Apple, Facebook және Uber компаниялары пандемия кезінде адамдарға қалай көмектеседі

Пандемия кезінде әр түрлі салада қызмет көрсететін компаниялар вирус жұқтырған адамдарға, оларды емдеушілерге және карантинде отырғандарға көмектесіп келеді. Business Insider осындай компаниялар жайлы мақала жариялады.

 Louis Vuitton

Компания Франция ауруханаларына арнап парфюмерлік кәсіпорындарда антисептик өнімдерін шығарады. Өндірістің бірінші аптасында компания 12 тоннаға жуық антисептик шығарып, оны француз ауруханаларына тегін таратуды жоспарлап отыр.

L’Oréal

Бұл компания да қолға арналған дезинфекциялау құралын шығара бастайды. Косметика өнімдерін шығаратын компания крем орнына санитайзерлер өндіретін болады, сондай-ақ еріктілерге арналған гигиеналық жиынтықтарға €1 млн қаржы бөледі.

Burger King

АҚШ-та карантинде отырған оқушыларға тегін тамақ тарады. Ол үшін Burger King мобильді қосымшасында тапсырыс жасау керек. Тапсырыспен бірге компания екі балаға тегін тамақ әкеледі.

Uber Eats

Компания ауруханалар мен жедел жәрдем бөлімшелерінде қызмет ететін дәрігерлерге тегін тамақ таратады. Қызмет жергілікті бизнесті қолдау мақсатында 100 мыңнан астам тәуелсіз мейрамханалардан жеткізу төлемін алудан бас тартты.

Apple

Apple медицина қызметкерлеріне миллиондаған маска таратады. Компания басшысы Тим Кук туиттер парақшасында Apple дәрігерлерге вируспен күресуге көмектесетінін хабарлады.

«Біз АҚШ пен Еуропадағы медициналық қызметкерлерге миллиондаған маска таратамыз. Біз ат салысқан әр жанға алғыс білдіреміз»

Facebook

Facebook компаниясы да ауруханаларға 720 мың маска таратты. Компания бұл маскаларды Калифорнияда өрт болған жағдайда қолданғысы келгенін айтты.

Factcheck.kz