Жұмағұлов қастандық теориясына сүйене сөйлей ме?

30 наурызда өткен Парламенттік тыңдауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі болған, қазіргі сенатор Бақытжан Жұмағұлов «Батыс елдерінің кейбір теріс идеологиялық технологияларымен күресу әлдеқайда қиын» деп, әлеуметтік желі туралы заң қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, ол «Даллес жоспарын» сөз қылып, «Сол доктрина қазір де жетілдіріп, жалғасын тауып отырғаны күмән келтірмейді» дейді. Factcheck.kz сенатор сөзін тексерді.

Қазіргі таңда Батыс елдерінің кейбір теріс идеологиялық технологияларымен күресу әлдеқайда қиын және көзге түспейтіндіктен едәуір басым күші бар екенін мойындауымыз керек. Кезінде АҚШ-тың ЦРУ-ын басқарған Аллен Даллестің КСРО-ны ыдырату жөнінде доктринасы бар еді. Содан үзінді келтірейін: “әдебиет, театр, кино, бәрі адамның ең нашар қасиеттерін бейнелейді және дәріптейді. Біз адамның сана сезіміне зорлық-зомбылық, сатқындық, бір сөзбен айтқанда рухани құлдыраушылықты дәріптейтін шығармашылық адамдарын көберек қолдаймыз және қолпаштаймыз[…]” . Сол доктрина қазір де жетілдіріп, жалғасын тауып отырғаны күмән келтірмейді. “Араб көктемі”, ТМД-ның кейбір елдеріндегі, әр деңгейдегі ірілі-ұсақты демократия құндылықтары деген желеумен күштеп енгізіп жатқан революциялар бәрімізге белгілі. Халықаралық сарапшылар Қырғызстанда, Украинада, Арменияда өткен революциялар халыққа ешандай өзгеріс әкелмегенін айтады. ҚР жоғары сотының шешіміне сәйкес мемлекетімізде 22 ұйым экстремисттік, террористтік ұйым ретінде танылып қызметіне тыйым салынып отыр […]. …Сондықтан әлеуметтік желілер туралы заң қабылдау қажет деп білеміз.

Бақытжан Жұмағұлов

Үкім: Зомби-фейк және манипуляция

Академик Жұмағұлов айтып отырған «Даллес жоспары» 1990 жылдары пайда болып, кейін терістелсе де, бүгінге дейін пост советтік елдердің бірақарында өмір сүріп келе жатқан қастандық теориясы туралы зомби-фейк.

Доктринаның ағылшын тіліндегі түпнұсқасы әлі күнге дейін табылмаған, ал орыс тіліндегі «мәтіні» Ресейде экстремисттік деп танылған. Алайда бүгінге дейін ТМД қатарындағы елдердің биік трибуналарынан доктринаны «батыс елдерінің идеологиялық теріс ықпалынан», «жастарды рухани құлдыраудан қорғау үшін» ара-гідік айтылып қалады. Бұл туралы төменнен толығырақ оқыңыз.

Асылында бұл доктрина туралы ресейлік әріптестеріміз жазған. Даллес жоспарының барлық тіркесін совет жазушысы Анатолий Ивановтың «Мәңгілік қоңырау» (1981 жылғы басылым) романынан табуға болады. Зерттеушілер мәтінде айтылған идеяларды 1964 жылы тағы бір совет жазушысы Долд-Михайликтің романынан, тіпті Достоевскийдің «Жын-перілерінен» тапқан. Алайда, Ивановтың олармен тікелей мәтіндік кездейсоқтығы жоқ. Демек, «Мәңгілік қоңырау» жинағының Орталық барлау басқармасы (ОББ) директоры болған Аллен Даллеспен байланысы болмаса да, «жоспардың» бастапқы қайнар көзі болуы ықтимал.

Даллес жоспары тәуелсіз мәтін ретінде алғаш рет 1993 жылдың ақпанында «Роман-Газета» журналында жарияланған. Бұл жазушы және кейінгі партия қызметкері Борис Олейниктің Горбачевке қарсы «Қараңғылық ханзадасы» атты буклетінің бөлігі еді.

Сенатор келтірген жоспардың үзіндісі ресейлік медиада қайталана бере, жауыр болған мәтін. Материалдарда жоспар мәтіні айтылған уақыты деп 1945 жыл көрсетілген. Алайда Аллен Даллестің өзі ОББ-ны 1953-1961 жылары аралығында басқарған.

Б. Жұмағұловтың бір рас сөйлегені болса, ол экстремисттік ұйымдар туралы айтқаны. Дегенмен бүгінде Қазақстанда 22 емес, 23 түрлі ұйым қызметіне тыйым салынған.

Қорытынды

Даллес жоспары еш дәлелі жоқ, негізгі дереккөзі көркем әдебиет боп саналатын аңыз. Ал сенатор Жұмағұловтың әлеуметтік желі туралы заң секілді салмақты ұсынысты тәжірибеден шығып қалған негізсіз теорияға сүйене айтуы сенімсіздік тудырады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz