Қазақстан билігі азаматтар арасында «қоғам көңіл-күйін» анықтау үшін түрлі сауалнамалар мен зерттеулер жүргізуді әдетке айналдырған. Алайда Ақтөбе облысында бұдан бөлек, қоғамда «оптимизмді дамыту» жұмыстарына да қаржы бөлінген. Factcheck.kz мемлекеттік сатыпалым порталында жарияланған қызық бір хабарландыру тапты.
«Оптимизмге» 4,5 млн теңге
5 ақпанда Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы «қоғам оптимизмін дамытуға» бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша тендер жариялады. Азаматтардың көңіл-күйін көтеру үшін 4,5 млн теңге қарастырылған. Тендердің жеңімпазы ретінде «Атамекен» студенттік жасағының жастар қоғамдық бірлестігі танылғанымен, келісімшарт әлі жасалған жоқ.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, әкімдік қызметкерлері қоғамдағы оптимизм деңгейін арттыруды «мемлекеттік бағдарламалар туралы халыққа ақпарат беру және түсіндіру жұмыстары» арқылы жүзеге асырмақ. Бұл үшін жеткізуші компания кемінде алты адамнан тұратын екі ақпараттық топ құруы тиіс. Бұл топтарға қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылыми немесе шығармашылық зиялы қауым мүшелері кіреді. Олар облыстың әртүрлі ауданына барып, тұрғындармен кездесулер өткізеді.
Қызығы, шенеуніктер бұл жұмысты ең алдымен сотталғандар мен пробация бақылауында тұрған азаматтардан бастамақ. Ақпараттық топтар пробация қызметінде есепте тұрғандар мен сотталғандар үшін төрт сағаттық семинар өткізуі керек. Оның мақсаты – олардың «мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардарлығын арттыру». Әр трениңге кемінде 30 адам қатысуы тиіс.
Жалпы, жеткізуші ұйым 12 ауданның халқымен кемінде 60 кездесу өткізуі керек. Ақпараттық топ мүшелеріне тамақтану, жол және тұру шығындары өтеледі.
Сонымен қатар, жоба аясында 400 брошюра басып шығарылып, кездесулерде таратылуы тиіс. Барлық іс-шаралар әлеуметтік желіде кеңінен насихатталады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 30 қазанға дейін.
Халықты сауалнамаға тарту
Мемлекеттік сатыпалым порталындағы мәліметтерге қарағанда, Ақтөбе облысының әкімдігі кейінгі уақытта азаматтардың «көңіл-күйіне» қатысты қатты алаңдайды. Мысалы, облыстық ішкі саясат басқармасы «халықтың өмір сүру сапасын бағалау» үшін 3 571 428 теңге бөлген. Бұл қаражат тұрғындар арасында сауалнама жүргізуге арналған.
Сонымен қатар, әкімдік өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі процессін анықтау үшін тағы 3 571 428 теңге бөлген. Бұл зерттеу азаматтардың «әлеуметтік көңіл-күйін», сондай-ақ олардың әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерге көзқарасын бағалауға бағытталған.
Тендер ұйымдастырушылары бұл мемлекеттік сатыпалым халықты алаңдататын өзекті мәселелерді анықтауға көмектеседі деп мәлімдейді. Алайда техникалық сипаттамада зерттеудің негізгі міндетінің бірі ретінде «өңірдегі наразылық көңіл-күйінің тенденциясын анықтау» және «халықтың митиңдерге қатысу белсенділігін бағалау» жеке жазылған.
Ақтөбе облысы билігі тағы бір осындай тендерді (3 571 428 теңге) жариялаған. Бұл жолы олар «өңірдегі бес өзекті мәселені анықтауға» бағытталған жедел сауалнама жүргізуді көздейді. Бұл зерттеудің мақсаты – «қоғамдағы кез келген әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси оқиғалар мен мәселелерді талдау».
Тағы бір ескеретіні, аталған әрбір сауалнамаға үш мың адамнан қатысуы керек.
Оптимизмге негіз бар ма?
Халық арасында қандай мақсатпен сауалнама жүргізілсе де, Ақтөбе облысының тұрғындарының билікке айтары аз емес. Өңірде шешілмеген мәселелер жеткілікті.
Мысалы, 2024 жылғы қазан айында «Азаттық радиосы» Шілісай ауылының жағдайы туралы жазды. Бұл ауылға шенеуніктер тоғыз жылдан астам уақыт бойы ауызсу тарта алмай келеді. Жергілікті тұрғындар «билік өкілдерінің табалдырығын тоздырғандарын», алайда тек құрғақ уәде естіп, ешқандай нақты нәтиже көрмегендерін айтқан.
Бұған қоса, ауылдағы бірде-бір көшеге асфальт төселмеген. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік бұл мәселені шешуге уәде бергенімен, жол құрылысы әлі басталмаған. Соның салдарынан жаңбырлы күндері ауыл батпаққа белшесінен батып, тұрғындар үйлерінен шығуға қиналады.
Жол құрылысына қатысты мәселе тек бұл ауылда ғана емес, бүкіл өңірде байқалады. 2024 жылғы қазанда Ақтөбе облысы жемқорлыққа қарсы агенттігі Автомобиль жолдары басқармасы мен Мәртөк, Қобда және Ырғыз аудандары әкімдіктерінің жол салу және жоспарлау жұмыстарын орындай алмағанын мәлімдеді. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу кезінде адал емес мердігерлердің мүдделерін қолдау және әкімдіктер тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына немқұрайлы қарау фактілері де анықталған.
2025 жылдың басында Ақтөбе облысы әкімдігінде бірден төрт басқарма басшысының қызметінен босатылуына байланысты тағы бір дау шықты.
Сонымен қатар, былтыр өңір тұрғындары үшін үлкен апатқа айналған көктемгі су тасқынын да еске түсіруге болады. Төтенше жағдай қызметі мен коммуналдық мекемелер тасқынға дайын болмай шықты. Соның салдарынан көптеген үй су астында қалып, билік төтенше жағдай жариялап, азаматтарды тікұшақпен, қайықтпен және басқа да арнайы техника көмегімен эвакуациялауға мәжбүр болды.