Кейінгі күндері әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та қазақстандықтардың қоғамдық тәртіп бұзғаны үшін 2025 жылы күшіне енетін айыппұлдар туралы хабарлама кең тарап жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6). Бұл ақпарат WhatsApp мессенджерінде де пайда болды.

«Мынандай айыппұл түрлері күшіне енеді» деген тұжырым шын мәнінде жаңа айыппұлдар туралы айтылып жатқандай әсер қалдырады. Бұл ақпаратты пікір қалдырған қолданушылар да дәл солай қабылдап, «айыппұлстанда» өмір сүріп жатырмыз деп сарказммен жазып жатыр.
Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz хабарламаның рас-өтірігін тексеріп көрді.
Үкім: Манипуляция
Бұл айыппұл түрлері бұрыннан бар (1, 2). Жаңа енгізілген өзгеріс – жаңа жылдан бастап АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты айыппұл сомасының ұлғаюы. 2025 жылы бір АЕК 3 692 теңгеден 3 932 теңгеге дейін өседі. Сондықтан бұл жерде жаңа айыппұлдар туралы емес, қолданыстағы айыппұлдар мөлшерінің өсетіні туралы сөз болуға тиіс. Бұған қоса, таратылған хабарламада кейбір айыппұл мөлшерлері қате көрсетілген.
Толығырақ
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін келесі айыппұлдар күшіне енеді» деп алғашқылардың бірі болып блогер және заңгер Әлия Нұрланқызы жазған. Ол өз парақшасында хабарламада көрсетілген сол айыппұлдарды тізіп, формалды тілде сипаттаған. Оның жазбасының мәтіні төменде көрсетілген.
«Хабарландыру!!! 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін келесі айыппұлдар енгізіледі:
- Мемлекеттік рәміздерді қорлау – 11 796 000 теңге;
- Қоқысты подъезде немесе пәтер есігінің алдында қалдыру – 78 640 теңге;
- 22:00-ден кейін тыныштықты бұзу – 19 660 теңге;
- Қоғамдық жерде түкіру – 19 660 теңге;
- Көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау – 19 660 теңге;
- Көлік құралын құжатсыз басқару – 78 640 теңге;
- Автобуста билетсіз жүру – 7 864 теңге;
- Кәмелетке толмаған баланың 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – 11 796 теңге;
- Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – 7 864 теңге;
- Жылдамдықты арттыру – 19 660-тан 117 960 теңгеге дейін;
- Қоғамдық жерде былапыт сөздер айту – 78 640 теңге;
- Мұғалімге немесе дәрігерге тіл тигізу – 39 320 теңге».
Кейінгі таралымдарда «22:00-ден кейін тыныштықты бұзу» «кешкі 10-нан кейін елдің тыныштығын бұзсаң» деп өзгертілген. «Мұғалімді және дәрігерді қорлау» «мұғалім және дәрігерге ұрыссаң» деп берілген, дегенмен бастапқы нұсқасы да тым әсіреленгендей естіледі. Бұдан бөлек, телефонды қолдануға тыйым салынғаны нақты «рөлде отырған кезде» екені көрсетілмей, жай ғана «көлікте» деп жазылған.
Дегенмен, мұндай құқықбұзушылықтар үшін жаза бұрыннан бар. 2025 жылы енгізілетін өзгерістер тек АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты айыппұл көлеміне қатысты болып отыр. Сонымен қатар посттарда кейбір мәліметтер нақты көрсетілмеген және айыппұл сомаларына қатысты қате бар. Бұл адамдарды шатастыруы мүмкін.
- Мысалы, подъезде қоқыс қалдыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 432-2-бабына сәйкес «Жалпы пайдалану орындарын ластау» ретінде қарастырылып, 2025 жылы таратылған хабарламада көрсетілгендей 78 640 теңге емес, 10 АЕК — 39 320 теңге айыппұл салуды көздейді.
- Осы бап бойынша қоғамдық жерде түкіру де жазаланады. 2025 жылғы айыппұл мөлшері хабарламада көрсетілгендей 19 600 теңге емес, 39 320 теңге.
- 78 640 теңге айыппұл жүргізуші куәлігі өзімен бірге болмаған жүргізушіге әлде көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға салынатыны нақты көрсетілмеген. Нақтырақ айтсақ, мәселе екіншісі туралы болып отыр (ҚР ӘҚБтК 612-бабының 2-тармағы).
- Кәмелетке толмаған баланың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемесінде болуына жол бергені үшін (ҚР ӘҚБтК 132-бабының 1-тармағы) 2025 жылы хабарламада көрсетілгендей 11 796 теңге емес, 10 АЕК — 39 320 теңге айыппұл қарастырылған.
- Жылдамдықты асырғаны үшін ӘҚБтК 592-бабына сәйкес айыппұл мөлшері 10 АЕК-тен (2025 жылы 39 320 теңге) 40 АЕК-ке дейін (2025 жылы 157 280 теңге) белгіленген. 40 АЕК мөлшеріндегі айыппұл жақында, желтоқсанның басында енгізілген. БАҚ 60 км/сағ және одан жоғары жылдамдықты асырғаны үшін 3-1 тармағына сәйкес осындай айыппұл салынатынын хабарлаған.
- Медицина, фармацевтика немесе педагогика қызметкерлерін қызметтік міндеттерін орындау барысында қорлағаны үшін 2025 жылы хабарламада көрсетілгендей 39 320 теңге емес, 30 АЕК — 117 960 теңге айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар медицина қызметкерлері мен фармацевтерге құрметсіздік танытқан жағдайда 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы белгіленген.
Осылайша, бұл хабарлама Қазақстанда жаңа айыппұл түрлері енгізілгендей әсер қалдырып қана қоймай, құқықбұзушылықтар үшін айыппұл мөлшерін қате көрсетіп, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратып отыр.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.