27 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Елдос Абақанов орманға қатысты мәселе көтеріп, бірқатар дерек келтірген. Factcheck.kz сайты депутат сөзін тексеріп, қаншалықы шын сөйлегенін анықтады.
Территорияның 11%-ке жуығы орман, сонымен қатар мұның жартысына жуығы сексеуіл егінділеріне тиесілі.
Елдос Абақанов
Үкім: Шындық
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта орман қорының ауданы (барлық орман мен орман шаруашылығын жүргізуге арналған жер жиынтығы) 30,4 млн. гектарды (ел аумағының 11%-і) құрайды, оның 13,3 млн. гектары орман (ормандылық көрсеткіші 4,9%). Сексеуіл барлық орманды алқаптың 50,5%-ін, қылқан жапырақты егінділер 13,5%-ін, жұмсақ жапырақты егінділер 11,7%-ін құрайды.
БҰҰ сарапшыларының Қазақстанда жүргізген талдауы 2003 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде орман шаруашылығының жай-күйінде айтарлықтай оң өзгеріс байқалмағанын көрсетті.
Елдос Абақанов
Үкім жоқ
БҰҰ-ның дәл осы уақыт аралығын осылай бағалағаны жайында құжат таба алмадық. Алайда былтыр БҰҰ мен оның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) біріге жариялаған құжатта соңғы 25 жыл тенденциясы келесідей сипатталады: “Соңғы 25 жылда орман мен орманды жерлердің орташа көлемі жыл сайын 1%-тен сәл көбірек көрсеткіште болып келген. Сол уақыт аралығында қорлар 60 млн текше метрге артқан.”
Алайда 2003-2018 жылды былай қойып, 1988-2020 жылдар аралығындағы көрсеткішті қарасақ, шынымен-ақ айтарлықтай өзгеріс болмағанын көреміз:

Салада бейінді білімі бар маман көрсеткіші бар-жоғы 33%-ті құрайды, оның ішінде жоғары білімі бар маман — 10% және орта арнайы білімі бар маман — 23%.
Елдос Абақанов
Үкім: Жартылай шындық
Депутат нақты орманшыларды не саладағы барлық қызмет дәрежесін меңзегені белгісіз, бірақ оның айтқаны орманшылар дерегіне жақын: орта арнайы және жоғары білімі бар қызметкер көрсеткіші 37%, оның арнайы орта білімі бары — 29%, жоғары білімі бары — 8%.

Республика бойынша орман шаруашылығының 120 коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 5 479 адам жұмыс істейді, оның 334-і әйел. Олардың қызмет дәрежесіне қарай бөлінісін төменнен қараңыз:

Бұл жұмысшылардың 55%-нің жоғары немесе орта арнайы білімі бар, ал қалған 45%-нің орта немесе толық емес орта білімі бар.

Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.