Болат Керімбектің бойдақтарға салық салу туралы сөзі рас па?

29 қаңтарда депутат Болат Керімбектің бойдақтарға салық салу бойынша пікір білдірген видеосы тарады. Онда депутат бұл салық түрі қоғамдағы қатынасты реттеу, жастарға сигнал ретінде тәртіпке, ретке келіп, көпбалалы болу мақсатында берілген ұсыныс деп мәлімдеді. Артынша ол салық көлемі жөніндегі сұраққа «әлемдік тәжірибеде болған екен, жалақысының 3-5%-ы» деп жауап береді, сосын бұл жауабын «отбасы құрған ер азамат отбасы құрмаған сүр бойдақтардан ұзақ өмір сүреді, бұл әлем дәлелдеген нәрсе» деп түсіндіреді. Алайда депутат ұсынысқа қатысты ресми түрде ешқандай сауал жолдамаған.

Factcheck.kz редакциясы депутат келтірген екі мәлімдемені тексерді.

Мәлімдеме: [Мұндай салық – ред.] Әлемдік тәжірибеде болған екен — 3-5%. Бұл айыппұл ретінде емес, жалақысының 3-5%-ы.

Болат Керімбек

Үкім: Шындық

Депутат қазіргі шақты емес, өткен шақты айтқан соң мәлімдемені осы тұстан талдауымыз керек. Бойдақтарға салық салу практикасы, мысалы, КСРО-да пайдаланылған. 1941 жылғы жарлық бойынша, 20-50 жас аралығындағы бойдақ не үйленген баласыз ер адамдар мен 20-45 жас аралығындағы дәл сондай әйелдер салық төлеуге міндеттелді. Бірақ қазір әлемде мұндай салық тәжірибеде барына қатысты дерек таба алмадық.

Кеңес Одағында 1941-1992 жылдар аралығында баласыз азаматтар табысының бір бөлігін мемлекетке беруге міндетті болған. Жарлық «Бойдақтар, жалғызбасты және баласы жоқ азаматтарға салық туралы» деп аталды. Оған сәйкес 20-50 жас аралығындағы баласыз ер адамдар мен 20-45 жас аралығындағы баласыз тұрмыстағы әйелдер салық төлеуге міндеттелді. Кеңес үкіметі салықты екінші дүниежүзілік соғыс кезінде экономикалық және әскери мақсатта халық санын сақтау үшін енгізген. Жарлыққа сәйкес, адамның айлық табысы 150 рубльден аз болса, ай сайынғы салық 5 рубль болып, ал 150 рубльден көбірек болса, ай сайынғы салық 5% көлемінде болған.

  • Болат Керімбектің бойдақтарға салық салу туралы сөзі рас па?
  • Болат Керімбектің бойдақтарға салық салу туралы сөзі рас па?

Жарлық 1992 жылы Кеңес Одағының ыдырауына байланысты күшін жойды. Бірақ Ресейде Украинадағы соғыс басталғаннан кейін чайлдфриге салық салу мәселесі оқтын-оқтын айтылып тұрады. Мәселен 2024 жылы ресейлік депутат Андрей Гурулев Кеңес Одағының тәжірибесіне сүйеніп, бала туу көрсеткішін арттыру үшін осы салықты қайта енгізуді ұсынды. Ол баласыз азаматтар жоғары салық төлеуі тиіс екенін айтқан.

Қазір мұндай практика бары туралы дерек таппасақ та, түрлі елде баласы жоқ адамдарға салық салу туралы пікірлер айтылып тұрады. Мысалы, Ұлыбританияда 2022 жылы демограф Пол Морланд бала туу деңгейінің төмендеуіне қарсы күресу үшін баласыз адамдарға салық енгізуді ұсынған. Оның пікірінше, мұндай салық туу деңгейін арттыруға және сәбилерді күту жүйесін қаржыландыруға көмектесер еді. The Guardian жазғандай, бұл ұсыныс қоғамда үлкен дауға айналып, сыншылар баласыз адамдарға салық салу денсаулығына қатысты бала сүйе алмайтын немесе жеке себептерімен бала туудан бас  тартқан адамдарға әділетсіз болады деді. Адамдар бұндай салық түрінің демографияны жақсартатынына күдіктенді.

Мәлімдеме: Тіпті мынандай бір статистика бар — отбасы құрған ер азамат, отбасы құрмаған сүр бойдақтардан жасы 10-15 есе ұзақ өмір сүреді екен, ол әлем дәлелдеген нәрсе.

Болат Керімбек

Үкім: Манипуляция

Бірқатар шетелдік ғылыми зерттеуге сай, неке — мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін. Бірақ бұл тұста ерлі-зайыптының қарым-қатынасының сапасы маңызды екенін және неке адамның ұзақ өмір сүруіне кепіл болатын жалғыз фактор емес екенін ескеру керек. Оның үстіне біз «‎10-15 есе ұзақ өмір сүру»‎ туралы дерек таба алмадық. Мұндай әсірелеу мен некенің шешуші фактор еместігін ескеріп, манипуляция деген үкім қойылды.

Мысалы, Time басылымы 2013 жылғы Annals of Behavioral Medicine журналында жариялаған зерттеуге сүйеніп, орта жаста жұбайыңның болуы мезгілсіз өліп кетудің алдын алады деп жазады.

Айова штаты университетінің адам дамуы және отбасын зерттеу кафедрасының профессоры Питер Мартин: «Неке, егер тұрақты болса, әлеуметтік қолдаудың тамаша түрі», – дейді.

Оған қоса, зерттеуде ешқашан үйленбеген адамдардың тұрақты некедегі азаматтарға қарағанда мезгілсіз өлу ықтималдығы екі есе жоғары екені анықталған. Бірақ авторлар бұл үрдісті серігінің физикалық және эмоционалды қолдау көрсетуімен байланыстырады. Некеде тұрған адамдар спортпен шұғылдану, темекіні тастау сияқты салауатты әдеттерді жұбайының ықпалымен қабылдауға бейім. Алайда, неке ерлер мен әйелдерге бірдей деңгейде әсер етпейді.

2017 жылы Evolution and Human Behavior журналында «Неке адамның өмір сүру ұзақтығына қалай әсер етеді? Эволюциялық тұрғыдан француз тарихи деректері жиынтығын талдау» мақаласы жарияланды. Авторлар некенің ер адамдарға пайдасын зерттеу үшін Францияның XIX ғасырдағы өлім және неке жазбаларын талдаған. Мақалада неке ұзақ өмірге әлеуметтік және экономикалық артықшылықтарды ұсынады әрі ұзақ өмір сүру мүмкіндігі бар адамдардың некеге тұру ықтималдығы жоғары екенін айтады. Нәтижесінде үйленген ер адамдар үйленбегендерге қарағанда ұзақ өмір сүреді деген қорытындыға келген.

2023 жылғы ақпанда жарияланған АҚШ кардиология колледжінің жаңа зерттеуі некеде тұрған ер адамдардың ұзақ өмір сүру ықтималдығы жоғары екенін көрсетті. Зерттеушілер 45 пен 84 жас аралығындағы 6 800 америкалықтың дерегін талдап, жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған 94 адамның неке жағдайын және олардың өмір сүру деңгейін салыстырды. Нәтижесінде жұбайының еріне қолдауы, денсаулығын күтуге көмектесуі ұзақ өмір сүруге себеп болатыны анықталған.

2024 жылғы International Social Work зерттеуінде ғалымдар 45 пен 85 жас аралығындағы адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын 20 жыл бойы бақылай отырып, олардың физикалық және психикалық денсаулығы, әлеуметтік белсенділігі мен өзін-өзі қабылдауы сынды факторларды негізге алады. Жалпы, зерттеу нәтижелері үйленген ер адамдардың ешқашан үйленбегендерге қарағанда денсаулығы жақсырақ сақталатынын көрсетті. Бірақ бұл олардың некесін сақтап қалған жағдайда ғана байқалған. Ажырасу, жұбайынан айырылу немесе некені бұзу денсаулыққа кері әсер ететіні анықталды. Сол себепті ерлер мен әйелдер үшін некенің өзі емес, оның тұрақтылығы мен сапасы маңызды.

Балалы болу өмір сүру ұзақтығына әсер ете ме?

2017 жылы Journal of Epidemiology and Community Health журналында жарияланған Швецияның Каролинск институтының ғалымы Карин Модиг 60 жас пен 100 жас аралығындағы 1,5 миллионға жуық шведтің өміріне зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижелері барлық ересекте жас ұлғайған сайын өлім қаупі артатынын, бірақ балалы болу ұзақ өмір сүруге әсер ететінін көрсеткен. 60 жастағы ер адамдар арасында баласы барлардың 20,2 жыл өмірі қалса, баласы жоқтарда бұл көрсеткіш 18,4 жыл болған. Ғалымдар бұл құбылысты балалардың ата-анасына қамқорлық жасауы әсерінен деп болжайды. Олар қартайған ата-аналарына физикалық көмек беріп, эмоционалды қолдау білдіруі немесе жақсы медициналық күтім алу үшін күресуі мүмкін.

2019 жылы Макс Планк Демографиялық зерттеулер институтының ғалымы Киерон Баркли мен Стокгольм университетінің зерттеушісі Мартин Колк 1915-1960 жылдары туған төрт милионнан астам шведтің өмірін бақылаған. Еңбек European Journal of Population басылымында жарияланған. Баркли мен Колк балалы болу немесе баланы тәрбиелеудің өзі ата-ананың ұзақ өмір сүруіне себеп емес деп санайды. Керісінше, олар денсаулығы жақсы, қаржылық жағдайы тұрақты және білім деңгейі жоғары адамдардың ұзақ өмір сүруге бейім болады дейді. Жалпақ тілмен айтқанда, дені сау, қаржылық жағдайы жақсы және жоғары білімді адамдар серік табуға әрі үлкен отбасы құруға дайын болады. Сондықтан ата-ана болу ұзақ өмір сүрудің себебі емес, керісінше, ұзақ өмір сүруге бейім адамдардың көпбалалы болу мүмкіндігі жоғары.

New York Post басылымы Мичиган университетінің 2023 жылғы зерттеуіне сүйеніп, отбасында балалардың болуы өмір сүру ұзақтығын 76 жасқа дейін созады дейді. Зерттеу авторлары  Цзяньчжи Чжан мен Қытай медицина ғылымдары академиясы мен Бейжің медицина колледжінің студенті Эрпин Лунг Ұлыбританиядағы 276 000 адамның денсаулығы мен генетикалық мәліметтерін зерттеген. Ғалымдардың бақылауынша, аз баласы бар ерлер мен әйелдердің өз ұрпағының өсіп-жетілгенін көру мүмкіндігі жоғары екен. Екі баласы бар ата-ананың жасы баласы жоқтарға қарағанда 5-10 %-ға ұзарады. Чжан мұны, ең алдымен, әлеуметтік қарым-қатынастың көп болуымен байланыстырады. Өйткені балалары бар адамдар басқа ата-аналармен, мұғалімдермен көбірек араласады, ал әлеуметтік қарым-қатынастың көптігі ұзақ өмір сүруге пайдалы.

Контекст

Бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшалар мен БАҚ мәжіліс депутаты Болат Керімбектің сөзін келтіріп, «Баласы жоқтарға салық салу талқыланып жатыр» деген ақпарат таратты (1, 2, 3, 4, 5, 6).

Негізі БАҚ бұл ақпаратты ресми деңгейдегі контексте таратқан. Дегенмен жаңалықты алғашқылардың бірі болып таратқан «Караван» сайтының жазуынша, депутат Болат Керімбектің Талдықорған мектептерінің тәлімгерімен кездесу кезінде бірқатар мәселені талқылағаны айтылған. Дегенмен «балалы болудан бас тартқан азаматтарға салық не айыппұл салу» туралы ұсынысты сол шараға қатысушылардың бірі айтқан. Кейіннен бұл дерек сайттар мен әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

Журналист

Factcheck.kz