Алаяқтар WhatsApp мессенжерінде «Graphite» деген вирус таратып жатыр ма?

Желіде WhatsApp мессенжерінде тарап жатқан вирусы туралы ақпарат пайда болды. Оған сай, «Graphite» деп аталатын вирус жеке деректерді, соның ішінде құпия сөздер мен банк деректерін ұрлайды (1, 2, 3, 4, 5, 6). Ақпаратты жариялаушылардың жазуынша, вирус топтық чаттар арқылы PDF файл түрінде тарайды және оны ашпасаңыз да автоматты түрде орнатылады. «Алаяқтар қылмыстық мақсатта жәбірленушілердің төлемі туралы ақпаратты алуға тырысады», – деп ескертеді олар.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Алаяқтар WhatsApp мессенжерінде «Graphite» деген вирус таратып жатыр ма?
Желіде тараған ақпараттың скриншоты

Үкім: Жартылай шындық

Біріншіден, «Graphite» деп аталатын бағдарламалық жасақтаманың бары рас және WhatsApp-тың хабарлауынша, ол — израильдік хакерлік бағдарламалық қамтамасыз ету өндірушісі Paragon Solutions компаниясына тиесілі. Бірақ «Graphite»-дің нысаны журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерін қоса алғанда, белгілі бір адамдар болған. Екіншіден, ашық деректен бұл бағдарламалық жасақтаманы алаяқтар адамдардың банк деректерін ұрлау үшін жаппай пайдаланғаны туралы ақпарат таба алмадық. Сондықтан, жартылай шындық деген үкім қойдық.

Толығырақ

NBC News-тің WhatsApp өкіліне сілтеп жазуынша, мессенжердің 90-ға жуық пайдаланушысы израильдік Paragon Solutions компаниясының өнімінің нысаны болды деген күдік бар. Ал британдық Guardian-ның жазуынша, WhatsApp өкілі журналистер мен басқа да азаматтық қоғам өкілдері нысана болғанына «сенімді» екенін айтқан. Дегенмен, WhatsApp болжамды шабуылдарға тапсырыс берген клиенттерді анықтай алмағанын айтқан. Бірақ Guardian басылымы басқа шпиондық бағдарламалық жасақтамалар сияқты, Paragon компаниясының өнімдерін әдетте үкімет пайдаланатынын жазды.

WhatsApp өкілінің айтуынша, шабуыл «жиырмадан астам елде, әсіресе Еуропада» журналистер мен азаматтық қоғам мүшелерін қоса алғанда, бірқатар пайдаланушыларға бағытталған.

WhatsApp өкілі «Graphite-дің» топтық чаттарға қосылған адамдарға жіберілген зиянды PDF файлы арқылы тарағанын айтқан. Одан бөлек, WhatsApp бұл бағдарламаға Paragon-ның қатысы бар деп «сеніммен» айта алатынын жеткізген. Компанияның өкілі қазір шпиондық компанияның тоқтатылғанын айтқан.

Graphite вирусын жұқтырғаннан кейін шпиондық бағдарлама операторы телефонға толық қол жеткізе алады, соның ішінде WhatsApp және Signal сияқты шифрланған қолданбалар арқылы жіберілген хабарламаларды оқуы мүмкін. WhatsApp өкілінің айтуынша, шпиондық бағдарламадан ықтимал зардап шеккен адамдар WhatsApp чаты арқылы хабарланған және шпиондық бағдарламадан қалай қорғану керектігі туралы ақпарат алған.

Контекст

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы Сыбайлас жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) осыған ұқсас жағдай туралы хабарлаған. Онда Pegasus бағдарламалық жасақтамасы арқылы оннан аса елде шамамен 200-ге жуық журналист пен белсендіні аңдылғаны туралы айтылған. Pegasus қызметін, Қазақстан, Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі пайдаланған.

Кейін орталық бұл тізімде қазіргі президент Тоқаевтың да болғанын жазды. Тоқаевты президент болған кезде емес Қазақстанның сенат спикері болған сәтте (2013 жылы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін) тыңдаған.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz