Ресейде фейк жаңалықтар тарататын сайттар тізімі жарияланады

Ресейде Роскомнадзор жалған ақпарат таратады деп есептейтін басылымдардың, интернет-қауымдастықтардың және жеке адамдардың тізімі пайда болады. Бұл туралы ведомство басшысы Александр Жаров баяндамасында хабарлады. EuroNews-тің хабарлауынша тізімде тексерілмеген ақпарат тарататын сайттардың мекен-жайы көрсетіледі.

Жаровтың айтуынша кәсіби БАҚ жаңалықтарға “талас” барысында фактчекиң жасауға жеткілікті көңіл бөлмейді. Алайда кінә оларда емес, олар бұл жағдайдың тұтқынына айналып отыр. Жалған ақпарат тарату бұл “бүкіләлемдік мәселе” дейді ведомства басшысы.

Баяндамада бірнеше ай бұрын Пенза облысындағы Чемодановка ауылында жергілікті сығандардың қатысуымен жаппай төбелес оқиғасы айтылды. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде фейк-науқан басталды.

Роскомнадзор аталмыш тізім жайлы мамыр айында хабарлады. Бірқатар қоғамдық ұйымдар тізімді сынға алды. “Роскомсвобода” жетекшісі Артем Козлюк тізімге қарсы пікір білдірді. Оның айтуынша тізімнің не нәрсеге негізделіп құрылатыны түсініксіз.

“Роскомнадзор тек “қара тізім” ғана емес, сондай-ақ сенімді БАҚ-тардың “ақ тізімін” құруы мүмкін. Нәтижесінді кейбір БАҚ мемлекет үшін сенімді, ал қалғаны сенімсіз болып қалады. Әрине, бұл жаңалық БАҚ үшін шектеулер мен кезекті бейресми цензура деп білемін”, – деді ол.

Осы жылдың наурыз айында президент Путин жалған ақпарат таратуға тыйым салатын заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, ақпаратты дұрыс емес деп Бас прокуратура таниды, ал Роскомнадзор фейк тарататын ресурсты бұғаттайды.

Factcheck.kz