WhatsApp мессенджерінде азаматтардың банк шоттарынан ақшаны шешіп алудың «алаяқтық жолы» көрсетілген видео кең тарап жатыр. Роликте автор банк картасын салған жаңа әмиянын көрсетеді. Көп ұзамай ол есепшотынан 2 мың теңгенің алынғаны туралы хабарлама алғанын айтады.
Сөзін жалғастыра отырып ол әмиянның қалташасынан күмән туғызған электронды схеманы алып шығады — ақшаның заңсыз алынуы соның кесірі-міс.
Factcheck.kz редакциясы оның рас-өтірігін тексеріп, банк шоттарымен осыған ұқсас манипулция жасаудың техникалық мүмкіндіктері бар-жоғын зерттеп көрді.
Үкім: Жалған
Жарияланған видео авторының ақпараты техникалық мүмкіндіктерге қайшы келеді. Ролик кейіпкерінің банк картасын RFID-белгі бар жаңа әмиянға салғанда шотынан қандай да бір төлем үшін ақы алынуы кездейсоқ болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.
Толығырақ
Пікір білу үшін біз Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығына жүгіндік. Олар видеодағы «электронды схеманың» пассивті RFID- белгіге (Radio Frequency IDentification — радиожиілік идентификациясы) ұқсайтынын айтты. Олар дүкендерде ұрлықтың алдын алу үшін қолданылады. Мұндай белгілер антенна мен чиптен тұрады және арнайы құрылғылармен әрекеттескен кезде ғана жұмыс істейді. Спикердің сөзінше, банк карталарындағы чип осыған ұқсайтын пассив құрылғы.
«Банк картасының пластигі мен чипінде есепшоттағы ақша туралы ешқандай ақпарат сақталмайды және картамен жасалатын ешбір манипуляция банкке тікелей қосылған құрылғыны қолданусыз ақша шешіп ала алмайды. Картаның өзі шот иесінің идентификаторы ғана. Ақшаны байланыссыз жолмен тек POS-терминал, яғни, заңды тұлғаның атына нақты банкте тіркелген құрылғы арқылы ғана шешіп алуға болады», – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы қаржы технологиялары және инновациялар секторының директоры Константин Пак.
Оның сөзінше, ақшаның қайда кеткенін POS-терминал арқылы тексеру оңай.
«Мұндай транзакция жағдайында картадан ақша алынғанда оның қайда және қашан аударылғаны көрсетіліп тұрады», – дей келе Константин Пак ролик авторы шын мәнінде не болғанын түсінбеген болар деп болжады.
«Ролик авторы қателесуі мүмкін, мысалы, ақша несие бойынша немесе басқа да тұрақты транзакция бойынша алынып, бұл әмиянға салған уақытпен тұспа-тұс келуі мүмкін», – деді сарапшы.