Жамбыл облысындағы жарылыстан хабар таратқан журналистер полицияға шақырылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің “Көрінеу жалған ақпарат тарату” бабымен қылмыстық іс қозғады. Полицияға облыстық ішкі саясат басқармасы шағым түсірген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Куәгер ретінде Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастан, ал қорғануға құқығы бар куә ретінде 7 арнаның тілшісі Данияр Әлімқұл шақырылған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің “Көрінеу жалған ақпарат тарату” бабының “бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет” бөлімімен тергеліп жатыр. Тергеу амалдары басталған.

Іске қорғануға құқығы бар куә ретінде шақырылғанын растаған Данияр Әлімқұл үндемеу туралы қолхатқа қол қойып бергенін айтады.

Ал куә ретінде шақырылған Исламбек Дастанның айтуынша, Facebook парақшасында жарылыс кезінде тікелей эфир жүргізген. Онда жарылыс болып жатқанын, елдің үрейленіп келе жатқанын айтқан.

Желі қолданушылары журналистерді кәсіби міндетін атқарғаны үшін қылмыстық қудалауға болмайды деп жазды.

Контекст

  • Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Жамбылдағы жарылысқа байланысты “жалған ақпарат тарату” бабы бойынша іс қозғалып, журналистердің “тергеліп жатқанына” түсініктеме берді. Азаттыққа берген сұхбатында министр мәселеден толық хабардар емес екенін айтып, бірақ міндетті түрде “егжей-тегжейлі қараймыз: мәселе неден туындады, не үшін оны жауапқа тартып жатқанын анықтаймыз, көмек көрсетеміз” деді ол.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz