Волонтер күнделігі. IV бөлім. Ковидло қосылған бәліш және әзіл

Әріптесіміз Таша Соколова әлі де Мәскеудегі № 52 ҚКА-да волонтер болып жүр, бізге күнделік жазуын да жалғастырып жатыр. Бұл материалда әңгіме көбіне медицина қызметкерлері мен волонтер жұмысының жарқын жақтары туралы, сонымен қатар қиын сәттерде де әзіл адамға дәру екені, пандемиямен күресуге көмектесетіні туралы болмақ.

Біз – волонтерлер мен медиктер таңқалатын бір факт бар. Эпидемия Қытайда, Италияда және АҚШ-та өршіп жатқан кезде Фейсбук пен Твиттердің орыстілді лентасында шаршаған, қажыған медиктер туралы депрессиялық жариялымдар жүретін. Олардың кеңсіріктері көгеріп, жарылып кеткен, беттерін респиратор мен көзілдірік «сорып тастаған», қызметкерлер шаршағандықтан еденге жата қалып ұйықтайды. Мәскеудің басқа ауруханалары мен өңірлері туралы ештеңе айта алмаймын, бірақ бізде мұндай жағдай болған жоқ.

Науқастарды туған күнімен құттықтау үшін бір дәрігер өз бөлімінде ЖҚҚ-на (жеке қорғану құралдары) аниме-кейіпкерлердің суретін салады, волонтер өз костюмін түрлі түске бояйды, волонтер қыздар үйден қызықты шеңберлерді әкеліп, оны капюшондарының сыртынан тағып алады.

Біз өзіміздің де, айналамыздағы адамдардың да көңілін көтеруге тырысамыз. Қамығып, уайымға салынғаннан науқастардың жағдайы нашарлайды, ал төсегінің жанында жалғыз мүйізі бар волонтерді көрген сәтте көңілі көтеріліп, тіпті өмірге деген ерік-жігері арта түсетін тәрізді. Коронавирус жұқтырғандарға өкпесін жаттықтыру керек, біз ерекше тәсілдерді ойлап табамыз. Мысалы, шар үрлетеміз де науқастың палатасына іліп кетеміз.

Ординатор бөліміндегі телефонға біреу қоңырау шалды.

– Маған сіздер көмектесе алады деп айтты. Ертең Н.-ның туған күні, ал біз – оның отбасы карантинде жатырмыз. Оған қандай да бір тосынсый жасауға бола ма?

– Жақсы, тырысамыз.

Таңертең Н.-ның палатасы барлық бөлімнен келген шарлармен әсемделген, қабырғада принтерге басылып, скотчпен жабыстырылған құттықтау хаттары тұр.

Мен георгиев лентасының фанаты емеспін, шынымды айтсам, тіпті озат белгісімен шашын байлап, оны сөмкесіне тағып немесе көлігіне іліп қоятындарды ұнатпаймын. Ал биыл мен гүл шоқтарына лентаны айтып жеткізе алмайтын ерекше бір сезіммен байладым. Себебі оларды 9 мамырда ауруханада жатқан ардагерлер мен соғыс кезінде тәрбиеленген балаларға сыйлады. Өмір үшін коронавируспен соғысып жатқан сәтте георгиев лентасы өте орынды болып көрінді. Сол күні бірнеше бөлімнің дәрігерлері қолдарына гитара алып, ардагерлерге соғыс әндерін айтып беріп, құттықтады.  

Фото: Леонид Краснер

Айтпақшы патриотизм туралы – волонтерлердің арасынан әскери-патриоттық ұйымдардың белсенділері немесе басқарушы партия жақтастарын мүлдем кездестірмедім. Көлік бригадасына «Түнгі қасқырлардың» айбынды мүшелері жазылған жоқ, 9 мамырға коммунистердің белсенділері келген жоқ. Жалпы волонтерлерден басқа ешкім келген жоқ…

Коронавирус айырмайынша…

М.-нің ауруханада жатқанына 50 күннен асты, ұзақ уақыт жан сақтау бөлімінде болды. Оның палатасындағы қабырғада жазылып кетуіне көмектесетін мотивациялық суреттер ілінген. Ол туралы, нақтырақ айтқанда, оның күйеуі туралы ерекше хикая бар. Әзірге менің тәжірибемдегі жалғыз оқиға.

М. сырқаттанып , ауруханаға жатқанда оның күйеуі әйелінің жанында болып, оған қамқор бола алмадым деп қатты жабырқады. Содан кейін ол бізге – волонтерлерге келіп жағдайды түсіндірді, «мен бөлімде жұмыс істеуге дайынмын, тек сүйіктімнің жанында жүрсем болғаны» деді. Сөйтті де жан сақтау бөліміне кетті. Еден жуды, науқастарды тамақтандырды, тері ойылып кетпес үшін оларды аударып жатқызды, жараларды таңып, жөргектерін ауыстырды, кез-келген жұмысты істеді, бірақ сүйіктісін күнде көріп жүрді. Әйел көп уақыт дәрілік комада жатты, бірақ күйеуі үнемі жанында болды. Ол есін жиған кезде күйеуі жұмыста болып бірден оның түрін көрді, дауысын естіді. Әйел жан сақтау бөлімінде жатқан кезде ол да жан сақтау бөлімінде жұмысын жалғастыра берді. Бірнеше күн бұрын оның жағдайы жақсарып біздің бөлімге ауысқанда, күйеуі де жан сақтау бөлімінен бізге ауысқысы келетінін айтты.

Енді ол ауысымына келгенде М.-ге соғып кетіп, оның тәуір боп келе жатқанына қуанады да, бөлімдегі басқа науқастарға көмектесуге кетеді. Кезекшілік кезінде бос минуты бола қалса жанына барады, әңгімелеседі, ширақтығын қалпына келтіруге көмектеседі, тамақтандырады, қамқор болады. Шынымды айтсам, мен олардың хикаясын естіген кезде көзіме жас келді. Ал респиратор және көзілдірікпен жылау ыңғайсыз.

Коронавирус және ЖКСБ (жарақаттан кейінгі стресстің бұзылуы)

МКА-10-да коронавирус инфекциясын белгілеу үшін жаңа U07.1 коды пайда болды. Ал біз F бөлімінде (психикалық ауытқу және іс-әрекеттің бұзылуы) қашан COVID-19-бен байланысты жарақаттан кейінгі бұзылу болатынын күтіп жүрміз. Біз алғаш волонтер орталығына келіп, келісімшартқа қол қойған адамдардың қазір жоқ екенін түсінеміз. Бәріміз өзгердік. Кейбіріміз алғаш рет өлу процесін көрдік.

Бірнеше күн бұрын бір науқастың талдау нәтижесі өте нашар екенін түсініп, медбикелерге жүгіріп бардым – «бесінші блоктағы төртінші кереуетте жатқан К.-нің жағдайы нашар» деп талдау нәтижелерін айтып жатырмын. Медбике жәй ғана «Оның жағдайы нашар емес, ол кетіп бара жатыр» деді де, теріс бұрылды. Сонда мен терезе сүртіп, медициналық стөлдерді жуып жатқанда менен бір метр қашықтықта адам өліп бара жата ма? Жалғыз, жанында жақындары жоқ қой. Оның картасын парақтап көрдім, қызының нөмірі бар екен. Палатаға қайтып келдім. Науқас ес-түссіз жатыр, түтікше мен сым көп. Мынау жүректің жұмысын жақсартқыш, мойнында орталық көктамыр катетері, мынау асқазан зонды, мынау трахеостома, мынау пульсоксиметр және тонометр манжеті. Көрпесі ашылып қалған, төсек жаймасында қанның ізі бар.

Картасындағы мәлімет бойынша, қызының жасы 31-де, менімен қатарлас екен. К.-ні палатада жатқан басқа науқастардан пердемен бөліп қойдым. Стөл алып, жанына отырдым. Қан болған, жүдеп кеткен қолынан ұстадым. Басында үндемедім, кейін жәймен сөйлей бастадым: «Білесіз бе, бізге сіздің қызыңыз хабарласты. Ол сізге қатты алаңдап жатыр, сізді қатты жақсы көреді екен. Сіз ол үшін әлемдегі ең маңызды адамсыз. Өзі бізге солай деді. Ол бізге көп нәрсе айтты – балабақшаға баратын кезде шашын өріп, бантик тағып беретініңізді, ұйықтар алдында бетінен сүйетініңізді, қандай туған күн жасап беретініңізді айтты.  Бәрі оның есінде». Мұндай сөздерді мен өте ұзақ айтамын. Комада жатқан науқастардың айналасындағыны еститініне дәлел жоқ. Мұны өзімнің көңілімді жайландыру үшін айтатын тәріздімін.

Монитор шиқылдады, дыбыс жиілеп, даусы үдеп жатыр, содан кейін бір нотаға ауысты.

Дәрігерлер мен медбикелер жүгіріп келді, бір медбике менің қолымнан ұстап «бар, қарама, бәрі жақсы» деді. Ереже бойынша біз көмектесе алмайтынымызды білсек те науқасты реанимациясыз қалдыра алмаймыз. Сол себепті дәрігерлер хаттамаға сәйкес жұмыс істеп жатыр. К. өмірден өтті. Оның үстін жаймамен жауып, мәйітханаға хабарласуға кетті. Жарты сағаттан соң оны алып кетеді, ал мен төсекті жуып, жаймасын төсеп келесі науқасты қабылдауға дайындап қоюым керек. Палатаның алдында екі қоларба кезігіп қалды, біреуімен К.-ні мәйітханаға апарады, екіншісі оның орнына келесі науқасты алып келді.

«Екі-төрт» науқас

Желілік бөлімде науқастармен танысуға уақыт бар – біз олардан сауалнама аламыз, сөйлесеміз, өмірінің қандай да бір сәттері туралы білеміз. Жан сақтау бөлімінде ояу жатқан науқастар аз, барлығына сым мен түтікше қойылған, сол себепті оларды есте сақтау қиын. Мен бөлімдегі науқастардың бәрінің атын білемін, ал жан сақтау бөліміндегілерді тек кереуеті арқылы білеміз. «Екі-төрт» (екінші палата төртінші кереует) – оның тегі, аты және әкесінің аты, мінезі, хикаясы бар, бірақ айтылмайды. Ол бізге мамырдың басында түсті, нашарлап, жан сақтау бөліміне ауыстырылды, ӨЖЖ-ге қосты. Ол ұзақ уақыт ес-түссіз жатты, бірақ  кейін жағдайы жақсара бастады. Түтікті алды, маскамен болса да өзі тыныс ала бастады, содан кейін тамақ жеп, сөйлеп, күлетін болды. Мен өзімнің соңғы ауысымымда оған шырын алып келдім. Жан сақтау бөліміне зат беруге тыйым салынған, бірақ ол қызанақ шырынын қатты ішкісі келді. Біз волонтерлер дәрігерлерден рұқсат сұрап, оған сүйікті шырынының бір литрін сатып әпердік. «Сол шырынды ішсем мені бірден жан сақтау бөлімінен ауыстырады» деп қалжыңдады ол сол кезде. Ал кешке мен базадан оны расында желілік бөлімге ауыстырғанын көрдім. Бөлімде оны «екі-төрт» деп емес, атымен, әкесінің атымен атайды.

Бір сатуратте және екі ковидло қосылған бәліш беріңізші

Бөлімдегі жұмыстан бөлек, волонтерлер медицина қызметкерінің өмірін жеңілдететін кез-келген нәрсемен шұғылданады. Күндізгі ауысым дәрігерлері жұмысқа асығып үйде кофе және таңғы ас ішуге үлгермей ме? Түнгі ауысымдағы дәрігерлерге ауысымнан кейін аздап демалыс керек пе? – Аурухана аумағында ашық аспан астында дәмхана ашамыз, оны қағаз шар мен гирляндамен әсемдейміз, бізге шақыратын әдемі плакаттар жасаймыз. «Ковидушка» дәмханасындағы бизнес-таңғы асқа «сатуратте және ковидло қосылған бәліш» береді деп әзілдейміз.

«Ковидушка» дәмханасы. Фото: Леонид Краснер

Бізді жалпы әзіл ғана құтқаратын сияқты. Волонтерлер де сырқаттана бастады. Әсіресе тоғызыншы РжҚТБ-де (Реанимация және қарқынды терапия бөлімі) көп. Біз ол жақтағы волонтерлерді әзілдеп «Тоғызыншы рота» деп атайтын болдық. Ортақ чатта флешмоб бастадық – фильм тақырыбын немесе әннен үзіндіні алып, оны коронавирус немес ковид деген сөзбен алмастыру керек. Осылайша «Үшеуі қайықта, ковидті қоспағанда» («Трое в лодке, не считая ковида»), «11 ковидник дос» («11 друзей ковидника»), «Еркіндікке шыққан науқас» («Пациент освобожденный»), «Бәрі ковид, ал мен қаламын» («Все ковид, а я останусь») және «Мәскеу ковидке сенбейді» («Москва в ковид не верит») деген атаулар пайда болды.

Бірақ кей кездері әзілді бізге өмірдің өзі сыйлайды. Ординатор бөлмесіндеміз, мен отырған стөл есікке ең жақыны. Басқа бөлімнен тайвек (Tyvek компаниясының қорғаныс костюмдері – ред.) пен маскадағы біреулер келді. Ажырату мүмкін емес, бір-біріне ұқсайды. «Чумныхты әкелген жоқ па?» (чума – оба – ред.) деп сұрады. Тып-тыныш, ординатор бөлмесіндегілердің барлығы бір-біріне қарады. «Неге үндемейсіңдер? Чумных сіздерге ауысты ма, жоқ па?». «Эээ, бізде тек коронавирус жұқтырғандар, чумныйлардың (оба ауруы) қайда екенін білмеймін» деп таңқалып жауап берді дәрігерлердің бірі. «Чумных Александр Григорьевич. Сіздерге түсті ме, жоқ па?» деп қолындағы картаны көрсетті.

*** Ескерту – дәрігерлік құпияны сақтау мақсатында науқастың тегі мағынасы ұқсас сөзге ауыстырылды, ал есімі мен әкесінің аты кездейсоқ таңдалды.

Лазаряның қайта тірілуі

Позитив, әзіл мен сенім – адам өмірін құтқаруға көмектеседі. Біз соңына дейін сенімімізді жоғалтпаймыз және науқастар мен олардың туыстарынан да соны сұраймыз. Тіпті еш мүмкіндік қалмаса да. Сол кезде өкпесі 90% зақымданған науқастар да аман қалып жатады.

Л.есімді науқасымыз Армения азаматы. Шекара жабылардан бұрын Мәскеуге жұмыспен келген, отбасымен бейнебайланыс пен мессенджерлер арқылы ғана хабарласады. Түн ішінде кенет жағдайы нашарлап, жедел-жәрдем бізге ес-түссіз, тыныс алуы қиындаған күйінде жеткізді. Ол туыстарына өзін қай ауруханаға апара жатқанын, жалпы ауруханаға жатқанын айтып үлгермеген тәрізді. Қабылдау бөлмесінен оны бірден жан сақтау бөліміне жіберді, жеке заттарын қоймаға  апарды. Жан сақтау бөлімінде бір айдан аса жатты. Отбасы оны бар күшін салып іздеген, шекара жабық болғандықтан өздері келіп іздеуге мүмкіндігі болмаған.

Ары қарай бульвар детективі стилистикасындағы хикая басталады. Оның жоғалып кеткені туралы арыз Мәскеуге түскен. Оның жасы, бойы, шашы мен көзінің түсі туралы жалпылама мәлімет болған, сонымен қатар, мойнындағы алқада алтын армяндық кірес (крест) бар екені туралы көрсетілген. Кейін маған біреулер армяндық кірестің басқа христиандық кірестен пішіні бойынша айырмашылығы болатынын түсіндірді. Оны осы әшекейі бойынша іздеген. Сол кезде қалалық мәйітханалардың біріне құжаты жоқ, бірақ мойнында осыған ұқсас әшекейі бар қайтыс болған адамды әкелген. Басқа сипаттамалары да келіп тұрған сияқты. Жақындарына хабарласып, олар айтқан сипаттамаға сай келетін адамның денесі табылғанын, өзімен бірге құжаты мен телефоны жоқ екенін хабарлаған.

Л.-дің отбасы оның қайтыс болғаны туралы ауылға хабарлап, мүмкін бола салысымен бәрін нақтылап, жерлеу үшін денесін алып кетеміз деп ұшуға дайындалып отырған кезде жан сақтау бөлімінде жатқан Л.көзін ашты. Оның жағдайы жылдам жақсарды, сол күні-ақ түтікшені алып тастады. Л.ауруханада бір айдай жатқанын білген кезде туыстарына хабар беру үшін телефонын беруді өтінді. Оқиғаның ерекше екенін ескеріп, волонтерлер одан бауырының нөмірін алып, өздері хабарласты. Әуелде, Л.-нің бауыры біреу орынсыз әзілдеп тұр деп түсінген болуы керек. Л.-дің өзі тұтқаны алып, армян тілінде бір-екі сөз айтқаннан кейін ғана, ағасы оның амандығына сенген. Л.көп сөйлеуге қиналды, бірақ ол туған тілін тыңдап, қуаныштан жылады. Ал ана жақта, басқа елде оның бауыры да қуаныштан жылап жатқан еді…

Аударған – Балнұр Қожагелді

Таша Соколова
Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.