Әскерге шақырылушының жұмыс орнынан жеке деректерін талап ету қаншалықты заңды?

Әскерге жарамды азаматтарды шақырту маусымы биыл наурызда басталды. Биыл бұл процесс маусымның соңына дейін жалғасады. Мұндай қаулыны биыл 20 ақпанда үкімет қабылдады. Қаулыға сай, көктемгі шақыру наурыз-маусымда, ал күздегісі қыркүйек-желтоқсанға дейін созылады және жалпы саны 42 098 азаматты шақыру жоспарланып отыр. Соның ішінде көктемгі шақыртуға 18-27 жас аралығында 20 мыңнан астам азамат шақыртылады.

Дегенмен кейінгі кезде әскерге шақыруға қатысты көптеген проблема пайда болды. Әсіресе әскерге міндеттілерді көшеде, ойын алаңдарында, клубтарда және т.б. қоғамдық орындарда ұстап алып кету оқиғасы жиілеп барады. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, заң өкілдері заңнан жалтарған адамдарды іздеу барысында олардың қашып жүргеніне көз жеткізсе, қоғамдық орындарда алып кету – заңды деген еді.

Одан бөлек кейінгі аптада айтылып жүрген мәселенің бірі – әскерге шақырылатын азаматтардың жұмыс орнынан олардың жеке деректерін талап ететін құжаттың қаншалықты заңды екендігі туралы сұрақ. Төменде сондай құжатты талап ететін бір мысалды көруге болады.

Әскерге шақырылушының жұмыс орнынан жеке деректерін талап ету қаншалықты заңды?
WhatsApp мессенжерінде тараған сурет

Factcheck.kz мұндай құжаттардың қаншалықты заңды екенін әрі дербес деректерді қорғау заңына қайшы келмей ме деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қорғаныс министрлігі не дейді?

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқарманың әскерге жарамды азаматтардың жұмыс орнынан анықтама сұратуы – заңды әрекет дейді. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл “Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларын бекіту туралы” заңының аясында жүзеге асырылады. Дәлірек айтсақ, жергілікті орган 66 және 67-баптарына сәйкес заңды тұлғалардан әскери қызметке даярлауға жататын азаматтардың тізімін сұрата алады, олардың ішіне:

  • Толық аты-жөні,
  • Ұлты;
  • Білім;
  • Жұмыс орны және атқаратын лауазымы;
  • Меңгерген тілдері;
  • Тұрғылықты жері;
  • Ескертпе кіреді.

Заң бойынша көрсетілген тізім шынайы болуға және ол жергілікті әскери басқару органдарының сұрау салуы бойынша 1 күн ішінде ұсынылуға тиіс.

Бұл жеке дерекке қол сұғу емес пе?

Осы тақырып төңірегінде заңгер әрі адвокат Марина Абжановадан пікір сұраған едік. Марина бұл әрекеттің заңды екенін бірден айтты. Министрлік әскерге шақырылғандардың жеке деректерімен тікелей жұмыс істейтіндіктен оларды тіркеу кезінде дербес деректерді сұратуы әрі өңдеуі заңды дейді. Сол үшін бұл мәселеде министрлік тарапының әрекеті жеке деректерге қол сұғуға жатпайды. ҚР Қорғаныс министрлігінің №28 бұйрығының 10-бабына сәйкес, министрлікке қарасты ұйымдар мемлекеттік деректер базасынан әскерге жарамды азаматтардың жеке деректерін алып, өңдей алады. “Ұлттық ақпараттық технологиялар” акционерлік қоғамы “электрондық үкіметтің” ақпараттық-коммуникациялық операторы болғандықтан Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдарға әскерге жарамды азаматтардың жеке деректерін ұсынып отырады. Маринаның айтуынша, бұл заңды әрекет әрі бұндай сұрау болған кезде мемлекеттік және жеке меншік жұмыс орындарының басшылығы әскерге жарамды азаматтар туралы ақпаратты ұсынуы керек.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz