Youtube Қытай Коммунистік партиясын сынайтын пікірлерді өшіреді

YouTube Қытай Коммунистік партиясын сынайтын қытай тілінде жазылған белгілі бір сөз тіркестері бар пікірлерді өшіреді. Компания бұл техникалық қатенің кесірінен болып жатқанын растады. Бұл жайлы The Verge хабарлайды.

Компания бұл қателіктің қалай және неге пайда болғанын ашып айтпады, бірақ бұл модерация саясатындағы қандай да бір өзгерістердің нәтижесі емес екенін айтты.

Дегенмен егер бұл техникалық қате болса, онда компания мұны жарты жылдан бері көрмей келеді. The Verge пікірлердің 2019 жылдың қазан айынан бастап өшіріліп келгенін анықтады. Мұны бірнеше желі қолданушы растады.

Видео немесе тікелей эфирге жазылған қытай тілінде “коммунистік бандит” немесе “50 центтік партия” (онлайн-пікірталастарда адалдық үшін төлейтін интернет пайдаланушыларды білдіретін сленг) сөз тіркесі бар пікірлер 15 секундтан кейін автоматты түрде өшіріледі. Ал олардың ағылшын тіліндегі аудармалары мен латын әріптерімен жазылғандары өшірілмейді.

Бұл сөз тіркестері спам мен ғайбатты автоматты түрде өшіретін YouTube-тың пікірлер фильтіріне кездейсоқ қосылған сияқты. Бұған дейін компания соңғы айларда пандемияға байланысты автоматтандырылған фильтірлерге көбірек сүйенгенін айтқан еді.

Factcheck.kz