AliExpress-тегі 300 миллион сатып алушының дерегі тарап кетті

Cyble Research Team киберқауіпсіздік бойынша сарапшылар миллиондаған желі пайдаланушылары туралы ақпарат бар деректер базасын анықтады. Бұл жайлы компания өз блогында хабарлады.

Деректер қорында AliExpress, Ebay, Sony PlayStation Network, Steam, Blizzard Entertainment және басқа да онлайн қызметтерде бірнеше жыл бұрын тіркелген қолданушылар жайлы ақпарат бар. Атап айтқанда деректер қорында виртуалды сауда алаңы AliExpress-те 2014 жылы тіркелген 300 миллион пайдаланушысы жайлы ақпарат сақталған.

Сонымен қатар, алаяқтар 145 миллион Ebay, 77 миллион Sony PlayStation Network, 35 миллион Steam пайдаланушыларының (Valve), 14 миллион Blizzard Entertainment тұтынушыларын және тағы басқалар жайлы ақпаратты сатылымға шығарған.

Мамандар алаяқтардың құрбаны болмау туралы бірнеше кеңестер берді. Олар ешқашан жеке деректерді электрондық пошта немесе SMS арқылы жібермеуді, күрделі парольдерді пайдалануды, компьютерде және телефонда автоматты бағдарламаларды жаңартуды қосуды, сондай-ақ антивирусты пайдалануды ұсынды.

Cyble Research Team онлайн сауда жасаушыларға бірнеше кеңес берді:

  • Телефон, электрондық пошта немесе SMS арқылы қаржы және жеке ақпаратты ешкімге бермеңіз
  • Құпиясөзіңіз барынша қиын болуы тиіс және мүмкіндігінше көп факторлы аутентификацияны қолданыңыз
  • Қаржылық транзакцияны үнемі қадағалаңыз. Егер күдікті транзакцияны байқасаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.
  • Жеке компьютеріңізде, смартфоныңызда, ноутбугіңізде кең тараған антивирус қолданыңыз
Factcheck.kz