Кейінгі кезде медиада Жетісу облысындағы көне петроглифтер туралы дау ара-гідік көтеріліп, жазылып тұрады. Мәселе бетон өндіруші ірі компанияның Талдықорған маңындағы ежелден келе жатқан петроглифтер шоғырланған аймақта шикізат алу үшін жару жұмыстарын жүргізгенінен басталған-ды. Бұған қатысты «Петроглиф ізшілері» қоры Қызылтас жотасына археологиялық зерттеу жүргізгенін, ол жерден көптеген «қола дәуірі мен ерте темір дәуірінің жеке суреттері бар тақталар, сонымен қатар тұтас көріністер табылғанын» хабарлады. Аймақтан репортаж жазған Orda.kz сайты да жарылыс жұмыстары жүргізілген жерде ежелгі сызбалардың барын жазды.

Расымен, Google Earth платформасындағы суреттерден Қызылтас аймағында (Тасбақа тауына бара жатқан жолда) жүргізілген жұмыстардан бір жотаның қаншалықты бүлінгенін көруге болады. Жұмыс басталғанға дейінгі уақыт пен 2024 жылдың 20 сәуіріндегі жотаның күйі мынадай.


Платформаның суреттеріне сай, жотадағы алғашқы жұмыстардың ізі 2018 жылдың 18 тамызында пайда болған.

Factcheck.kz редакциясы бұл жұмысты жүргізген компанияның қайдан шыққаны, иесі кім екені туралы деректерді жинауды жөн көрді.
Жалпы ақпарат
Қызылтас аймағында цемент өндіру үшін шикізат іздеп, жару жұмыстарын жүргізген компания — «Темірбетон» ЖШС. Kompra.kz деректеріне сенсек, «Темірбетон» ЖШС 1999 жылы құрылған. Жылына орта есеппен 669 млн теңге салық төлейді, 2015 жылдан бері төлеген салығының көлемі 6 млрд теңгеге жеткен. Компанияның «гүлдену шағы» Қызылтас аймағында жұмыс жүргізуімен сәйкес келді десе болады, себебі ЖШС тарихындағы ең көп салықты былтыр төлеген. Бір жыл ішіндегі салығы 1,2 млрд теңгеге жеткен.

«Темірбетон» мемлекеттен қомақты қаржы алатын компания. Kompra.kz ақпаратында оның мемлекеттік сатып алуға 169 рет қатысып, оның 85-де жеңгені жазылған. Дегенмен мемлекеттік сатып алу порталында келісім шарттың тек 43-і көрсетілген. Бірақ оның өзі аз емес: компанияның миллиондаған теңгеге келісім шарттары бар. Оның бірі аяқталса, бірі әлі істеліп жатыр. Мысалы 2022 жылы «Алматы облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесімен 1 млрд теңгеге келісім шартқа отырған.

Дереккөз: Мемлекеттік сатып алу порталы
Компаняның лицензиясы да аз емес. Kompra.kz сайтында көтергіш конструкцияларды өндіруден бастап, медициналық іс-шараларға дейін лицензиясы бары жазылған. Лицензияларының толық саны — 168.
Kompra.kz дерегінше, 14 рет азаматтық сотқа қатысқан. Дегенмен бұл толық көрсеткіш болмаса керек, себебі Kompra.kz-те Жетісу облысының жер қатынастары басқармасы мен «Темірбетон» арасындағы сот көрсетілмеген. Істі Жоғырғы сот кабинетінен көруге болады.
Иесі кім?
Kompra.kz сайтында «Темірбетонның» иесі ретінде Азат Ерғалиев көрсетілген, желіде ол туралы дерек аз. Жасы — 33-те. Бірақ компанияның негізгі құрылтайшысы — «АСПМК-519» ЖШС. Forbes.kz сайты 2021 жылы «АСПМК-519»- ды Қазақстанның ірі 50 компаниясының қатарына қосып, 32-орынды берген. Forbes.kz ол туралы келесідей жазады:
«АСПМК-519» ЖШС 2000 жылы құрылған және кернеуі 500 кВ дейінгі электр желілері мен қосалқы станцияларды жобалаумен, салумен, жаңғыртумен және жөндеумен айналысатын бірқатар өндірістік және сервистік кәсіпорындарды біріктіреді. Оның Ресейде, Тәжікстанда, Қырғызстанда және Түркіменстанда филиалы мен бірлескен кәсіпорыны бар.
Forbes.kz
«АСПМК-519» ЖШС расымен бірнеше компанияны біріктіреді. Kompra.kz сайтында оның қарамағында 9 компания бары (бірі «Темірбетон») жазылған. «АСПМК-519»-дың бірінші бастығы Александр Сычев. Оның алты құрылтайшысы бар: екі Елена Сычева, Евгений мен Вадим Немытовтар, Валентина Камарова мен Жанна Сайлибекова.

Негізінде «АСПМК-519» ЖШС-ға бағынатын компания бұдан да көп. Себебі оның құрамындағы компаниялар қарамағында тағы басқа компаниялар бар.
«АСПМК-519» ЖШС-ның нарықтағы ірі ойыншы екенін төлеген салығы көрсетсе керек. Компания 2015 жылдан бері 20 млрд теңге төлеген, оның да салығының шарықтау шегі 2023 жылы болып, бір жылда қазынаға 3,1 млрде теңге түсірген.

Kompra.kz сайтында компанияның 207 лицензиясы бары, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың бірі екені жазылған (64 рет қатысып, 22 рет жеңген). Дегенмен бұл жағдайда да мемлекеттік сатып алу сайтындағы деректер басқаша: компания 31-рет сатып алуға қатысқан, миллиардтаған теңгеге келісім шарт жасаған. Келісімдердің кейбірі орындалып бітсе, кейбірі әлі күшінде.

Дереккөз: Мемлекеттік сатып алу порталы
Сонымен, байқағанымыздай Қызылтас аймағында жұмыс жүргізіп, еліміздің тарихи мұрасы шоғырланған аймақты өндірістік мақсатта пайдаланғысы келген компания да, оның құрылтайшысы да нарықта бұрыннан келе жатқан ірі компаниялар. Олар жыл сайын мемлекеттік сатып алуға қатысып, бюджеттен млрдтаған ақша алады. Сөйте тұра көне ескерткіштерді шикізатқа айналдыруға тырысады… Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы бөлім меңгерушісі Жандос Адамжанов Factcheck.kz редакциясына жұмыс жүргізілген жерде 26 петроглиф жойылып кеткенін хабарлады.
Контекст
Әзірше Қызылтас аймағындағы жұмыстар тоқтап тұр. Жандос Адамжановтың сөзіне сенсек, карьерге басқа жерді беру қарастырылып, Қызылтас, Ордақұл, Еңбек аймақтарында петроглифтерге паспортизация жасалып жатыр. Оның айтуынша, паспортизация біткен соң, анықталған ескерткіштер мемлекет қорғауына алынады.
Басты беттегі сурет «Петроглиф ізшілері» қорынан алынды
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.