11 қазанда қазақстандық және өзбекстандық медиада “Экономикалық өсу қарқыны бойынша Өзбекстан Қазақстанды, Қырғызстанды және Түркіменстанды басып озды” деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). Медиа-ресурстардың мәтініне сенсек, Халықаралық валюта қоры 2023 жылға арналған болжамды жақсартып, Өзбекстанның экономикалық дамуын бағалауға түзетулер енгізген.
Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.
Үкім: Шындық
Расымен Халықаралық валюта қоры 2023 жылдың қазанының болжамын жариялады. Болжамға сай, жалпы ішкі өнім көлемі 2023 жылдың аяғына дейін Өзбекстанда 5,5%-ке, Қазақстанда 4,6%-ке, Қырғызстанда 3,4%-ке және Түркіменстанда 2,5%-ке өседі. Бірақ Орталық Азия елдерінің ішінде көш бастап тұрған ел Тәжікстан (6,5%).
“Дамыған экономикаларда” бұл болжамның көрсеткіші аз екенін де айта кетейік. Мысалы, АҚШ-тың көрсеткіші 2,1%, ал Еуроаймақтың көрсеткіші 0,7% (оның ішінде Германияныкі -0,5%).
Бірақ бұл таңғаларлық жаңалық емес, себебі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі кейінгі 13 жылда Өзбекстанның көрсеткішінен асып түспеген. 2010 жылы еліміздің ЖІӨ-і 7,3%, Өзбекстанда 7,1% болған, 2011 жылы екі елдікі де 7,5% болып теңессе, одан кейінгі жылдары Өзбекстан Қазақстаннан озып отырған. Тіпті 2020 жылы карантин уақытында еліміздің ЖІӨ-і -2,6%-ке түсіп кеткенде, Өзбекстандыкі 2%-тік өсімін сақтаған. Бірақ Тәжікстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап, 4,4%-ке өскен.
[infogram id=”11e4cae5-c4a1-48ed-b39f-0f2f159c3e09″ prefix=”rjY” format=”interactive” title=”GDP өсімі”]
Контекст
Базалық болжамға сәйкес, әлемдік экономиканың өсімі 2022 жылғы 3,5%-тен 2023 жылы 3,0%-ке және 2024 жылы 2,9%-ке дейін баяулайды, бұл тарихи (2000–2019) орташа 3,8%-тен әлдеқайда төмен. Дамыған экономикалар 2022 жылғы 2,6%-тен 2023 жылы 1,5%-ке және 2024 жылы 1,4%-ке дейін баяулайды деп болжанды, өйткені саясатты қатаңдату күшіне енеді. Дамушы нарықта және дамушы экономикаларда өсу 2022 жылғы 4,1%-тен 2023 және 2024 жылдары 4,0%-ке дейін аздап төмендейді деп болжанып отыр.