Алматы билігі шетелде қала имиджін жасау және шетелдік туристерді мемлекет есебінен тарту ісінде көш бастап тұр. Көбіне бұл медиадағы жарнама немесе әртүрлі PR-науқан жүргізу арқылы іске асып жатады.
Осы жолы Алматы әкімдігі үйреншікті жолынан тайып, туристер тарту үшін дрондар шоуын ұйымдастыруды шешіпті. Factcheck.kz редакциясы бұл қандай іс-шара екенін, оған салық төлеушілердің қанша қаржысы кететінін зерттеп көрді.
500 квадрокоптерге 71 миллион
25 маусымда Алматы қаласы туризм басқармасы дрондар шоуын өткізу туралы хабарлама жариялады. Оны ұйымдастыруға 71 428 571 теңге бөлінген. Материал жазу барысында тендер өтініш қабылдау статусында болды. Оның уақыты 18 шілдеде аяқталады.
Тендер сипаттамасына сәйкес, дрондар шоуы — «дрондар аспанда әсерлі көрініс, жарық шоуы мен хореографиялық композициялар жасау үшін қолданылатын естен кетпес іс-шара». Оның қашан өтетіні нақты айтылмаған, шамамен 2024 жылдың 3-4-тоқсанына жоспарланып отырған көрінеді.
Шоудың өзі 20 минутқа созылып, оған 500 дрон қатысады. Олар кемінде 100 метр биікке көтеріліп, 300 метрден аспайтын фигуралар жасайды. Әр квадрокоптер жерден жақсы көрініп тұруы үшін 10 ватт қуаты бар жарықдиодты шаммен жабдықталады.
Техникалық сипаттамада шоудың қандай мерекеге орай жасалатыны айтылмаған. Бірақ концепция жасау, идея мен сценарий тапсырыс алушының мойнында болатыны, тек туризм басқармасының мақұлдауымен қабылданатыны айтылған. Концепция келісімшарт жасалған соң 10 жұмыс күннің ішінде 3D-презентация түрінде ұсынылуға тиіс.
Тендер сипаттамасының соңғы бөлімінде шоудың 2024 жылға арналған туризм саласындағы ұлттық жобалар аясында жасалатыны айтылған. Сондықтан оны өткізбес бұрын және одан кейін де әлеуметтік желілерде, кемінде он жергілікті, бес шетелдік баспасөз құралында жарнамалық материал жариялауы керек.
Дрондар шоуы — жаңа салют
Кейінгі жылдары Қазақстандағы қалаларының жергілікті билігі дрондар шоуын жиі ұйымдастырып жүр. Әсіресе, ұлттық мереке бұл шоусыз өтпейтін болған. Бұған оның әсері мен ұйымдастыруының қиын болмауына байланысты шығар.
Осындай шоудың бірін 6 шілде күні Астанада ЭКСПО маңында өтіп, Қала күніне арналды. Мемлекеттік БАҚ ақпаратынша, іс-шараға 1 250 қашықтан басқарылатын аппарат, оның ішінде 70 пиротехникалық дрон қолданылған. Квадрокоптерлер аспанда Жердің, Қазақстан картасының, Шаңырақтың, Астана елтаңбасының және басқа да фигураларды шығарған (мысалдар мына, мына және мына жерде).
Нәтижесінде билік шоуға 100 мыңнан астам адам келді деп есеп берді. Алайда бұл біршама проблема туғызған. BES.media журналистерінің жазуынша, ЭКСПО аумағы мен саябақ көп адамға арналмаған. Сондықтан жиналғандар газон мен бұталарды зақымдап, жақын маңдағы жолдарда көлік коллапсы пайда болған.
Осыған ұқсас тағы бір шоу Алматыда 8 наурызда Халықаралық әйелдер күніне орай өтті. Онда 450 дрон 16 жарық инсталляциясын көрсеткен. Олардың арасында сәукеле киген қыздың мүсіні, білезік таққан әйелдің қолы бар. Ұйымдастырушылар осылайша «қазақстандық әйелдерді мерекемен құттықтағысы келгенін» айтты. Көрініс 15 минутқа созылды.
Баспасөз хабарламасында жаңа формат «алматылық дәстүрге айнала алатыны, экологияға зиян тигізбейтіні және классикалық салютқа жақсы балама екені» айтылған.
Бір айта кетерлігі, бұрын мұндай шоуды өткізу қанша тұратынын білу мүмкін болмады. Мемлекеттік саты палу порталында мұндай тендердің өткізілгені туралы ақпарат табылмады, ал жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығында билік шараның демеушілер есебіне ұйымдастырылғанын айтты.
«Серпіліс әкелетін жобалар» мен проблемалары
Қазақстанда дрондар шоуы жайдан жай танымал болып кетпегенін айта кету керек. Ең негізгі міндеттердің бірі— туристер тарту екені Алматы қаласы туризм басқармасының тендерінде ішінара айтылған.
Алдағы дрондар шоуы 2024 жылғы туризм саласындағы ұлттық жобалар аясында ұйымдастырылмақ. Бір жыл бұрын Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласында серпіліс әкелетін кемінде он бес ірі жоба керек деген еді. Президент оның басқа мемлекеттердің деңгейінен қалып бара жатқан соң қажет екенін атап өткен.
Кейін «серпіліске әкелетін жобалар» қажет екенін бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов та айтты. Осыған қатысты Үкімет отырысы өтіп, елдегі туризмді дамыту шаралары талқыланды.
Тура сол кездесуде шенеуніктер елге келіп жатқан туристердің көбейіп жатқаны туралы жарыса есеп берді. Ал кейін туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қазақстан коронавирусқа дейінгі деңгейге қайта оралғанын, 2023 жылы елге небәрі 9,2 млн шетел азаматы келгенін айтты. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы орналасу орындары 1,08 млн шетелдікке қызмет көрсеткен. Олардың 523 мыңы жеке мәселелерімен келгендіктен, оларды туризмге қосуға келмейді, ал 561 мың адам іскерлік және кәсіби мақсатта келген. Туристердің барлығы оналасу орындарына түспейтінін болжаған күннің өзінде, олардың саны тоғыз миллионнан аз екені анық.
Туризмнің мұндай статистикасын ескере отырып, ондаған миллион теңгенің жиырма минуттық шоуға, елге туристер тарту үшін медиаға жарнама беруге жұмсаудың қаншалықты негізі бар екені түсініксіз.