Зерттеу: Шыңжаңда мыңнан аса діни қызметкер қамалған

Вашингтонда орналасқан Uyghur Human Rights Project (UHRP) 13 мамырда зерттеуін жариялап, Қытай Шыңжаңда 2014 жылдан бері кемі 1046 дін қызметкерін түрмеге немесе лагерьге қамаған деп мәлімдеді. Олардың ішінде 18 дін қызметкері қамауда я қамаудан шыққан соң қайтыс болған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

UHRP дерегінше, ұсталғандар арасында 850 имам, 122 молда, 20 азаншы және басқа да дін қызметкері бар. Ұйым 428 дін қызметкері түрмеге және 202 дін қызметкерін лагерьге қамалғанын анықтаған.

Қытай дін қызметкерлерін “экстремизм мен сепаратизмді насихаттады”, “жұртты жинап, қоғамдық тәртіпті бұзуға үндеді” деп айыптаған. Бірақ құжаттар мен куәгерлердің айтқанына сай, олар имам қызметін атқарып, жамағатпен намаз оқығаны, мұсылманша неке қиғаны, уағыз айтып, діни сабақ бергені үшін ұсталған. Арасында шетелде оқығанына бола жазаланғандар да бар.

Зерттеуге сай, ұсталған діни қызметкерлердің көбі – ұйғыр (843) мен қазақ (187). Арасында 12 қырғыз, бір өзбек және бір татар бар. Жазаланған молдалардың 98 пайызы – ер адам. 23 әйел “балаларға исламды оқытқаны үшін” лагерьге қамалған.

Мадияр Бабахан. Тұран университетінің 3-курс студенті.

Factcheck.kz