Шизофрения туралы мифтер

Шизофрения мен басқа да психикалық ауытқуларды емдеудегі басты мәселелердің бірі – бұл ауруларға қатысты стигматизация. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) психикалық денсаулық туралы қате түсініктер мен алдын ала қалыптасқан көзқарастар адамдарды қоғамда да, заң деңгейінде де кемсітуге алып келетінін айтады. Мысалы, стигма психикалық денсаулық саласына бөлінетін қаржының аздығына себеп болып отыр. Көптеген елде бұл саланың басқа медициналық қызметтерге қарағанда беделі төмен саналады.

Стигматизация психикалық ауытқулар мен шизофрения туралы ескірген көзқарастардан да туындайды. Бұл терминнің ашылғанына жүз жылдан астам уақыт өтсе де (1, 2, 3), оны жын-шайтанның азғыруы, жынмен байланыстыратын жалған түсініктер әлі күнге дейін бар.

Сыртқы стигматизациядан бөлек, шизофрениямен ауыратын адамдар өздерін де кемсітіп, бұл қоғамда өз орнын табуға, оның ішінде білім алуға, жұмыс істеуге, әлеуметтік өмірге араласуға деген ынталарын төмендетеді.

Factcheck.kz редакциясы шизофрения туралы кең таралған қате түсініктерді талдады. Бұған психиатр-дәрігер Асанәлі Сушенов көмектеседі.

№1 миф: «Шизофрения кезінде әрдайым галлюцинациялар болады»

Үкім: Жалған

Шизофрения – бірыңғай диагноз емес, әртүрлі симптомдардан көрініс табатын жағдайлар спектрі. Бұл ауруда кейбір белгілер анық байқалса, басқалары мүлде болмауы мүмкін. Галлюцинациялар – шизофренияның мүмкін болатын белгілерінің бірі, бірақ бұл әрбір науқаста кездеседі дегенді білдірмейді.

Мамандар шизофренияның бес негізгі белгісін ерекше атап өтеді (1, 2):

  • Сандырақ – шындыққа жанаспайтын, бірақ адам мызғымас сеніммен қабылдайтын қате нанымдар. Мысалы, біреу ойларын, сөзін немесе әрекетін бақылап отыр деген сезім.
  • Галлюцинациялар – өмірде жоқ нәрселерді көру немесе есту. Ең жиі кездесетіні – дыбыстық галлюцинациялары (мысалы, дауыстар), бірақ сонымен қатар көру, иіс сезу, жанасу немесе дәм сезу түрінде де болуы мүмкін.
  • Шашыраңқы немесе байланыссыз сөйлеу – ойын тұжырымдау қиынға соғып, адам бір тақырыптан екіншісіне секіріп отыруы мүмкін немесе сөзі мүлде түсініксіз болуы ықтимал.
  • Байланыссыз немесе оғаш қылықтар – мысалы, адамның күтпеген жерден бұрылуы, ұзақ уақыт бойы бір қалыпта қалуы немесе мүлде қозғалыссыз қалуы.
  • Теріс симптомдар – мотивацияның төмендеуі немесе күнделікті істерді орындау қабілетін жоғалту. Сондай-ақ бет-әлпеттің, дауыс ырғағының эмоциясыз болуы және монотонды сөйлеу.

Асанәлі Сушеновтың сөзінше, шизофрения бір сәтте пайда болатын дерт емес — оның кезеңдері болады. Алғашқы сатысында адамда күнделікті істерге деген қызығушылықтың төмендеуі, мазасыздық, ашуланшақтық, күйзеліс, әлеуметтік оқшаулану, сондай-ақ ұйқының бұзылуы байқалуы мүмкін. Кейін бұл жағдай психоздың жедел кезеңіне ауысуы ықтимал. Бұл кезең екі түрден тұрады: сандырақ ойлар мен галлюцинациялар.

Психоз — адамның шындық пен қиялды ажырата алмауына әкелетін белгілер жиынтығы. Мұндай қабылдау бұзылысы әртүрлі психикалық немесе физикалық себептерден туындауы мүмкін. Көп жағдайда психоз дәрімен немесе өзге де ем түрлерімен емделеді.

Галлюцинациялар шизофренияның «айқын белгісі» ретінде қарастырылғанымен, диагноз қою үшін міндетті шарт емес. Тіпті кей науқастарда олар мүлде кездеспеуі мүмкін. Шизофренияны анықтау кезінде адамның жұмысқа қабілеттілігіне, адамдармен қарым-қатынасына әсері және төменде көрсетілген белгілердің кем дегенде екеуінің бір ай көлемінде байқалуы ескеріледі.

Шизофрения әртүрлі формада байқалуы мүмкін. Галлюцинациялар орнына адамда сандырақ ойлар — шындыққа сәйкес келмейтін наным-сенімдер болуы ықтимал. Мысалы, ол өзін аңдып жүргендер бар деп ойлауы, паранормалды қабілетке ие екеніне сенуі, ой оқи алатынына немесе өмір мен әлем жайлы құпия шындықтарды білетініне кәміл сенуі мүмкін. Бұл жағдайдың өзі шизофренияның негізгі белгісі саналады.

Асанәлі Сушенов

Психиатрдың айтуынша, көпшіліктің басты қатесі — дер кезінде, яғни аурудың бастапқы кезеңінде маманға жүгінбеуінде. Кейде шизофренияны басқа психикалық бұзылыстармен шатастырып алуы да мүмкін. Бұған қоғам тарапынан болатын стигматизация да, адамның өз-өзіне стигма қоюы да себеп болуы ықтимал.

Адамдар өзін «тіркеуде тұрмын», «жақыным тіркеуде тұр» деп қабылдайды. Бұлай қабылдау — дұрыс емес. «Психологқа баруға қорқамын» деген де — ішкі кедергі. Адамдар психотерапевтке немесе психологқа бара бермейді.

Асанәлі Сушенов

Жағдайды қиындататын тағы бір жайт — шизофрениямен ауыратын адам жайлы қоғамда қалыптасқан клише. Медиада мұндай адамдарды көбінесе шашы ұйпа-тұйпа, көзі кіртиген, түрі күңгірт, үнемі ашулы күйде көрсетеді. Ал іздеу жүйесінде «шизофрения» деген сөзді тергенде, көбінесе «көп тұлғалы» адамдардың бейнесі шығады. Бұл шын мәнінде мүлдем басқа диагнозға — диссоциативті сәйкестік бұзылысына — тән симптом.

Алайда шизофренияны емдеуде қоғамның рөлі өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы емдеудің тиімді болуы үшін науқастың, оның отбасын, жергілікті қауымдастықтың белсенді қатысуы қажет екенін ерекше атап өтеді.

№2 миф: «Шизофрения — тұқым қуалайтын ауру»

Үкім: Манипуляция

Шизофрениямен ауыратын туыстары (әсіресе ата-анасы немесе жақын туыстары) бар адамдардың бұл ауруға шалдығу қаупі жоғары болғанымен, мамандар бұл дерттің нақты бір ғана себебі жоқ екенін айтады.

Шизофренияның үш негізгі себебі болуы мүмкін:

  • ми жасушалары арасындағы байланысты жүзеге асыратын химиялық сигналдардың тепе-теңдігінің бұзылуы;
  • жүктілік кезіндегі мидың дамуындағы ауытқулар;
  • мидың әртүрлі бөліктері арасындағы байланыстың үзілуі немесе әлсіреуі.

Біз әрқашан барлық факторды бірге қарастыруымыз керек. Шизофрения тек бір ғана себеппен пайда болады деуге болмайды. Мысалы, екі адам бірдей күрделі жағдайға тап болды делік — бірінде ауру пайда болуы мүмкін, ал екіншісінде — мүлде байқалмайды. Бұл — бірінші адамның бойында бейімділік болғанын көрсетеді.

Асанәлі Сушенов

Дәрігердің айтуынша, кез келген соматикалық немесе психикалық ауруды зерттегенде биологиялық, психологиялық және әлеуметтік үш негізгі фактор ескеріледі.

Биологиялық фактор – адамның ауруға бейімділігін білдіреді. Алайда бұл бейімділік сыртқы әсерлермен де анықталады. Мысалы, адамның өсу ортасы шешуші рөл атқарады. Сондай-ақ ми жарақаттары да шизофренияның дамуына ықпал етуі мүмкін.

Яғни, шизофрения – ген мен сыртқы ортаның өзара әрекеттесуінің нәтижесі. Бірқатар фактор бұл аурудың даму қаупін арттыруы мүмкін, бірақ олардың болуы аурудың міндетті түрде дамитынын білдірмейді. Мұндай факторларға ми қызметіне әсер ететін кейбір аурулар, аутоиммунды дерттер немесе ұзақ уақыт бойы созылатын ауыр күйзелістер жатады.

Анықтама: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде шамамен 24 миллион адам немесе әрбір 300 адамның 1-еуі шизофрениямен ауырады. Ауру көбіне жасөспірімдік шақтың соңында немесе 20–30 жас аралығында дамиды. Әйелдерде аурудың басталуы ерлерге қарағанда сәл кешірек басталатыны байқалған. Кливленд клиникасының дерегінше, ер адамдарда шизофрения 15–25 жаста, ал әйелдерде 25–35 жас аралығында басталады. Балаларда да шизофрения болуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі және сырқат ауыр өтеді, емдеуге көнбей жатады. ДДСҰ-ның бағалауы бойынша, шизофрениямен ауыратын адамдардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 10–20 жылға қысқа, ал ерте өлімнің қаупі жалпы халықпен салыстырғанда 2–3 есе жоғары.

№3 миф: «Шизофрения емделмейді»

Үкім: Жартылай шындық

Шизофрения – созылмалы психикалық ауру. Оны толық емдеп жазу мүмкін емес. Дегенмен, дұрыс терапия арқылы оның белгілерін бақылауға, асқыну жиілігін азайтуға және адамның өмір сапасын жақсартуға болады. Кей жағдайларда ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Ауру белгілерін жеңілдету үшін арнайы дәрі-дәрмектер қабылдау маңызды. Олардың қатарына антипсихотиктер (нейролептиктер), антидепрессанттар және көңіл-күй тұрақтандырғыштар жатады. Асанәлі Сушеновтың айтуынша, психофармакологиялық сала қарқынды дамып жатыр және қазіргі таңда адамдарға қалыпты өмір сүруге мүмкіндік беретін тиімді дәрілер бар.

Сондай-ақ дәрігер мұндай препараттар тәуелділік тудырады немесе адам өмір бойы ішуге мәжбүр болады деген кең таралған қате пікірді теріске шығарады.

Кейбір науқастарға бір жыл бойы дәрі қабылдау қажет болса, басқаларына екі жыл немесе одан да көп уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл мерзімнен кейін емдеуді тоқтату керек деген нақты бір хаттама жоқ, себебі әр пациенттің қалпына келу процесі әртүрлі.

Асанәлі Сушенов

Психиатр когнитивті-бихевиоралды терапияның маңызын атап өтті — бұл терапия адамның ойлау жүйесімен, сенімдерімен және эмоцияларымен жұмыс істейді. Сонымен қатар әлеуметтік бейімделу, яғни, адамның бұрынғы өміріне, жұмысына, оқуына және адамдармен қарым-қатынасына қайта оралуына көмектесу де маңызды.

ДДСҰ деректеріне сүйенсек, шизофрениямен ауыратын әр үшінші науқас кем дегенде белгілерден толықтай арылып, қалыпты өмірге қайта оралады. Ал кейбір адамдарда сырқаттың асқыну мен ремиссия кезеңдері өмір бойы алмасып отырады.

Сонымен бірге, ДДСҰ бағалауы бойынша, шизофрениямен ауыратын адамдардың басым бөлігі психиатриялық көмек алмайды, ал бұл бағытқа бөлінген ресурстар тиімді пайдаланылмайды.

Миф №4: «Шизофрениямен ауыратындар жұмыс істей алмайды немесе толыққанды өмір сүре алмайды»

Үкім: Жартылай шындық

Бұл жағдайдың ауырлығына байланысты. Дұрыс ем алып, қоғамға қайта бейімделу жолында көмек көрсетілген жағдайда шизофренияның белгілерін бақылауға болады.

Шизофрения — бұл көптеген өмір саласына, соның ішінде оқу, жұмыс және әлеуметтік қарым-қатынасқа әсер ететін ауыр әрі мүгедектікке жататын психикалық сырқат. Дегенмен, дұрыс жүргізілген реабилитацияның арқасында бұл дерті бар адамдар толыққанды өмір сүре алады. Алайда ең үлкен кедергі келтіретіні — олардың қоғаммен араласуына тосқауыл болатын стигма.

Асанәлі Сушеновтың айтуынша, кейбір ауыр түрлерінде қозғалыс бұзылыстары қатты байқалады. Мәселен, кататониялық шизофрения кезінде адам ұзақ уақыт қозғалыссыз қалып қоюы мүмкін. Сонымен қатар ми қызметінің органикалық бұзылуы байқалса, адаммен сөйлесу және байланыс орнату қиынға соғады. Алайда шизофренияның басқа түрлерінде жұмыс істеуге, отбасын құруға, қоғаммен араласуға болады.

Сонымен бірге, жұмыс түрін таңдағанда шизофрениямен ауыратын адамдарда физикалық аурулар қаупі жоғары екенін де ескеру қажет. Сол себепті мамандар мұндай адамдарға салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысуға кеңес береді.

Миф №5: «Шизофрениямен ауыратын адамдар қауіпті әрі агрессивті»

Үкім: Манипуляция

Кейбір зерттеулерге сәйкес, шизофрениямен ауыратын адамдар зорлық-зомбылыққа бейімдеу болуы мүмкін. Дегенмен, жалпы алғанда мұндай қауіптің деңгейі төмен, ал олардың басым бөлігі агрессия танытпайды. Бұл пікір — шектен тыс жалпылаудың мысалы. Сонымен қатар мұндай адамдар көп жағдайда өздері де зорлықтың құрбанына айналады.

Агрессия туралы миф медиа мен танымал мәдениеттегі бейнелер арқылы одан әрі күшейеді. Тіпті әлеуметтік желілерде «шизофреник» деген сөзді оның шын мәнінде психикалық ауытқуы бар-жоғы белгісіз болса да, кез келген қоғамға жат қылық жасаған адамға таңады.

Америкалық психологиялық қауымдастықтың мәліметінше, кей зерттеулер ауыр психикалық сырқаттары (биполярлық бұзылыс, шизофрения және т.б.) бар адамдардың зорлық әрекетіне бейімділігі сәл жоғары екенін көрсеткенімен, олардың басым бөлігі агрессивті емес. Сонымен қатар жаңа зерттеулер көрсетіп отырғандай, агрессияға тек психикалық сырқат емес, басқа да факторлар әсер етеді. Олардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі — психоактивті заттарды (алкоголь, есірткі) тұтыну. Бұдан бөлек, агрессияға ықпал ететін басқа да сыртқы факторлар бар.

Ғалымдардың айтуынша, бұл тақырып тереңірек қарастырыла бастағанымен, психикалық ауытқулар мен зорлық-зомбылық арасындағы байланыс мәселесі әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Асанәлі Сушеновтың айтуынша, адам уақытылы дәрі қабылдап, тұрақты тексерістен өтіп, сапалы оңалтудан өтсе, агрессиялық мінез-құлықтың ықтималдығы «шамамен нөлге тең». Ал психоз секілді жағдайлар әрдайым агрессиямен қатар жүре бермейді.

Психоз кейде біреу аңдып жүр деген оймен ғана шектелуі мүмкін — бұл да психоз. Бірақ мұндай жағдайда агрессия міндетті түрде байқала бермейді. Керісінше, адам үрейленіп, тұйықталып, қоғамнан оқшаулануы мүмкін. Адаммен байланыс орнатпауы — бұл да психоздың бір көрінісі.

Асанәлі Сушенов

Сонымен қатар ауыр психикалық дерттері бар адамдар, оның ішінде шизофрениямен ауыратындар, жалпы халықпен салыстырғанда зорлық-зомбылықтың құрбанына жиі айналатыны белгілі (1, 2, 3). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шизофрениямен ауыратын адамдардың құқығы психиатриялық мекемелерде де, күнделікті өмірде де жиі бұзылатынын атап өтеді.

Журналист, фактчекер

Factcheck.kz