Орыс тілді интернет кеңістігінде, оның ішінде Қазақстанның ақпарат алаңында, АҚШ-тағы өлім-жітімнің негізгі себебі – медициналық араласу деп мәлімдейтін адамның видеосы кеңінен тарады. Ол заманауи медицинаның жағдайына қатысты тағы бірқатар мәлімдеме жасайды (1, 2, 3). Ұзақтығы бір минуттан асатын видео бір сөз сөйлеуден алынған үзінділерден құралған.
Бейнероликтегі субтитрлер жалпы мағынасын ашып тұрғанмен, арасында дәлсіздіктер бар және бір елеулі қате кеткен. Төменде спикер сөзінің анағұрлым дәл аудармасы берілген.
АҚШ-тағы өлім-жітімнің негізгі себебі – медициналық араласу. Медициналық араласу жыл сайын шамамен миллион адамды өлтіреді. Дәрігерлер жылына миллионнан астам адамды өлтіреді. Адамдар дәрігерге барады, бірақ бұл туралы ойланбайды. Біздің дәрігерлерімізге қатысты мәселе – олардың өте жақсы адам бола тұра, өміріндегі ең үлкен қателікті жасауы — олар медициналық мектепке түседі. Онда оқытылатындардың 85%-і – ғылыми негізі жоқ сандырақ. Содан кейін оларды сол ғылыми негізсіз сандырақты іс жүзінде қолдану үшін халыққа жібереді [бұл тұсы субтитрлерде қате аударылып, «содан кейін олар халық санын азайтады» деп көрсетілген — ред.]. Қазіргі медицина ғылымнан соншалықты артта қалған, оны енді жаңарту мүмкін емес. Біз қазіргі қолданыстағы медицинаны мүлде тастап, бәрін қайта бастаумыз керек. Адамға у берсек, ол сауығады деген ойға біз қалай келдік өзі? Бұл – өте ақымақ жүйе, бірақ ол орасан зор пайда әкеледі, ал фармацевтикалық компаниялар орасан зор билікке ие — себебі олардың ақшасы өте көп.
Бейнематериалдан
Factcheck.kz редакциясы видеодағы мәлімдемелерді талдап, бұл сөздердің авторы кім екенін және оған қаншалықты сенуге болатынын анықтап көрді.
Үкім: Жалған
Бұл роликтегі тексеруге болатын ешбір мәлімдеме фактілермен расталмайды. Бейнежазбадағы адам — Рэймонд Фрэнсис — медицина саласының маманы емес және бұған дейін де фактчекерлер тарапынан жалған ақпарат таратқаны үшін назарға ілінген (1, 2, 3).
Фактілер не дейді
АҚШ-тағы өлім-жітімнің негізгі себебі – АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) 2023 жылғы деректеріне сәйкес, жүрек-қан тамырлары аурулары. Екінші орында — онкологиялық аурулар, ал үшінші орында — жазатайым оқиғалар (абайсызда болған жарақаттар).
«Медициналық араласу» тіркесін өлім себептерін бағалау контекстінде қолдану — бұрмалау әдісі, себебі ол қалыпты медициналық тәжірибені қауіпті нәрсе етіп көрсетеді. Іс жүзінде дәрігер жасайтын кез келген ем мен алдын алу шаралары – бұл медициналық араласу. Дегенмен, спикердің көзқарасы мына сөйлемде айқындала түседі — онда ол тағы да манипулятивті әрі қате тіркес — «дәрігерлер өлтіреді» деп айтады.
Медицина қызметкерінің әрекетінен болған өлім жағдайында «дәрігердің қатесі» ұғымы анағұрлым орынды (бірақ жалғыз емес, төменде көрсетіледі).
АҚШ-та дәрігер қатесінен болатын өлім-жітімнің стандартталған статистикасы жоқ, оны түрлі себептерге байланысты нақты бағалау қиын. Соған қарамастан, зерттеушілер шамамен көрсеткіштерді анықтауға тырысады. Бірақ ең пессимистік әрі даулы бағалар да миллионға жетпейді. Мысалы, 2016 жылы Джонс Хопкинс университетінің медицина мектебі зерттеушілерінің сараптамасы кеңінен тарап, онда дәрігер қателерінен АҚШ-та жыл сайын шамамен 250 мың адам қайтыс болады деп көрсетілді. Алайда бұл резонанс тудырған жұмыс кейін өзге ғалымдар мен сарапшылар тарапынан сынға алынып, әдістемесіндегі айқын кемшіліктер көрсетілді (1, 2, 3, 4, 5, 6). Соған қарамастан, 250 мың деген сан есте қалды және бүгінге дейін жиі қайталанады.
Осы тақырыптағы қатаң әдістемеге негізделген өзге зерттеулер мүлде басқа нәтиже көрсетеді. Мысалы, 2019 жылғы Уашиңтон университеті ғалымдарының «Ғаламдық ауру ауыртпалығы» (Global Burden of Disease) мәліметтеріне негізделген зерттеуінде 1990-2016 жылдар аралығында АҚШ-та медициналық емнің жағымсыз әсерінен (оның ішінде дәрігер қатесі де бар, бірақ онымен шектелмейді) 123 603 адам қайтыс болғаны көрсетілген. 2020 жылы Йел университетінің зерттеушілері ірі медициналық деректер базасына сүйене отырып, жүйелі шолу мен метаанализ жүргізіп, АҚШ-та алдын алуға болатын өлім-жітімнің жылдық орташа саны шамамен 22 165 адам екенін анықтады. Оның ішінде 7 150-і – үш айдан артық өмір сүреді деп күтілген науқастар арасында.
2023 жылы Джонс Хопкинс университеті тағы бір талдау жариялады, онда диагностикалық қатенің (дәрігер қатесінен де кең ұғым) салдарынан АҚШ-та жыл сайын 371 мың адам қайтыс болады, және тағы 424 мың адам тұрақты мүгедек болып қалатыны айтылған.
Қалай болғанда да, ашық дереккөздерде Рэймонд Фрэнсистің «медициналық араласу салдарынан болған миллион өлім» туралы мәлімдемесін растайтын ешбір дерек жоқ.
Медициналық жоғары оқу орындарындағы білімнің 85%-і – «ғылыми негізі жоқ сандырақ» деген мәлімдеме ешқандай дәлелге негізделмеген және бұл — спикердің жеке пікірі. Дәл сол сияқты, қазіргі медицинаның ғылымнан артта қалғаны туралы сөз де негізсіз.
Фрэнсис айтқан: «Біз науқасқа у берсек, оған көмектесе аламыз деген ойға қалай келдік өзі?» деген тіркес, шамасы, вакцинацияға сілтеме жасаған. Спикер бұл жүйені «ақымақ» деп атайды, алайда екпе мәселесіне қатысты ғылыми консенсус айқын: вакцина – бірқатар қауіпті әрі өлімге әкелетін аурулардың алдын алудың ең тиімді құралы екені бұрыннан мойындалған (1, 2, 3).
Видео қайдан шықты және Рэймонд Фрэнсис деген кім
Кері бейнеіздеу нәтижесі көрсеткендей, дәл осы монтаждағы видео алғаш рет 2024 жылы тарала бастаған. 2024 жылғы 14 желтоқсанда ол ағылшын тіліндегі конспирологиялық @mtrxisreal Instagram-парақшасында жарияланған. Бейнежазба шамамен 240 мың қаралым мен 13 мың лайк жинаған.
Көп ұзамай видеоның орысша субтитрмен жасалған нұсқасы пайда болды. Мысалы, 1 қаңтарда оны Instagram қолданушысы Дмитрий Оболенский жариялады. Ол өзін «дәрі-дәрмексіз және операциясыз емдейтін остеопат» ретінде таныстырады. Оның парақшасында бұл бейнеролик 1,9 миллион рет қаралып, шамамен 49 мың лайк жинаған.
Осыдан кейін видео басқа парақшалар мен арналарға тарап, бұл тексеру жүргізілген сәтте де таратылуын жалғастырып жатыр (1, 2, 3, 4, 5, 6).
Ал бұл бір минуттық үзіндінің бастапқы көзі — “How to Get Well, Stay Well & Never Be Sick Again” («Қалай сауығуға, сау қалуға және ешқашан ауырмауға болады») атты лекция. Ол 2017 жылғы 16 желтоқсанда YouTube-тағы Silicon Valley Health Institute (Кремний аңғары денсаулық институты) арнасында жарияланған. Бейнежазба 1 миллионнан астам қаралым жинаған.
Институт жайлы мәлімет аз. Ұйым сайтында ғылымның қазіргі «мейнстрим» медициналық тәжірибеден әлдеқайда алда екені, ал соңғысы халық денсаулығына мән бермейтін бай компаниялардың ықпалында екені жазылған – бұл бізге таныс риторика. Science Feedback фактчекерлерінің жазуынша, аталған Институт денсаулық сақтау саласында дезинформация тарататын адамдарға бұрын да платформа ұсынған.
Рэймонд Фрэнсис – «альтернатив ем» туралы кітаптардың авторы, өзін денсаулық сақтау саласының сарапшысы ретінде жиі таныстырады әрі басқалар да солай атайды. Оның бейнежазбасына жазылған сипаттамада: «Денсаулық пен ауруларды түсіну саласында жаңалық ашқан санаулы ғалымдардың бірі», «Денсаулықты оңтайлы сақтау саласында халықаралық деңгейде танылған көшбасшы», «Ауруларды емдеу жүйесін тиімді денсаулық сақтау жүйесіне айналдырудың ізашары» деген сияқты сипаттамалар бар.
Алайда Logically Facts фактчекерлері Рэймонд Фрэнсистің кейбір мәлімдемелерін тексеріп, оның лицензия алған маман емес екенін және оның көзқарасы ғылыми қауымдастық тарапынан бірнеше рет сынға ұшырағанын жазады (1, 2). Science Feedback фактчекерлері де Фрэнсистің медициналық білімі барын растайтын дерек таба алмаған.