Microsoft Кортана және Skype пайдаланушыларының әңгімесін тыңдаған

Бейжіңдегі Майкрософт мердігер компанияларының қызметкерлері пайдаланушылардың Skype-тағы және Cortana дауыстық көмекшісімен әңгімелерінің үзіндісін тыңдаған. The Guardian-ның хабарлауынша қызметкерлерге киберқауіпсіздік туралы нұсқау берілмеді, ал парольдерді қарапайым мәтін түрінде алған.

Корпорацияның бұрынғы мердігері басылымға екі жылдың ішінде өзінің Бейжіңдегі үйінде отырып, мыңдаған жазбаларды тыңдағанын айтты. Жазбалардың ішінде Cortana-ның әдейі және кездейсоқ активацияларымен қатар Skype қоңыраулары бар.

Қызметкерлер жазбалармен Google Chrome браузеріндегі уеб-қосымшасы арқылы, хакерлерден тиісті қорғаныссыз жұмыс істеген.

CNET-тің хабарлауынша өткен жаздан бастап Майкрософт Skype және Cortana сияқты қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында қолданушылардың әңгімелерін тыңдау үшін адам жалдаған.

Microsoft-тан басқа Apple, Google, Amazon, Facebook және басқа компаниялар қолданушыларының әңгімесін тыңдаған. Бұл қолданушылардың арасында алаңдаушылық туғызды, сондықтан кейбір компаниялар адамдарға тыңдаудан бас тарту құқығын берді.

Factcheck.kz