Қазақстанның сыртқы сауда көрсеткіші 140 миллиард долларға жетті ме?

2 мамырда болған мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Барлыбаев Еуразиялық экономикалық одақтағы Қазақстанның үлесі туралы және еліміздегі сыртқы сауда көрсеткіші жөнінде дерек келтірд. Депутат айтқан осы және өзге де мәлімдемені Factcheck.kz тексеріп көрді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 03:19:04)

Мәлімдеме: 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімшарт күшіне енді. Осы келісім аясында мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметінен түсетін кедендік төлемдер келесі пропорция бойынша қайта бөлінді: Армения – 1,22%;  Беларусь – 4,86%;  Қазақстан – 7,25%;  Ресей Федерациясы – 86,97%.

Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев

Үкім: Техникалық қате

2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енді. 2014 жылғы 11 желтоқсанда Армения парламенті ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялады. Сол кезде Армения – 1,13%, Беларусь – 4,65%, Қазақстан – 7,25%, Ресей – 86,97% кедендік үлеске ие болды. Депутат Армения мен Беларусь мемлекеттерінің проценттік үлесі туралы дерек келтіргенде қате сандарды айтқан. Аталған екі ел жайында келтірілген деректер 2020 жылы жаңартылған кедендік үлестің бөлінісі. Мәжіліс депутаты техникалық қате жіберген.

“кедендік әкелу баждарының сомалары” – тауарларды одақтың кедендік аумағына әкелуге байланысты мүше мемлекеттердің кеден органдары алатын міндетті төлемінің үлесі. Қарапайым сөзбен айтсақ ЕАЭО-дағы мүше мемлекеттердің сыртқы сауда қызметінен түсетін кедендік төлемдер мөлшерлемесі.

2015 жылы, яғни шарт күшіне енген уақытта сыртқы сауда көрсеткіші бойынша одақ ішінде жасалған экспорт пен импорттың 47,12%-і Ресейге, 17,89%-і Қазақстанға, 1,36% Арменияға, 30,91%-і Беларуське, 2,71%-і Қырғызстанға тиесілі болған. ЕАЭО бойынша одақтан басқа мемлекеттерге сауданың  83,51%– Ресей, 10,39% – Қазақстан, 0,59%-і Армения, 4,96%-і Беларусь, 0,55%-і Қырғызстан жасаған. Байқап тұрғанымыздай одақтың сыртқы сауда айналымында Ресей Федерациясының үлесі көп.

Мәлімдеме: Кейінірек, 2020 жылы, Қырғызстан одаққа қабылданып, оның 1,9 пайыздық үлесі бөлінген кезде Қазақстан мен Ресейдің әрқайсысының үлесі 1,5 пайызға бірдей төмендесе, Беларусь пен Арменияның үлесі өзгеріссіз қалды. Әрбір мемлекеттің үлесін пропорционалды түрде қысқарту дұрысырақ болар еді деп есептейміз. Сонда, шамамен алғанда, Қазақстанның үлесі 1,5 пайызға емес, 0,5 пайызға төмендер еді. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев

Үкім: Жалған

Қырғызстан Республикасы ЕАЭО-ға 2020 жылы емес, 2015 жылы қабылданған. Ал, 2020 жылы келісім-шарттың кедендік төлемдер үлесі туралы бөлігіне өзгеріс енгізіліп, әр мемлекеттің үлесі өзгерді. Қазақстанның үлесі депутат айтқандай 1,5%-ке емес, 0,3%-ке төмендеген. Сондай-ақ Ресейдің үлесі 1,91%-ке азайған. Армения 0,09%-ке, Беларусь 0,21%-ке өскен.

Армения Республикасы – 1,22%;
Беларусь Республикасы – 4,860%;
Қазақстан Республикасы – 6,955%;
Қырғызстан Республикасы – 1,900%;
Ресей Федерациясы – 85,065%.

2020 жылы ЕАЭО-дағы әр мемлекеттің кедендік үлесі

Расында Қырғызстанға берілген 1,9% үлесті қалған 4 мемлекетке бөлсек, әр мемлекеттің кедендік үлесінен 0,475% мөлшерін алу керек. Бірақ, кедендік үлестер мәжіліс депутаты айтқан секілді 4-ке бөліп есептелінбейді. Әр елдің үлесі мемлекеттің сыртқы сауда айналымы мен экономикалық көрсеткіштеріне қарап бөлінеді. Мәселен 2015 жылмен салыстырғанда 2020 жылы одақ тарапынан үшінші елдерге жасалған сауда көрсеткішіндегі Ресейдің үлесі 0,37%-ке кемісе, Беларусь елінің үлесі 0,05%-ке, Армения елінің үлесі 0,16%-ке артқан. Қазақстанның одақ ішіндегі сауда үлесі 0,77%-ке, одақтан тыс елдердегі экспорт пен импорты 0,19%-ке көбейген.

Мәлімдеме: Мысалы, егер 2020 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 86,4 миллиард АҚШ долларын құраса, 2022 жылдан бастап күрт өсіп, 2023 жылы 140 миллиард долларға жетті, яғни, бірден 40 пайызға өскен. Ресейде осы кезеңде сыртқы сауда айналымы 16 пайызға қысқарды. Осы көрсеткішке қарамастан, Ресей Федерациясы әлі де өзінің 85 пайызын, ал Қазақстан 6,95 пайызын алуды жалғастыруда.

Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев

Үкім: Шындық

2020 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 86 469 млн доллар болған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 139 833 млн долларға жеткен. Яғни 40%-ке өскен. Ресейде 2022 жылы 847 млдр болса, 2023 жылы 15,9%-ке азайып 710 млрд болған.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz