Жалған | Қасқырдың майы – коронавирустың емі

Әлеуметтік желіде қасқырдың майымен коронавирустан қорғануға болатыны туралы айтылып жатыр. Бұған дейін де иттің және қойдың құйрық майы коронавирустан емдемейтінін Factcheck.kz жазған. Ендеше қасқыр майы туралы ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрейік.

Үкім: Жалған

Біріншіден, қасқыр майының иммунтүрлендіруші немесе кез келген өкпе және респираторлық ауруларға қарсы емдік қасиеті жоқ. Бұл жағдайда тек сатушылар ғана пайдаға кенеледі.

Екіншіден, ДДСҰ ұйымы коронавирусқа қарсы халық арасында кең таралған медицина тәсілдерінің ешқайсысына дәлел жоқ екенін айтады. Вакцина дайын болса міндетті түрде ДДСҰ мен Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабардар етеді. Ал оған дейін COVID-19 анықталған жағдайда сақтық шараларды орындап, дәрігер бақылауында тек симптомдарды емдейсіз.

Майдың құрамы қандай болады?

Барлық майдың химиялық құрамы бірдей – күрделі глицерин эфирі мен жоғары бірнегізді карбон қышқылдарынан тұрады.

Жалған | Қасқырдың майы - коронавирустың емі

Сол себепті азық-түлік саласында ветеринария-санитариялық сараптама өте маңызды. Арам ниетті өндірушілер союға арналған жануардың еті және майы деп, союға арналмаған жануарлардың етін әрі майын сатуы мүмкін. Оларға мысық, ит, борсық және тағы басқа аңдар да жатады.

Тағы да ескеретін жайт: Қасқырдың немесе т.б. жануарлардың майының пайдасы туралы бірде-бір ғылыми зерттеулер жасалмаған. Сонымен бірге, ғылыми дәлелдерге сүйенбей қасқырдың майы коронавирустан емдейді дейтін әңгіме – сандырақ. Аталмыш емді қабылдау денсаулығыңызға зиянын да тигізуі мүмкін.

ДДСҰ халық арасында емделу үшін кең таралған әдістер туралы қандай ескерту жасады?

Батыстың, халық арасында кең таралған емдеу әдістері немесе үй медицинасының кейбір құралдары COVID-19 симптомдарын жеңілдетеді. Алайда осы аурудың алдын алу үшін бірде-бір емделуге арналған дәрілердің тиімділігі әлі еш дәлелденбеген. ДДСҰ өзін-өзі емдеумен айналысупауға және COVID-19 қарсы профилактикалық немесе дәрілік зат ретінде қандай да бір препараттарды өз бетінше қабылдамауға шақырады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz