Қорғаныс министрлігі медиадағы бейнесін қалыптастыратын мақалаларға 74 млн теңге бөлді

Сәуір айында Қазақстан қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі ақпараттық және имидждік қызметті сатып алу туралы бірден үш хабарландыру жариялады. Оған бөлінген бюджет қаражатының жалпы сомасы 74 млн теңгеден асты. Factcheck.kz редакциясы бұл қызметке қандай келісімшарт қарастырылғанын, бұған дейін қорғаныс министрлігі БАҚ-та өзін-өзі жарнамалауға қанша қаражат жұмсағанын және Қазақстан әскері неге жағымды имидж қалыптастыруға мұқтаж екенін зерттеп көрді.

Мақала үшін 1 млн

Ең ірі 33 900 125 теңгелік тендер Nur.kz сайты тиесілі «Internet Portal Nur» ЖШС-не бұйырды. Қорғаныс министрлігі ұйыммен келісімшартқа 22 мамырда қол қойды, содан кейін келісімшарт сомасы 33 768 313 теңгеге дейін азайды.

Келісімшарттың мақсаты – ақпараттық материалдарды республикалық БАҚ-та жариялау. Құжаттамаға сәйкес, бұл қазақстандық армияның оң имиджін қалыптастыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін жасалып отыр. Мердігер кемінде 25 материалды жариялауға тиіс, яғни бір материалдың құны шамамен 1 350 732 теңге.

Қызметтер эксклюзивті ақпараттық материалдарды (сұхбат немесе мақала) дайындау үшін журналисті іссапарға жіберу немесе ҚР қарулы күштерінің қызметіне байланысты дайын материалдарды ұсыну арқылы көрсетіледі. Басылымның форматын тапсырыс берушімен анықталып, өзімен келісіледі.

Қорғаныс министрлігінің екінші тендерінің жеңімпазы Zakon.kz сайтына иелік ететін «Компания “ЮрИнфо”» ЖШС болды. Бұл қызметтерге 27 889 385 теңге бөлінді. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін сома 24 000 000 теңгеге дейін азайды. Келісімшарттың мақсаты алдыңғысына ұқсас: қазақстандық армияның оң имиджін қалыптастыру және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау.

Мердігер кем дегенде 25 материал дайындауы керек. Яғни, бір материалдың орташа құны 960 мың теңге болады.

Үшінші тендердің жеңімпазы да «Компания “ЮрИнфо”» ЖШС болды. Бастапқыда мемлекеттік сатып алу сомасы 16 750 000 теңге болса, келісімшартқа қол қойылғаннан кейін 16 500 000 теңгеге қысқарды. Қызмет көлемі – сол 25 материал, материалдың орташа құны – 660 000 теңге.

Осылайша, «Компания “ЮрИнфо”» ЖШС-нің екі келісімшартының жалпы сомасы 40 500 000 теңге.

Жалпы, қорғаныс министрлігі 75 ақпараттық материал үшін 74 268 313 теңге төлеуді жоспарлап отыр.

Шарттардың техникалық сипаттамаларында материалдарды өзгерту, соның ішінде мәтіннің мағынасына немесе фотосуреттерді өзгертуге әсер ететін түзетулер тапсырыс берушімен келісілетіні жазылған.

Бұған дейін жарияланған тендерлер

Қазақстанның қорғаныс министрлігі БАҚ-та ақпарат жариялау үшін бюджеттен қаржыны жиі бөледі.

2024 жылы ведомство «Поколение» ЖК-ден аты-жөні көрсетілмеген екі ақпараттық порталда 18 имидждік материалды орналастыруға 11 170 000 теңгеге шарт жасасты. Бір сайттың оқылым саны айына кем дегенде алты миллион бірегей қолданушы, ал екінші сайтттың оқылым саны кем дегенде төрт миллион болуы керек екені белгілі.

2023 жылы Factcheck.kz дәл осы 65235 әскери бөлімі имидждік материалдарды жариялауға жалпы 217 млн теңгеге екі келісімшарт жасасқанын жазған-ды.

Алғашқы келісімшарт 206 113 742 теңгеге Astana TV, Azattyq Ryhy, «Литер» газеті және басқа да басылымдар кіретін Nur Media холдингімен жасалды. Жеткізуші 162 имидждік жарияланымды интернет-порталда және 103 жаңалықтар сюжетін республикалық телеарналарда жариялауға тиіс болды.  

«Время» қоғамдық-саяси газеті тиесілі «”Время” баспасы» ЖШС-мен 11 235 065 теңгеге екінші келісімшартқа қол қойылды. Сипаттамада газетке қанша мақала жариялау керектігі нақтыланбаған. Оның орнына жеткізуші «кем дегенде 3 078, 1 шаршы см көлеміндегі ақпараттық материалдарды» жариялауы керек деп жазылған.

2022 жылы ұқсас тендерлер туралы деректерді таба алмадық, алайда 2021 жылы министрлік БАҚ-та жарнамалық материалдарды жариялау бойынша төрт келісімшартқа қол қойды. Келісімшарттардың жалпы сомасы 70 630 153 теңге.

Оның ішінде 16 071 428 теңге «Хабар» телеарнасына қазақстандық әскер туралы 20 телесюжет үшін, 18 180 000 теңге Zakon.kz сайты тиесілі «”ЮрИнфо” компаниясы» ЖШС-не 36 жарнамалық материал үшін, 18 550 600 теңге Nur.kz интернет-порталына 36 жарияланым үшін және 17 828 125 теңге Tengrinews.kz сайтына иелік ететін «Effective Media Liaison» ЖШС-не 35 имидждік мәтінді орналастырғаны үшін төленді.

2020 жылы ведомство жалпы сомасы 78 509 000 теңге болатын үш жарнамалық келісімшарт жасасты. Оның 24 909 000 теңгесі Nur.kz интернет-порталына 279 имидждік мәтін үшін, тағы 32 500 000 теңгесі KJ Production компаниясына «Алматы» телеарнасында хронометражы 32 минуттық бейнесюжеттерді және «МИР» телеарнасында ұзақтығы 35 минуттық видеоларды орналастыру үшін төленді. Тағы бір келісімшарт KJ Production-мен 33 300 000 теңгеге жасалды, бірақ келісімшарт бұзылғандықтан 21 100 000 теңге ғана төленді. Кәсіпорын «Астана» телеарнасында хронометражы 33 минут болатын сюжеттерді көрсетуге, сондай-ақ «Литер» газетінде 10000 ш.см. және «Егеменде» 8450 ш.см. мақала жариялауы тиіс.

Осылайша, мемлекеттік сатыпалым порталының мәліметінше, 2020 жылдан 2025 жылға дейін қорғаныс министрлігі БАҚ-тағы жарияланымдар арқылы өз жұмысының жақсы жағынан көрсетуге 455 815 658 теңге жұмсаған.

Қазақстан армиясының имиджі

Жоғарыда жазғанымыздай, 74 млн теңгеге жасалған үш келісімшарттың мақсаты өзгелермен қатар «қазақстандық армияның оң имиджін қалыптастыру». Министрліктің алаңы байқалып тұр. Қарулы күштердің жұмысындағы жүйелі бұзушылықтар қоғамдағы күштік құрылымдарға деген сенімсіздікті күшейтеді.

Мысалы, түрлі бағалауларға сай, 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қазақстан армиясында мерзімді, келісімшарт бойынша, курсанттар мен офицерлерді қоса алғанда, 270-тен 300-ге дейін сарбаз қайтыс болды (1, 2, 3). Әңгіме жауынгерлік әрекет туралы емес, бейбіт уақыттағы шұғыл қызмет туралы болып отыр. Оның ішінде 40 суицид, ал басқа да күштік құрылымдарды, соның ішінде ІІМ мен Ұлттық гвардияны қосқанда суицид жағдайлары – 86.

Зерттеушілер мен журналистер өлім-жітімнің негізгі себептерін әскердегі әлімжеттік пен жарғыдан тыс қарым-қатынастар, психологиялық қысым мен нашар қызмет жағдайы, қаруды рұқсатсыз қолдану, ұрып-соғу және зорлық-зомбылыққа ұшыраған әскери қызметшілерге көмек көрсетпеу деп айтады. Мерзімді қызметтегі сарбаздардың өліміне қатысты көптеген резонанстық жағдайларда туыстары мен жұртшылық тәуелсіз тергеу жүргізуді және әскерде реформа жасауды талап етті.

Кейінгі кезде БАҚ-та қазақстандықтарды медициналық комиссиядан өткізу және одан әрі әскерге жіберу үшін көшеден тікелей күштеп алып кететін жағдайлар туралы айтылып жатыр. «Курсив» басылымы 2025 жылдың сәуір айында Алматыда рейд жүргенін, оның барысында жастар кафе-барлардан шыққан кезде ұсталып, арнайы орындарға жеткізілгенін жазды. Куәгерлердің бірі ықтимал әскерге шақырылушыларды азаматтық киім киген адамдар алып кеткенін айтты. Әскери комиссариаттың ғимаратына келгеннен кейін бәрінің телефоны себепсіз тәркіленген. Сосын ұйқыға жататын уақыт болған, бірақ адамның көптігінен бірнеше адам еденде ұйықтаған. Нәтижесінде оны әскери комиссариатта шамамен 12 сағат ұстап, комиссиядан өткеннен кейін жарамсыз деп таныды.

Қорғаныс министрлігі рейдті «әскери міндеттен қашып жүргендерді, әсіресе тіркелген жері бойынша тұрмайтын және шақырту алмаған адамдарды іздеу бойынша жыл сайынғы тәжірибе» деп түсіндірді.

Мұқаба фотосы: Астана әкімдігі сайты

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz