Астана әкімдігі жастарға арналған тәрбие курсына 18 млн теңге бөлді

Маусым айында Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігі «отбасы құндылықтарын насихаттау» байқауын өткізуге 8 миллион теңгені қалай жұмсағанын жазған-ды. Белгілі болғандай, Астана әкімдігі де осыған ұқсас бастама ұйымдастырған. Мемлекеттік сатыпалым порталындағы хабарламаға сәйкес, Астанада жергілікті жасөспірімдерге арналған ұлттық тәрбие курсы өтті.

Бұл іс-шараға қанша қаражат бөлінді, бағдарламаның не екенін айтамыз.

Патриотизм, салт-дәстүр және қой сою

Маусымның 3-і күні Астана әкімдігіне қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» департаменті мемлекеттік сатыпалым сайтында «Кемел жігіт – күйеу бала» ұлттық тәрбие курсын ұйымдастыру туралы конкурс жариялады. Курсты өткізіп, ұйымдастыруға 18 миллион теңге бөлінді. Қызмет көрсетуші ретінде «Qaz new techno» ЖШС таңдалды.

Тендерлік сипаттамада оқу курсының екі күн өткені жазылған, бірақ орны көрсетілмеген. Кейінірек Астана әкімдігінің сайтындағы шараны «зияткерлік курс» деп атаған баспасөз хабарламасынан белгілі болғандай, шара шілденің 16-17 аралығында «Бурабай» ұлттық саябағындағы «Жеті қазына» этноауылында өткен. Іс-шараның салтанатты ашылуы «Бәйтерек» монументі алаңында өтті.

Курсты өткізу үшін жеткізуші 14 пен 18 жас аралығындағы кемінде 60 оқушының қатысуын қамтамасыз етуі керек еді. Курс барысында отансүйгіштік сезімді оятуға, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін құрметтеуге бағытталған дәрістер, трениңдер өткен.

Техникалық ерекшелікте шараның бірінші күні ұйымдастырушылар балалардың Қазақстан тарихы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен ұлттық құндылықтар туралы теориялық лекциялар мен викториналар өткізгенін жазған. Ал екінші күні қатысушыларға қой союды, атқа мінуді, садақ атуды, асық атуды және басқа да ұлттық ойындарды үйрету сияқты практикалық сабақтар ұйымдастырылды.

Шараны өткізу үшін жеткізуші төрт киіз үй, салмағы 45 келіден кем емес 15 қой, 120 литр қымыз, бауырсақ, тары, қаймақ және басқа да ұлттық тағамдар сатып алуы, сондай-ақ этноауылды «ұлттық жәдігерлермен» безендіруі қажет болды. Сондай-ақ, қасапшы, «Асық ату», «Тоғыз құмалақ» ұлттық ойындарын үйрететін маман, «Қолға су құю», «Табақ тарту», ​​«Бата беру» дәстүрлерін көрсететін әртістер де жұмысқа қабылданды.

Сонымен қатар, қатысушыларды тасымалдау үшін екі автобус жалданып, бірінші күні 50 адамға, екінші күні 80 адамға түскі ас ұйымдастырылды. Ұлттық киім киіп өнер көрсететін екі жүргізуші – ер адам мен әйел адам және ұлттық аспаптардан құралған ансамбль болды.

Барлық іс-шара фото және бейнероликтермен түсірілді. Нәтижесінде жеткізуші бұл материалдарды БАҚ-қа PR-кампания өткізу үшін жіберген. Жоба кем дегенде бес мың қаралым, сондай-ақ бес әлеуметтік желіде жағымды пікір жинауы керек екендігі көрсетілген. Біз бірнеше бұқаралық ақпарат құралынан оқиға туралы жарияланымдарды таптық (мында, мында және мына жерде).

Айтпақшы, бұл шара бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Ғаламтордағы кілт сөз арқылы іздегенде Атырауда осыған ұқсас курстың бұрын ұйымдастырылғанын табуға болады. Бұл туралы аймақтық БАҚ 2023 жылғы қараша айының басында жазған.

Экстремизмге қарсы күрес және ұлттық құндылық

Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, «Діндерді зерттеу орталығы» департаменті қоғамның түрлі топтары арасында діни мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен адамдарға көмек көрсетеді.

Ұйым негізінен діни экстремизммен күресу бағытында жұмыс істейді. Бұл құрылымның қызметкерлері қазақстандық түрмеде отырған тұтқындарға, шенеуніктерге, мектеп оқушыларына семинар өткізіп, дәріс оқиды.

Сонымен қатар, Қазақстанда экстремистік деп танылған кітаптардың тізімін шығарып, колониялардағы діни әдебиеттерге мониториң жүргізіп, мұғалімдерге мектеп формасының маңызы мен білім беру ұйымдарындағы зайырлық қағидаттарын ұстану туралы айтып отырады.

Ведомство сондай-ақ, «Алғысым шексіз саған, туған жерім» атты дөңгелек үстел, дін тақырыбындағы үздік бейнеролик байқауы немесе «Бейбітшілік, мейірім, бірлік» ұранымен үстел теннисінен турнир әдеттен тыс іс-шараларды ұйымдастырады.

Айтпақшы, «Кемел жігіт – күйеу бала» ұлттық тәрбие курсы да «Діндерді зерттеу орталығының» бастамасы.

Мерекелік шарада Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов, сондай-ақ осы курсқа балалары қатысқан ата-аналар сөз сөйледі. Шенеунік жастарды «Отансүйгіштікке, ауызбіршілікке, елдің тарихы мен мәдениетін ұмытпауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге» шақырса, имам жастарды «рухани ғана емес, кемелдікке жету үшін денені шынықтыру» қажет деді.

Бір қызығы, балаларының өнерін тамашалауға келген ата-аналар үшін «Кәсіпкерлік негіздері» және «Жасөспірім балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас» тақырыптарында танымдық трениңдер ұйымдастырылды.

Астана әкімдігінің баспасөз хабарламасында курстың мақсаты «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, қазақы болмыс пен салт-дәстүрді дәріптеу» деп көрсетілген. Ал Антитеррорлық орталықтың баяндамасында курс «кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизм мен терроризм деңгейін төмендетуге» бағытталғаны айтылған.

Ибалы қазақ қызы курсы

Мұндай «білім беру курстары» тек ұлдарға ғана емес, қыздарға да арналған. Тамыз айында «Діндерді зерттеу орталығы» «Қызым, саған айтам…» атты шара ұйымдастырып, оған 12 мен 20 жас аралығындағы 40 қыз қатысқаны туралы хабар шықты.

Бұл курстың мақсатын қалалық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев былайша баяндады: «Бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана. Демек, қыз тәрбиелеу – тұтас ұлтты тәрбиелеу деген сөз».

Нәтижесінде «Ұлтты тәрбиелеу» үшін қатысушыларға ашытқы дайындау, бауырсақ пен шелпек пісіру, қамыр илеу, табақ тарту бойынша шеберлік сабақтары өтті. Сондай-ақ оларға қолөнер, сән көрсетілімі, ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды әзірлеу және ұлттық киімдер көрсетілді. Әрбір қатысушыға кәдесый ретінде қазақтың ою-өрнегі бар тақиялар мен шопер берілді.

Сонымен қатар, қатысушылардың аналарына «Алғашқы медициналық көмек» және «Жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас» тақырыптарында ұлттық құндылықтарға негізделген танымдық дәрістер мен семинар-трениңдер ұйымдастырылды.

Өкінішке қарай, мемлекеттік сатыпалым сайтында бұл туралы ақпарат жоқ болғандықтан, бұл оқу курсына мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін біле алмадық. 

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz