Демократияның қарсы шабуылы қайтсе жеңіске жетеді?

Джордж Сорос


Біз тарихи өзгерістерге толы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі барлық ашық қоғамға қауіп төніп тұр, ал бұдан да ауқымды дағдарыс – тұтас адамзат өркениетін құрдымға апаратын жаһандық жылыну. Бұл мәселелер ғұмырымдағы ең маңызды жобамды жариялауға түрткі болды.

«Ашық қоғамды қорғау» атты кітабымда әдеттегіден қарағанда, революциялық уақытта мүмкіндік көп болатындығына дәлел келтіремін. Жалпы революциялық уақытта оны толық түсінуге тырысқаннан гөрі оқиғаға әсер еткен әлдеқайда жеңіл. Сондықтан нәтижесі адамдардың ойлағанымен сәйкес келе бермейді. Аталған жағдай саясаткер-популистер өздерінің мақсатын жүзеге асыру үшін қолданып келе жатқан бүкіл-халықтық түңілуге әкеп соққаны белгілі.

Ашық қоғам еш уақытта дәл бүгінгідей қорғанысқа мұқтаж болған емес. Қырық жыл бұрын саяси филантропия деп аталатын қызметімді бастағанда, алға жылжуға себепші дүние жетерлік еді. Халықаралық ынтымақтастық орнату қажеттілігіне барлығы дерлік сенетін. Тіптен құлдырап әрі идеологиялық банкротқа ұшыраған Кеңес үкіметі де сенім артатын – «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер» дейтін марксистік ұран естеріңізде болар? Еуропалық одақ, керісінше, дамып жатты және мен оны ашық қоғам идеясының шын жүзеге асуы ретінде қабылдадым.

Алайда 2008 жылғы дағдарыстан кейін ашық қоғамның жағдайы өзге арнаға бет бұрды, себебі ғаламдық қаржы дағдарысы халықаралық ынтымақтастықтың іргетасын бұзды. Салдарынан ашық қоғамның ең үлкен дұшпаны ұлтшылдықтың өркендеуіне алып келді.

Қалыпты әлем қайдасың?

2019 жылдың орта тұсында әлі де халықаралық ынтымақтастықта тағы бір бетбұрыс болатынына үміттендім. Еуропа парламенті сайлауының нәтижесі күтпеген жерден өте жақсы шықты. Сайлауға қатысу 8%-ға артқан, бұл – Парламент құрылған уақыттан бері кездескен алғашқы жоғары көрсеткіш. Одан да маңыздысы үнсіз көпшіліктің Еуропалық ынтымақтастыққа қолдау білдіруі.

Бірақ жыл соңында үмітім өшті. АҚШ, Қытай, Ресей сынды әлемдік державалардың билігі болуы мүмкін немесе басшылықта жүрген диктаторлардың қолында қалып, авторитарлы басшылардың саны арта түсті. Британия мен Еуропалық Одақ Ұлыбритания үкіметінің Еуропа одағы құрамынан шығуына байланысты алдын алу шаралары Брекзитті қолдаушы топтың сайлауда жеңіске жетуімен тынды.

Ұлтшылдық еш өзгеріссіз ілгері дами түсті. Ең үлкен әрі қатерлі келеңсіздік Индияда орын алды: демократиялық жолмен сайланған Нарендра Моди жартылай автономиялы мұсылман аймағы саналатын Кашмирге қатысты жазалау шараларын қолданды, миллиондаған мұсылмандарды азаматтығынан айырамын деп қорқытып Үнді ұлтшыл мемлекетін құрып жатыр

Латын Америкасындағы адамзат апаты жалғасын табуда. Жыл басында бес миллионға жуық Венесуэла азаматы елден кетіп, нәтижесінде көрші мемлекеттерде айтарлықтай қолайсыздық туындаған. Шекаралас жатқан Бразилияда президент Жаир Болсонару Амазон ормандарында мал шаруашылығымен айналысқысы келгендердің қаупінен тропикалық ормандарды қорғап қала алмады. Одан бөлек, Мадридте БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі Конференциясы ешқандай маңызды келісімге келмей аяқталды. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын жаңа жылдық құттықтауында ядролық қару әлеуетін айтып АҚШ президентін қорқытса, Дональд Трамптың Иранның жоғары лауазымды тұлғасын өлтіру туралы орынсыз шешімі Таяу Шығыстағы кезекті соғыс өртін тұтандырғаны сөзсіз.

Қытай сынағы

Солтүстік Кореяның проблемасы, әлбетте, АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына тікелей байланысты. Қытай-Америка байланысы күрделі әрі қиын болып бара жатқанына қарамастан, Трамп пен Си Цзиньпиннің өзара әрекеті мәселенің мән-жайын түсінуге мүмкіндік береді.  Екі ел президенті де ішкі қиындықтар мен түрлі дұшпандарымен бетпе-бет келіп, басқару құзыретін мемлекеттен тыс қолдануға тырысады. Екеуіне де пайда әкелетін серіктестікке себеп тапқанымен, мотивациялары мүлдем бөлек.

Трамп әлемді аузына қаратқысы келетін нарцисс әрі алаяқ адам. Оның президенттік туралы қиялы шындыққа айналғанда  нарциссизмі патологиялық өлшемге жетті.

Расымен де, Конституцияда көрсетілген президентке қатысты заңды бұзып, сол үшін импичментке ұрынды. Сонымен қатар, ол өзінің балама шындығын  сатып алған ғаламтордағы ізбасарларын жинай алды. Бұл оның нарциссизмін қатерлі ауруға айналдырды. Трамп ғаламтордағы дүниені шынайы өмірде де қолдана алатындығына сенсе керек.

Трамптың қарсыласы Си Цзиньпин жастық шағында қиындық көп көрген. Оның әкесі Қытай Коммунистік партиясының белді мүшесі болған, кейін партиядан қуылған соң

Си Цзиньпин ауылдық жерде қуғында жүріп өседі. Сол уақыттан бастап Си партия билігінің Қытай өміріне үстемдік құруын мақсат етеді. Ол мұны әлемге билігі мен ықпалын жүргізе алатын «жасарған» Қытай үкіметінің «қытайша арманы» деп атайды. Басшылық құзыретін нығайту және қажетті дәрежеге жеткенде диктатор болу үшін президент Си  өте тиянақты дамытылған коллективті көшбасшылықты жойды.

Екі ел президентінің уәжі мен мақсаты әр түрлі. Трамп АҚШ-тың ұлттық мүддесін жеке адамның я материалдық пайда алдында құрбан етуге әзір, қарашада өтетін президенттік сайлауда жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап тырыспақ. Ал Си Цзиньпин болса, Трамптің осал тұсы мен жасанды интеллектінің арқасында халқын тұтас бақылауға алуды армандайды.

Алайда Қытай президентінің бұл ойы жүзеге асуы екіталай. Өйткені аспан асты елі 5G нарығында үздік танылып, ашық қоғамға қауіп төндіретін жасанды интеллект негізіндегі әлеуметтік несие жүйесін толық орнату үшін АҚШ-тың микропроцестер тасымалына тәуелді.

Одан бөлек демография да күрделі проблемалардың бірі саналады. 1979-2015 жылдар аралығында жүргізілген бір бала туу саясаты қазіргі таңда жас мамандар мен бала көтеретін әйел адам санының азаюына алып келді. Еңбекке қабілетті халық санының кеміп, керісінше қарт адам санының артуы жалғасуда. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша, Си Цзиньпин қол қойған бағдарламаға сәйкес Қытай, Еуропа және Африка арасында ортақ инфраструктураны дамыту үшін аталған бағдарламадағы бірқатар елдерге қомақты несие беру талап етіледі, олардың кейбірі өмір бақи өтелмеуі де мүмкін.  

Қытай үкіметіне несие беру еш қындық тудырмайды, себебі бюджет тапшылығы өсіп, ал сауда теңгерімінің сальдосы артып отыр. Си Цзиньпин орталықтанған билікті өз қолына алуына байланысты Қытайдың экономикалық саясаты икемділігі мен тапқырлығынан айырылды.

Си Цзиньпиннің жағдайын одан сайын күрделендіру үшін Трамп әкімшілігі жан-жақты әрі қос партиялы саясат жасап, Қытайды стратегиялық қарсыласы деп жариялады. Бұл – Трамп жүргізе алған жалғыз қос партиялы саясат және оны тоқтата алатын тек Трамптың өзі ғана. Өкінішке орай, ашық қоғам көзқарасына сәйкес, Си Цзиньпинмен келісім үстеліне  Huawei-ді қойған сияқты Трамптың аталған саяси бағдарды жүзеге асыруы ғажап емес.

Иран және импичмент

Осы айда Трамптың назары Қытайдан Иранға кент ауысты. Иран революциясы корпусы «Құдс күштерінің» жетекшісі Касем Сүлеймани мен Иран қолдайтын ирактық қарулы топ қолбасшысын мерт қылған әуе шабуылына қатысты Трамптың ешқандай стратегиялық жоспары болмаған, бірақ адал фолловерлері оның әрекетіне қандай жауап қататынан алдын-ала сезетін түйсігі жақсы дамыған.

Трамптың әлеуметтік желідегі жанкүйерлері оның әрекетіне риза. Ал бұл жағдай Трампқа импичмент жариялаған Демократтар бақылауындағы Өкілдер палатасының қызметін қиындатып отыр. Сенаттағы сот процесі аса формалды іске айналып отыр, себебі, Сенаттағы республикашылдардың басым бөлігі Трампты қолдайды. Десе де, Жоғары сот төрағасы Джон Робертстің шешімі бізді таң қалдыруы әбден мүмкін.

Трамптың экономика жөніндегі командасы онсыз да гүлденіп тұрған ел экономикасын жандандыра алды. Трамптың әскери табысын тойлаған қор биржасы тағы да үлкен жетістікке жетті. Алайда экономикадағы жоғары көрсеткіштер тұрақтылықты сақтауы қиын.

Егер аталған жағдайлар сайлауға жақындаған уақытта орын алса, Трамп сөзсіз жеңіске жетер еді. Трамптың басты проблемасы – сайлауға дейін әлі он ай бар. Революциялық жағдайда бұл өмірмен тең.

Ашық қоғам тарапынан қарастырсақ, қазіргі таңда жағдай мәз емес. Мұндай сәттерде қайғыға беріліп  күйзелу – қолдан келер ең оңай дүние, бірақ үлкен қателік. Қоғам климаттың өзгеруі қаупі туралы хабардар болып келеді. Және бұл Урсула фон дер Ляйен басқаратын жаңа Еуропалық Комиссия басымдық беріп отырған маңызды мәселеге айналды. Күн тәртібінде тұрған жаһандық мәселені қарастыруда Трамптың қабілеті шектеулі, себебі ол климаттың өзгеруін жоққа шығарады.

Үміт үзілмесін

Ашық қоғамның өміршең болуына негіз көп. Әлбетте ашық қоғамның осал тұсы бар, бірақ репрессиялық режим де қателікке ұрынып жатады. Диктатураның үлкен кемшілігі – жетістікке жетіп, табысқа кенелген уақытта репрессивті режимді қалай жоярын білмейді. Демократияға айтарлықтай тұрақтылық беретін тексерісті шектеу мен баланс сақтауға диктатураның шамасы жетпейді. Соның нәтижесінде наразылық көбейіп келеді.

Әлемнің әр тарабында орын алып жатқан наразылықты көріп жүрміз. Ең нәтижелі шеру Гонконгте болды, бірақ ақыры үлкен шығынға әкеп соғары анық: қала экономикасы құрдымға ұшырауы мүмкін.

Дүние жүзінде наразылық, шерулер саны күн санап артуда, сол себепті олардың әр қайсысын жеке қарастыру  ұзақ уақытты талап етеді. Гонконг, Сантьяго, Бейрутта  бой көтеріп жатқан көтерлістің көбейгеніне қарап, арасында жетістікке жетуі мүмкін шерулерді атай аламын.  Барлығы көшбасшы жоқтығына қарамастан, халықтың қолдауы басым әрі ұзағынан жалғасын тауып жатқан Гонконгтегі шеруге ұқсас келеді.  

Мұндай тұжырым Италиядағы болашақ диктатор Маттео Сальвини бастаған шеруге қарсы аяқ-асты наразылық танытқан жастар қозғалысын талдаған соң ойыма келді. Жастар «Сардиналар Сальвиниге қарсы» деп жазылған сардина белгісі бар плакаттарды қолына алған. Сальвини сияқты акуладан гөрі сардиналар көп әрі олар бәрібір жеңіске жетеді деп түсіндірген.

Сальвиниге қарсылық танытқан сардиналар жастар ұйымдастырған әлемдік трендтің италиялық нұсқасы болып табылады. Осыған қарап, бүгінгінің жастары ұлтшыл диктаторлыққа қарсы тұруға қорықпайтын ашық қоғамның сенімді қорғаны деген қорытындыға келдім.

Әлем бойынша дамып келе жатқан бұдан өзге құрылымдық күштерді көремін: көптеген қала әкімдері өте маңызды мәселе төңірегінде іс-шаралар ұйымдастыруда. Еуропада климаттың өзгеруі және ішкі көші-қон күн тәртібіндегі өзекті мәселелер саналады. Сондай-ақ, қазіргі жастардың көтеріп жүрген басты проблемаларымен сәйкес келеді. Аталған мәселелердің барлығын біріктіре отырып Еуропалық, ашық қоғамшыл әлеуметтік мықты қозғалыс ұйымдастыруға болады. Әлбетте, мұндай жоспарды жүзеге асыру уақыты әзірге белгісіз.

Біз  армандаған болашақ

Климатқа байланысты төтенше жағдайлар мен ғаламдық келеңсіздіктерді ескерсек, 2020 жыл мен одан кейінгі жылдары да Трамп пен Си Цзиньпиннің ғана емес, тұтас әлемнің тағдыры анықталады  десек артық айтқандай болмаспыз.

Тірі қалғанның күннің өзінде бізге ұзақ мерзімді стратегия қажет. Егер Си Цзиньпин әлеуметтік несие жүйесін толық енгізсе, ол Оруэллдың нағыз авторитарлы жүйесін және қиындықтан қашу үшін өз автономиясынан бас тартуға дайын жаңа адамды қалыптастыратыны анық. Жеке автономия жоғалса, қайта қалпына келтіру қиын. Ондай мемлекетте ашық қоғамға орын жоқ.

Мен ұзақ мерзімді стратегия ретінде барлық үмітіміз сапалы білімде екеніне сенемін, әсіресе сыни ойлау қабілеті мен интеллектуалды бостандыққа айрықша мән беретін автономиялы тұлға қалыптастыруға бағытталған білімді қолдаймын. Ондаған жылдар бойы ашық қоғам үшін жоғары білімнің пайдасы зор екенін көріп келемін және 30 жыл бұрын дәл осы сипатқа негізделген оқу орнын аштым. Ол Орталық Еуропа университеті деп аталады, оның миссиясы – ашық қоғам құндылықтарын одан әрі жетілдіру.

Үш жылдың ішінде Орталық Еуропа университеті әлеуметтік ғылымдар саласындағы ең үздік  100 әлем университеттерінің қатарына енді. Сондай-ақ, 120 елден келген студенттер және 50 елдің оқытушылары жұмыс істейтін ең халықаралық университет ретінде танылды. Академиялық бостандықты жоюға тырысқан Венгрияның авторитарлы премьер-министрі Виктор Орбанға қарсы шығып Орталық Еуропа университеті жаһандық бедел қалыптастыра алды.

Түрлі мәдениет пен дәстүрдің өкілі болып табылатын студенттер мен оқытушылар құрамы өзара ақылдасады, пікірталас ұйымдастырады. Яғни, белсенді азаматтық қатысу мен академиялық шеберлік ұштаса алады деген сөз. Алайда Орталық Еуропа университеті әлемге қажетті оқу орны атануға деңгейі жеткіліксіз. Әлем талап ететін жоғары оқу орны жаңа жаһандық білім желісін қалыптастыруды талап етеді.

Басты байлық – білім

Бағымызға орай, мұндай желіні жасап шығару үшін бізде арнайы құрылыс блоктары бар: Орталық Еуропа университеті мен АҚШ-тағы Бард- колледж ұзақ уақыт серіктес. ОЕУ – жоғары оқу орны, ал Бард – инновациялық,  еркін өнер гуманитарлық колледжі.  Ашық қоғам қорлары екі оқу орнына  қолдау көрсетіп, оларды дүние жүзіндегі басқа да университеттер мен колледжерге көмек қолын созуға шақырды. Бард пен ОЕУ әлемнің дамушы аймақтарында бірқатар табысты қарым-қатынастар орната білді.

Ашық қоғам қорларының әлемге қажетті жаңа әрі инновациялық білім желісін ұйымдастыру туралы амбициялық жоспарды жүзеге асыруына уақыт жетті. Мұндай білім жүйесі Ашық қоғам университтер желісі (OSUN) деп аталатын болады.

Ашық қоғам университтер желісі бірегей болмақ. Ол оқыту мен зерттеу жұмыстарына арнап халықаралық платформа ұсынады. Бірінші кезеңде қолданыстағы желілер тығыз байланысқа түседі, екінші кезеңде қатарымызға қосылғысы келетін және соған сай біліктілігі бар оқу орындарына желіге өтуге мүмкіндік береміз.

Идея тәжірбиеде іске асатынын дәлелдеу үшін бірінші кезеңді бастап кеттік. Әлемнің әр қиырында орналасқан бірнеше университет студенттеріне ортақ сабақтар өткіземіз, оқыту әдістерімен бөлісіп, өзге де университеттермен бірлескен зерттеу жобаларын жүргіземіз. 

Ашық қоғам университтер желісі Бард және Орталық Еуропа университетінің ізін жалғап жоғары білімге мұқтаж елдерді іздейтін болады, сонымен қатар босқындар, тұтқындар, Рома қауымдары және Рохинджа сияқты жер аударылған халыққа қызмет көрсетеді. Саяси қатерге ұшыраған, бірақ академиялық табысқа жеткен интеллектуалдарды аталған жаңа жаһандық желіде бастарын қосу үшін Ашық қоғам университтер желісі «Қауіпке ұшыраған ғалымдар» атты масштабты бағдарлама бастамақ ниетте.

Орталық Еуропа университеті CIVICA деп аталатын Еуропа университеттерінің әлеуметтік ғылымдар желісінің мүшесі болып табылады, CIVICA Париждегі  Sciences Po ұйымымен басқарылады және оның құрамына Лондон Экономикалық мектебі кіреді. Еуропалық одақ демеушілік жасап, консорциум мүшелерінен білім-ғылымда ғана емес, азаматтық және халықаралық серіктестікті талап еткен конкурста CIVICA жеңіске жеткен. Бұл салаларда ОЕУ-Бард серіктестігі алғашқы бастама болып отыр, ендігі уақытта CIVICA мүшелері де Ашық қоғам университтер желісіне қосылуға қызығушылық танытып, жаһандық желіге өз үлестерін қосады деп ойлаймын.

Ашық қоғам қорлары жаһандық білім жүйесін шынымен ұйымдастырғалы жатқанын дәлелдеу үшін 1 миллиард доллар қаржы бөлді. Бірақ мұндай ауқымды жобаны іске асыру бір өзіміздің қолымыздан келмейді, аталған бастамамызға қолдау көрсететін дүниежүзілік институттар мен серіктестер қажет.

Біз адамзат болашағының алдында жауапкершілікті сезінетін көреген серіктес, Ашық қоғам университтер желісі идеясымен шабыттанатын әрі оның жобалауына, жүзеге асыру жұмыстарына қатысқысы келетін адамдарды іздейміз.

Ашық қоғам университтер желісін өмірімдегі ең маңызды және ұзақ мерзімді жоба санаймын, тірі кезімде оның жүзеге асқанын көргім келеді. Ал Ашық қоғам университтер желісінің мақсатын дұрыс деп тапқан адамдар бізбен бірге жұмыс істеуге әзір екендігіне сенемін.


2020 жылы қаңтардың 23-і Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумының жыл сайынғы жиынында сөйлеген сөзінен ықшамдалып алынды

Демократияның қарсы шабуылы қайтсе жеңіске жетеді?

Джордж Сорос,
“Ашық қоғам” Қорының Төрағасы және негізін қалаушысы,
«Ашық қоғамды қорғау» кітабының авторы (Public Affairs, 2019).

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz