады. Ресейліктер оған қатысу үшін 1945 нөміріне қоңырау шалып, дауыстық мәзір арқылы бөлімді таңдауы керек.
Ресейде «Ура Победе!» акциясы алғаш рет 2010 жылы өткен. May9.ru порталының жазуынша, 2020 жылы оған 21 миллионнан астам ресейлік қатысқан.
Дегенмен кейінгі кезде алаяқтық схеманың көбейгені рас. Банк деректеріңіз алаяқтардың қолына түссе не істеу керек екенін мына материалдан оқи аласыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.