Сәуір айында Қонаев қаласының әкімдігі жұмысын насихаттайтын 100-ден астам имидждік материалды БАҚ-та жариялау үшін ірі тендер жариялады. Бұл сатыпалымның бір қызығы, ол алғашында қаражатты ұтымды игеру мақсатында өшіріліп, екі аптадан кейін бастапқыдан да жоғары сомаға қайта жүзеге асырылған.
Үшінші реттен
10 сәуірде Қонаев қаласы ішкі саясат бөлімі БАҚ-та ақпараттық материалдар мен әлеуметтік бейнероликтерді орналастыру қызметіне 13 392 857 теңгеге тендер жариялады. Алайда сол күні, жарияланғаннан бірнеше сағат өткен соң, тендер тоқтатылды. Оның түсіндірмесінде бюджет қаражатын ұтымды (немесе орынды) игеру мақсатында сатыпалымды тоқтатып, «техникалық сипаттаманы сәйкес келтіру туралы шешім қабылданғаны» көрсетілген (не нәрсеге сәйкестік — құжатта нақтыланбайды). Бұйрыққа ішкі саясат бөлімінің басшысы қол қойған.
Соған қарамастан, 16 сәуірде ішкі саясат бөлімі сол техникалық сипаттамамен порталға дәл сондай хабарландыруды қайта жариялады. Бірақ бұл жолы 26 785 714 теңге бөлінген.
Алайда 17 сәуірде Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл тендерді потенциалды жеткізушілерге қойылған біліктілік талаптарындағы бұзушылықтар үшін жойды. Ұйымдастырушы қатысушылардан серверлердің Қазақстан аумағында орналасуын және әлеуметтік желіде белсенділікті талап еткен. Мұндай талаптар бәсекелестікті шектеп, сатыпалымға тең қатысу қағидатын бұзады.
22 сәуірде Қонаев әкімдігі қайтадан сол сомаға ақпараттық қызметтерге сатыпалым жариялады, бірақ өтініштерді қабылдау бар болғаны екі күнге ғана созылды, бұл тендердің ашықтығы мен бәсекелестілігіне күмән тудырады. Жеткізушілердің байқауға қатысу үшін бұл хабарландыруды көруге және әрекет етуге уақыты өте шектеулі болды.
Бұл жолы ұйымдастырушылар бұрынғы қателерді ескеріп, мүлде ешқандай біліктілік талаптарын жарияламаған. Осылайша, бұл мемлекеттік сатыпалымға теориялық тұрғыда кез келген адам қатыса алатын жағдай қалыптасты.
Жеңімпаз ретінде «Sona Media» ЖШС анықталып, келісімшарт 25 сәуірде 21 200 000 теңгеге жасалды.
Нәтижесінде, 13 млн теңге жұмсауды ұтымсыз деп санаған әкімдік ақырында бөлінетін соманы екі есеге арттырып, сатыпалымды жүзеге асырды.
Критерийлердегі ымыра
Техникалық сипаттамадан байқағанымыздай, бұл сатып алудың мақсаты — жергілікті әкімдіктің жұмысын насихаттайтын 132 имидждік материал жариялау. Бұл жарияланымдар әкімдіктің түрлі мәселелерді шешу жолдарына, қаланың туристік тартымдылығына, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналуға тиіс және «қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын сақтау» мақсатында әсер етуі қажет.
Сипаттаманың алғашқы нұсқасында тапсырыс беруші материалдар жарияланатын ақпараттық басылымға қатысты нақты талаптар қойған. Алайда соңғы нұсқада сол талаптардың кейбірі — атап айтқанда, қызметкерлер саны мен мердігердің әлеуметтік желілердегі жазылушыларының саны — алынып тасталған.
Қалған талаптарға сәйкес, ақпараттық портал тәулік бойы және күн сайын жұмыс істеуі, саясат, экономика, қоғам, тарих, мәдениет, дін және спорт тақырыбын қамтуға тиіс. Имидждік материалдар арнайы айдарларда және басты бетте жарияланып, аптасына кемі үш рет, фото, видеомен бірге жарияланып, басты бетте кемі 24 сағат тұруы керек.
Жоба аясында «Менің қалам — менің тарихым», «Таза қала — жайлы өлке» және «Шешім» деген тақырыптарда видеожарияланымдар түсіру қарастырылған. Әр айдар бойынша айына кемінде екі видео түсірілуі керек. Олардың әрқайсысының ұзақтығы кемінде бес минут болып, мамандық иелері туралы, экологиялық акциялар мен әкімдік жұмысына шолуларды қамтуы қажет.
Сонымен қатар тапсырыс беруші әлеуметтік желіде жарияланған негатив материалдарға апта сайын мониториң жүргізіп, оның нәтижелерін сайтқа жариялауды да талап етеді.
Техникалық сипаттаманың алғашқы нұсқасында бейнероликтер түсірілетін камераға қатысты нақты техникалық сипаттама да болған, бірақ кейін оны алып тастаған.
Бұрын қалай еді?
Осындай мемлекеттік сатыпалым 2024 жылы да өткен. Сол кезде шенеуніктер бұл мақсатқа 25 млн теңге бөлген, ал келісімшарт жасалғаннан кейін сома 22 млн теңгеге дейін қысқарған. Жеңімпаз ретінде «Алатау» телеарнасына тиесілі компания таңдалған.
Өткен жылы әкімдік 40 материалды негізгі сайтқа, ал 80 материалды республикалық телеарналарда (мысалы, «Хабар», «24.kz») көрсету үшін тапсырыс берген. Әкімдік мамандарымен екі апта сайын интервью жариялау ерекше назарда болған. Барлық сұхбаттың жиынтық ұзақтығы кемінде 25 минут болған.
Бейнероликтерде терроризмнің алдын алу шаралары, «Таза Қазақстан» бағдарламасы, жылыту маусымындағы қауіпсіздік, зорлық-зомбылыққа төзімсіздік, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау және т.б. бағыттардағы әкімдік жетістіктері көрсетілуге тиіс еді. Екі видеоролик кемінде 200 мың жазылушысы бар аккаунттарда, тағы біреуі 100 мың жазылушысы бар жергілікті парақшада жариялануы қажет болған. Сонымен қатар видеороликтер қаланың LED-экрандарында көрсетілуі керек еді.
Қызығы, былтыр тапсырыс беруші жеңімпазға қойылатын талаптарды төмендетуге мәжбүр болмаған. Яғни, жеткізушінің әлеуметтік желілерде кемінде 20 мың жазылушысы, ал айлық аудитория қамтуы 100 мың адамнан кем болмауы керек еді. Сонымен қатар бейнекамераның бес бет сипаттамасы жазылған.