Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында Жапонияның Париждегі елшілігінде «Париж синдромы» деп аталатын жағдайдан зардап шеккен жапондық туристерге арналған тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы желі бар деген ақпарат жиі кездеседі. Бұл синдром – Парижге барғанда қатты мәдени шок алып, көңілі қалған жағдайды айтады деп сипатталады (1, 2, 3, 4, 5, 6).
Factcheck.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, Жапонияның Париждегі елшілігінде осындай арнайы желінің бар-жоғын тексерді.
Үкім: Фейк
Жапон елшілігі «Париж синдромынан» зардап шеккендерге арналған арнайы желінің бар екендігі туралы ақпаратты баяғыда жоққа шығарған. Қазіргі уақытта елшіліктің ресми сайтында мұндай желі туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Толығырақ
«Париж синдромы» туралы алғашқы ақпарат 2006 жылдан бері әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында пайда бола бастады (1, 2, 3, 4). BBC басылымы «Париж синдромы жапондықтарға әсер етіп жатыр» деген мақаласында: «Жапон елшілігінде мәдени шоктан зардап шеккендерге арналған тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы желі бар, қажет болған жағдайда науқастарға ауруханада емделуге көмектеседі», – деп жазған еді.
Сонымен қатар, елшілік зардап шеккендерді өз отанына қайтарады деген ақпарат тараған. Бұл туралы The Guardian былай жазған: «Жыл сайын шамамен 20 адам осы синдромға ұшырайды, және бұл біраз жылдан бері жалғасып келе жатқан індет».
Алайда бұл екі мәлімдеме де Жапонияның Париждегі елшілігі тарапынан жоққа шығарылған. Елшілік өз сайтындағы мәлімдемесінде:
«Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған немесе келтірілген қате ақпараттарға қарамастан, Франциядағы Жапония елшілігі «Париж синдромы» деп аталатын жағдайға арналған телефон қызметі жоқ екенін хабарлайды және бұл мәселеге қатысты сұрақтарға жауап бермейді».
Қазір дисклеймер елшіліктің сайтында жоқ, бірақ архивте сақталған. Мәтін тақырыптың маңызы жоғалғаннан кейін өшірілген болуы мүмкін.
Сонымен қатар, 2011 жылы француздың Slate басылымы «Париж синдромы» туралы мақаласында Жапонияның Париждегі елшілігіне сілтеме жасай отырып, синдромнан зардап шеккен азаматтарды елшілік репатриация жасамайтынын атап өткен.
«Париж синдромы» деген не?
Париж синдромы – бұл 1980 жылдары жапондық психиатр Хироаки Ота ұсынған термин. Ол туристердің Парижге барып көңілі қалған психологиялық реакциясын сипаттайды. Себеп – шынайы өмір мен олардың қиялындағы идеал Париж бейнесінің сәйкес келмеуі. Атауына қарамастан, Париж синдромы ресми диагноз емес. Бұл – Хироаки Ота Париждегі Әулие Анна ауруханасында жұмыс істеп жүргенде жапондық туристер арасында байқаған мәдени шоктың бір түрі. Эксперттер бұл құбылыстың шынайы деп есептейді, оның сирек кездесетінін айтады.
Мәселе, Жапонияда және туристерге жарнамаланатын романтикаланған, Париждің идеал бейнесі мен қаланың шынайы өмірі арасындағы қарама-қайшылықта. Шынайы Париждің лас қоғамдық көліктері мен кейде дөрекі тұрғындары туристерге шынайы психологиялық жарақат қалдыруы мүмкін. Бұл жағдайды мәдени айырмашылықтар, тілдік кедергілер және жаңа жерге саяхат жасаудан туындайтын стресс одан әрі күшейеді.
Хироаки Отаның бұрынғы стажері Оливия Гото-Грегет Demain La Ville блогына берген сұхбатында «синдром» термині әртүрлі науқастардағы ұқсас симптомдарды сипаттау үшін қолданылатынын айтты. Алайда шын мәнінде, бұл симптомдар әртүрлі болуы мүмкін.
«Оны өте кең мағынада түсіну керек: ол адамдар арасындағы қарапайым айырмашылықтардан туындайтын жеңіл шоктан бастап, галлюцинация және сандырақ түріндегі ауыр психотикалық декомпенсацияға дейін өзгеруі мүмкін», – дейді Гото-Грегет.
Париж синдромы тек Парижбен шектелмейді және Францияның басқа қалаларына немесе әлемнің басқа елдеріне де қатысты болуы мүмкін деп есептеледі.
Кейбір эксперттер болашақта Париж синдромының жоғалуы мүмкін екенін болжаған. Себебі интернеттің қолжетімділігі туристерге қала туралы шынайы ақпаратпен алдын ала танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай психологиялық реакцияның болуы туралы ақпараттың кең тарауы саяхатшыларға мәдени айырмашылықтарды түсініп, мүмкін көңіл қалудан аулақ болуға көмектесуі мүмкін.