Жеміс-жидек саудасындағы кодтар нені білдіреді?

Соңғы күндері халық арасында сырттан тасымалданатын жеміс-жидектің сыртындағы жапсырмаларда жазылған кодтарға байланысты түрлі алып-қашпа әңгімелер және “банан сатып аларда абай болыңыз!” деген тақырыптармен ұқсас мәтіндер / видеолар / аудиолар тарап жүр. Жеміс-жидек саудасындағы кодтар нені білдіреді? Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Егер өнімде 3 немесе 4 санынан басталатын 4 таңбалы код жазылса, жемісті өсіру кезінде арнайы тыңайтқыштар мен пестицидтер қолданылған.

Таралған хабарлама

Үкім: Үкім жоқ

Халықаралық өнім стандарттары федерациясының (IFPS) мәліметі бойынша, 4 таңбалы 3000 мен 4000 мың арасынағы кодтар дәстүрлі жолмен өсірілетін жеміс-жидектер екенін білдіреді. Дәстүрлі жолмен өсірілетін жеміс-жидектерде қандай да бір химиялық тыңайтқыштың қолданылатындығы жазылмаған. Сондықтан да нақты айта алмаймыз.

4 таңбалы код кездейсоқ жазылатындықтан санның әрқайсысы нақты мағынаны білдірмейді, ол жерде интеллект жоқ. Ал кодтар жиілігі 3000 мен 4000 арасында жүретіндіктен 3 не 4 санынан басталатыны айдан анық.

Егер өнімде 9 санынан басталатын 5 таңбалы код жазылса, онда ол ешқандай тыңайтқыштың көмегінсіз өсірілген, әрі бұл әдіс “органикалық” деп аталады.

Таралған хабарлама

Үкім: Шындық

Халықаралық өнім стандарттары федерациясының (IFPS) мәліметі бойынша, органикалық өнімдерде 3000 мен 4000 арасындағы сериялық кодтардың басына “9” саны тіркеледі. Яғни 9-дан басталатын сан болса дәстүрлі тәсілмен өсірілген органикалық өнімдер санатына жатқыза аламыз.

9 саны қазіргі таңда префикс ретінде қолданылып жүр, яғни ешқандай химиялық тыңайтқыш қосылмай органикалық жолмен өсірілгенін айқындайды, өнімнің бағасына да әсер етеді. Мысалы:

  • #4194 – қандай да бір химиялық тыңайтқыш қолданып өсірілген алма;
  • #94194 – тек органикалық жолмен өсірілген алма.

Егер өнімде 8 санынан басталатын 5 таңбалы код болса, онда бұл өнім генетикалық жолмен модификацияланған (ГМО).

Таралған хабарлама

Үкім: Манипуляция

Халықаралық өнім стандарттары федерациясының (IFPS) мәліметіне сүйенсек, “8” саны расымен де ГМО қолданылған өнімдерді білдіру үшін қолданылған, алайда 2015 жылдан бері “8” санын қолданудан бас тартқан. Бұған тамақ өнімдерінде (оның ішінде жеміс-жидектер) ГМО қолданылғанын жазу міндетті еместігі себеп. Сонымен қатар, “8” префиксін белгілеу бөлшек саудада бағаға әсер етпеген. Бұл туралы 2015 жылы пресс-релиздерінде толыққанды жазған.

IFPS ұйымы болашақта 8 санын 3000 мен 4000 сериялары таусылғаннан кейін қосымша ретінде пайдалануды жоспарлап отыр. (мысалы 83000 не 84000).

Контекст

Халықаралық өнім стандарттары федерациясы бүкіл әлем бойынша өнім өндірушілердің ұлттық қауымдастығынан тұрады. Ұйымның негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарды әзірлеу, жаңа өнімнің сапасын бақылау әрі тұтынушыға сол арқылы өнімді ұсыну.

3000 мен 4000 арасындағы PLU (Price look up) кодтары супермаркеттерде 1990 жылдан бері қолданылып келеді. Бұл халықаралық ұйым бұл кодтар арқылы өнімнің қандай жолмен өсірілгенін айқындайды және сатып алушыға таңдау еркіндігін береді (органикалық жолмен бе әлде химиялық тыңайтқыштардың көмегімен өсірілген бе). Қазіргі таңда жүйеде 1400-ден астам код тіркелген.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz