Желтоқсанның аяғында әлемдік БАҚ-та кәсіби спорттағы гендерлік теңсіздіктің кезекті оқиғасы туралы жаңалық тарады. Бұл жолы трамплиннен шаңғымен секіру турнирінде әйелдер арасындағы іріктеу кезеңіне қатысушыларға жеке гигиена заттарының жиынтығы беріліп, ал ерлер арасындағы сол деңгейдегі жарысқа қатысушылар ақшалай сыйақы алғаны туралы хабарланды (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8).
Factcheck.kz редакциясы мұндай гендерлік айырмашылықтың себебін анықтап көрді.
Селина Фрайтаг алған сыйлық
Трамплиннен шаңғымен секіру бойынша екі дүркін әлем чемпионы Селина Фрайтаг 30 желтоқсанда өткен «Екі түн турының» іріктеу кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, ерекше сыйлық алды — сусабын, душқа арналған гель және төрт сүлгі. Демеуші ұсынған сыйлық жинағы көпшіліктің таңданысын тудырды, өйткені дәл осындай ерлер турнирінде Төрт трамплин турына іріктеуде жеңіске жеткен спортшыларға шамамен 3 200 еуро көлемінде ақшалай сыйақы берілген.
«Ерлер турнирінде іріктеудегі жеңіс үшін үш мың швейцарлық франк (3 200 еуро) беріледі. Ал маған душқа арналған гель, сусабын және төрт сүлгі салынған сөмке берілді. Бұған қарап, ұйымдастырушылар: “Кешіріңіз, сізге 500 франк та жоқ” дегісі келгендей. Шағымданғым келмейді, бірақ айырмашылық айдан анық», — деп мәлімдеді Селина Фрайтаг.
Анықтама: Гармиш-Партенкирхен қаласында өткен Екі түн туры әйелдер арасында трамплиннен шаңғымен секіру бойынша ең маңызды кезеңдердің бірі. 2023 жылы бастау алған бұл турнир Жаңа жыл мерекелері кезінде ұйымдастырылып, 1952 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ерлер арасындағы Төрт трамплин турнесінің баламасы саналады. Айырмашылығы — жарыс ұзақтығында: әйелдер екі күндік жарыс өткізсе, ерлер төрт күн бойы бақ сынайды. Екі күндік турнирдің жеңімпазы 10 мың франк (10 600 еуро), екінші және үшінші орын алған спортшылар бес және үш мың франк алады. Ал ерлер арасындағы жарыс жеңімпазына 100 мың еуро беріледі.
Мұндай айқын теңсіздік, әсіресе, кәсіби қауымдастықта үлкен наразылық тудырды. Трамплиннен секіру бойынша Солт-Лейк-Ситидің Олимпиада чемпионы Свен Ханнавальд ұйымдастырушыларды сынға алып, Селина Фрайтаг алған сыйлықты eBay платформасында қаншаға сатуға болатынын тексеру керек деп сарказм білдірді. Ол сондай-ақ, мұндай ұят сыйлық туралы алдын ала білгенде, таңертең вокзалға барып, қайыр сұрап, Селинаға лайықты сыйақы жинап берер едім деп қалжыңдады.
Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясының (FIS) жарыс директоры Сандро Пертиле гендерлік теңсіздік мәселесін білетінін және бұл жағдайды түзетуге тырысатынын мәлімдеді:
«Бұл күннің біз үшін жағымды жағы жоқ. Мұның теңсіздік көрінісі екенін мойындаймыз және осы айырмашылықты жоюға тырысамыз. Нақты жоспарды анықтап жатырмыз. Бірақ айқын мақсатымыз – ерлер мен әйелдердің жағдайын теңестіру», – деді ол.
Танымалдық мәселесі
«Сусабын гейті» (Уотергейт жанжалына ұқсатып) деп аталып кеткен бұл оқиғаға қатысты наразылық пікір білдіргендер арасында спорттың да шоу-бизнес заңдылықтарына бағынатынын, яғни спортшылардың табысы олардың көрермен арасындағы танымалдығына байланысты екенін атап өткендер болды.
«Екі түн турнирі» мен «Төрт трамплин турнирін» салыстырғанда соңғысының артықшылығы айқын: ерлер жарысы екі күнге ұзағырақ болды және әйелдер жарысынан бірнеше есе көп көрермен жинады. Мәселен, Гармиш-Партенкирхендегі турнирдің ерлер кезеңіне 10 мың көрермен жиналса, әйелдер жарысына тек 3 мың адам ғана қатысты.
«Бұл талқы барысында нақты түсіну керек нәрсе осы. Спорт түрінің мәртебесін FIS, қауымдастықтар немесе ұйымдастыру комитеттері емес, нарық анықтайды», – деді Неміс шаңғы қауымдастығының спорттық директоры Хорст Хюттель t-online басылымына берген сұхбатында.
Алайда мұндай көрермен санының айырмашылығына ұйымдастырушылар да жауапты екенін атап өткен жөн. Әйелдер жарысы – бұл турнирлер тобына жақында қосылған жаңа жарыс түрі, бірақ ол жарыс алдында БАҚ-та жеткілікті деңгейде жарнамаланбады. Сонымен қатар әйелдерге арналған іріктеу кезеңі кешкі уақытта, ерлер жарысынан кейін өтті, ал шаршаған көрермендер әйелдер кезеңінің басталуын күтпестен үйлеріне тарады. Ұйымдастырушылардың дауыс зорайтқыш арқылы көрермендерді соңына дейін қалуға көндіру әрекеттері айтарлықтай нәтиже бермеді.
Бірақ көрермендердің қызығушылығы – жалғыз критерий емес. Көбіне жүлде көлемі – тіпті жүлденің болуы – ұйымдардың ережелерінде көрсетіледі. Мәселен, Хорст Хюттельдің айтуынша, FIS ережелеріне сәйкес әйелдер арасындағы трамплиннен секіру бойынша іріктеу турларында ақшалай жүлде беру міндетті емес.
Бұл ережелер FIS жүлде қорларының айырмашылықтарын да көрсетеді. 2021/2022 маусымында FIS ерлер арасындағы Әлем кубогы жарыстарында ең үздік 30 спортшының арасында шамамен 67 мың еуро бөлді. Ал әйелдер үшін жүлде қоры небәрі 24 мың еуро болды. Оның үстіне, ерлерге қарағанда, әйелдерге жүлде тек үздік жиырмалыққа ғана төленді.
Десе де, Әлем кубогының жарыстарын өткізетін ұйымдастыру комитеттеріне байланысты спортшылар жеңіске жеткені үшін қосымша бонус ала алады. Бірақ әрбір комитет қандай бонус беру керектігін өздері шешеді.
«Әлем кубогын өткізетін орындарының әрқайсысының, әрине, өзінің бизнес-жоспары бар. Кейбір жоспарларда, мысалы, Виллингендегі жарыстарда бонус қарастырылған. Бірақ менің ойымша, бұл ерекше жағдай болды. Гармиште немесе Лиллехаммерде мүлде ештеңе болған жоқ», — деп түсіндіреді Хорст Хюттель.
Спортшы әйелдер мен белсенділерге Төрт трамплин турнесіне ұқсас жарыстарға қатысу мүмкіндігін алу үшін көп уақыт қажет болғанын айта кету керек. Әйелдер жарыстарын Турне бағдарламасына енгізу керек деген әңгімелер көп жыл бойы айтылып келеді, бірақ әзірге бұл тек әңгіме деңгейінде қалып отыр.
Сонымен қатар Хюттель маусым аяқталғаннан кейін Төрт трамплин турнесіне қатысты өтетін кездесуде әйелдерді қосу мәселесі күн тәртібіндегі басты сұрақ болатынына уәде берді.
2021 жылы Селина Фрайтаг әйелдердің ерлермен тең дәрежеде Төрт трамплин турнесіне қатысу мүмкіндігін алуын қолдаған еді: «Бірдей ережелер, бірдей жағдайлар, бірдей трамплин биіктігі» — деп мәлімдеді трамплиннен секіруші журналистерге.
Ұйымдастырушыларға әйелдерге арналған қысқартылған турнирді (Екі түн туры) өткізу үшін тағы үш жыл қажет болды. Ал қазіргі жанжалдан кейін әйелдердің жарыстарға толыққанды қатысуы қашан мүмкін болатыны белгісіз. Себеп ретінде қажетті инфрақұрылым мен трамплиндердегі жарықтандырудың жеткіліксіздігі аталады. Төрт жылда олимпиадалық нысандарды салуға болатыны (1, 2), бірақ Германиядағы ең танымал спорттық жарысқа арналған бірнеше трамплинді жаңғыртуға болмайтыны туралы сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр.
Гендерлік айырмашылық
2017 жылы Sporting Intelligence компаниясы жүргізген спортшылардың жалақысы бойынша жаһандық зерттеуге сәйкес, элиталық спортшылар арасында әйелдер ерлердің табысының орта есеппен тек 1%-іне ғана жететін жалақы алады.
2024 жылы Forbes нұсқасы бойынша ең көп табыс табатын 50 спортшының қатарына бірде-бір әйел спортшы кірмеген. Сонымен қатар ең табысты спортшының кірісі ең көп табыс табатын әйел спортшының кірісінен 7,5 есе артық.
Гендерлік айырмашылықтың көптеген себебі болуы мүмкін: әйелдер спортының медиада аз көрсетілуі — соның салдарынан халықтың қызығушылығы аз болуы; жарнамалық келісімшарттардың аз болуы; балалар мен жасөспірімдер арасындағы әйелдер спортына қаржыландырудың жеткіліксіздігі және, әрине, сексизм.
Әйелдер спорт жарыстарына деген қызығушылық біртіндеп өсіп келеді. Көптеген адам әйелдер арасындағы матчтар мен жеке жарыстардың трансляцияларын көре бастады. Әйелдер спорт жарыстарының жалпы спорттық трансляциялардың экран уақытының бестен бір бөлігінен аз екеніне қарамастан осындай көрсеткіш бар.
Сонымен қатар спорт ұйымдары да спортшы әйелдерге қолдау көрсетуде қадам жасай алады. Мұндай мысалдар аз емес.
Мысалы, теннисте тең жүлде қоры 1973 жылы АҚШ Ашық чемпионатында Билли Джин Кингтің қолдауының және Әйелдер теннис қауымдастығы құрылуының арқасында енгізілді. Содан бері төрт ірі теннис турнирінде (АҚШ Ашық чемпионаты, Аустралия Ашық чемпионаты, Франция Ашық чемпионаты және Уимблдон) теннисші ерлер мен әйелдерге тең жүлде төленеді. Кәсіби сквош қауымдастығы, Дүниежүзілік серфиң лигасы және басқа ұйымдар да ерлер мен әйелдер үшін жүлде қорын теңестірген.