Facebook желісінде Wildberries компаниясы қоймасын су басуына байланысты қалған тауарларды таратып жатыр деген сипаттағы жарнамалық бейнероликтер (1, 2, 3, 4, 5, 6; архивтік нұсқалары: 1, 2, 3, 4, 5, 6) тарап жатыр.
Бейнероликтердегі кадрлар әртүрлі болғанымен, баяндалатын оқиға барлығында бірдей.
«Қазақстандағы қоймалардың бірін су басуына байланысты Wildberries арнайы акция өткізіп жатыр. Бұл акция аясында аман қалған заттар салынған үлкен бокс алуға болады. Асығыңыздар, акция ұзаққа созылмайды. Қараңыздаршы, мен қандай керемет сыйлықтар алдым. Әлі де сене алмай тұрмын», – делінеді бейнеде.
Жарнамалық видеолардың астында пайдаланушы «құпия қорапша» ала алады деген сілтеме беріледі. Ашылған сайтта «Қазақстандағы ең үлкен қойма» жойылғандықтан, Wildberries компаниясы қалған тауарларды қораптарға салып, оларды ел ішіндегі кез келген тұрғынға таратып жатқаны жазылған.
Factcheck.kz редакциясы бұл жарнаманың Wildberries компаниясына ресми түрде қатысы бар-жоғын тексеріп көрді.
Үкім: Алаяқтық
Біз бұл жерде кеңінен тараған алаяқтық схемасының кезекті үлгісін көріп отырмыз. Алаяқтар әртүрлі компаниялар немесе танымал тұлғалар атынан жалған видеолар жариялап, адамдарды сыйлық немесе қаржылай ұтыспен қызықтырып, жалған сайтқа жеке деректерін енгізуге итермелейді. Нәтижесінде, қолданушылардың ақшалары ұрланады.
Бұған дейін біз ZARA мен Қазатомөнеркәсіп компанияларына, сондай-ақ Алматы мен Астана әуежайларына қатысты осыған ұқсас жағдайларды талдаған едік.
Wildberries-тің ресми парақшаларында қойманы су басуына немесе басқа да себептерге байланысты тауар таратылып жатқаны жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Компанияның баспасөз қызметі Factcheck.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мұның жалған ақпарат екенін айтып, ешқандай су басу, тарату не жеңілдікпен сату науқандары жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді.
Алаяқтық схеманы қалай анықтауға болады
Алдымен жарнаманың компанияның ресми аккаунтынан жарияланған-жарияланбағанына назар аударыңыз. Бұл жағдайда бейнероликтер Facebook желісінде Brands offer деген атаумен таралып жатыр, парақшада бұл атау Филиппиндік киім өндірушісі ретінде көрсетілген. Алайда, Meta жарнама кітапханасында осы парақшаны басқаратын адамның Украинада екені жазылған.
Бір алаяқтық жарнаманың бірнеше парақша арқылы таралуы мүмкін екенін де айта кету керек.
Парақша өзінің ресми сайты ретінде тамақ жеткізуге арналған Foodpanda платформасына сілтеме берген, алайда бұл сайтпен ешқандай байланысы жоқ екені анық. Парақшаның өзі де бос.
Барлық жарнамалық роликтер қойманың су астында қалған сәттерінен басталады. Кадрларға кері іздеу жүргізу арқылы олардың шын екенін байқауға болады — бұл 2023 жылдың тамызында Ресейдің Электросталь қаласындағы Wildberries қоймасында болған оқиға. БАҚ мәліметінше, жауынның салдарынан шатыр бүлініп, қойманы су алған (1, 2).
Қорапты ашу сәттері 2024 жылдың шілде және тамыз айларында жарияланған Анастасия Высоцкая есімді қолданушының екі видеосынан алынған (1, 2). Жарнамадағы дауыс оған тиесілі емес, ал бастапқы видеоларда блогер қыз Wildberries-тің қандай да бір акциясы жайлы мүлде айтпайды.
Бейнежазбаларда «подарочный коробок» немесе «подарочный коробко» сияқты айқын грамматикалық қателер бар екені бірден көзге түседі.
Жарнамада көрсетілген сайт tidalnet.sbs доменінде орналасқан (алайда алаяқтар басқа да мекенжайларды қолдануы мүмкін), ал акция рас болса, сілтеме wildberries.ru болуға тиіс еді. Сайтта «жұмбақ қораптың» суреті және видеода айтылған ақпарат қайталанады. Сонымен қатар осы қорапты алып үлгерген адамдардың атынан жазылған пікірлер мен фотосуреттер де бар. Көбіне бос аккаунттар, өзге адамдардың суреттері қолданылады, ал тауарлардың суреттері ашық дереккөздерден алынған.

«Жұмбақ қорапты» алу жолы бұрыннан таныс алаяқтық схемаларды еске салады. Пайдаланушыға компания өнімі, жасы және тұрған жері жайлы бес жеңіл сұрақтан тұратын сауалнамаға қатысу ұсынылады. Жауап беруге екі минут берілетіні көрсетіледі, бірақ уақыты аяқталғаннан кейін ештеңе болмайды.
Біз сұрақтардың анда-санда өзгеріп отыратынын, алайда схеманың мәні өзгермейтінін байқадық.
Сауалнамадан өткен соң, пайдаланушыға үш рет талпынып, қалаған қорапты «таңдап алу» ұсынылады (жеңіс, әдеттегідей, міндетті түрде кепілдендіріледі), одан кейін мекенжайы мен телефон нөмірін қоса алғанда, жеке деректерін енгізу сұралады, соңында қорапты алу үшін 1107,84 теңге төлеу мақсатында банк картасының деректерін енгізу қажет болады. Ешқандай жағдайда жеке және банк деректерін беруге болмайды!



Wildberries компаниясының Қазақстандағы баспасөз қызметі Factcheck.kz сауалына былай деп жауап берді:
Мұндай фейк-жарнамалар – алаяқтардың қаржылық немесе төлем деректеріне қол жеткізу үшін қолданатын әдістерінің бірі. Олар телефон соғып, фишиңдік хаттар немесе мессенджерлер арқылы хабарламалар таратып, «тиімді жеңілдіктер» не болмаса «байқауда жеңіске жеттіңіз» деген желеумен жарнамалар арқылы адамдарды қызықтырады. Бұл — дәл сондай жағдай. Wildberries-тің ресми акциялары мен олардың шарттары туралы ақпарат әрдайым ресми ресурстарда жарияланады. Күмәніңіз болса — ресми сайттағы немесе мобильді қосымшадағы байланыс формасы арқылы тікелей қолдау қызметіне жазыңыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.