Вирусты тоқтату үшін тарату: үндістандық зерттеудің күмәнді тұсы

Жақында Үндістанның Мумбай қаласының айналасындағы кедей аудан тұрғындарының ұжымдық иммунитеті туралы ақпарат тарады. Ол жерде халықтың 60%-ке жуығы вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырғаны жазылған. Бұл туралы Bloomberg-ке сілтеме жасай отырып қазақстандық сайттар да хабарлады. Ақпарат қаншалықты рас екенін тексеріп көрейік.

Үкім: Шындық және манипуляция

Шілде айында NITI-Aayog, Үлкен Мумбай муниципалды корпорациясы (MCGM) және Тата іргелі зерттеулер институты (TIFR) бірлесе отырып Мумбайдың үш ауданында серологиялық (антиденені анықтау үшін) зерттеу жүргізгені рас. Ол жерде шынымен-ақ халықтың 57%-інде вирусқа қарсы антидене қалыптасқаны жазылған. Бұл туралы есепті “Үлкен Мумбай муниципалды корпарациясы” туиттерде таратты.

Алайда антидене төңірегінде нақты зерттеудің жоғы, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қанша адам вирус жұқтыру керектігі жөнінде деректің жеткіліксіздігі бұл тесттің дұрыстығына күмәнмен қарауға итермелейді.

Ал біздің медиа кеңістіктегі БАҚ бұл ақпаратты толық тексермей, мәліметке ат үсті қарап, таратқан. Толығырақ төменнен оқыңыз.

Зерттеу туралы

Зерттеудің алғашқы бөлігіне Мумбайдың ауқатты және кедей аудандарынан 6936 адам қатысқан. Зерттеушілер тестті өткізудің мақсаты тұрғындардың қанындағы SARS-CoV-2-ге қарсы антидене туралы ақпарат жинау болғанын жазады.

Ерікті ретінде қатысқан әрбір азаматтың жынысы мен жасы әртүрлі болған. Және оған медицина қызметкерлері де қатысқан. Тұрғындар арасында вирустың таралу қарқыны мен жалпы тарау уақытын түсіну үшін адамдарды екі түрлі кезеңде тексерген.

Зерттеушілер анықтағандай, COVID-ты қоздыратын SARS-CoV-2 вирусына қарсы антидене кедей аудандарда 57%-ті, ал ауқатты аудандарда орта есеппен 16%-ті құрайды. Зерттеуге қатысқан әйелдерде ерлерге қарағанда антиденелер көп болған. Қорытындыда белгілі бір жас тобында антидененің көбірек таралмайтыны туралы жазылған.

Зерттеушілер инфекциялардың көп бөлігі асимптоматикалық болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Ал кедей аудандарда антиденелердің көбірек таралуы халықтың тығыздығы және дәретханалар мен су құбырларын көптеген адам бірге пайдаланатынымен байланысты болуы мүмкін.

Таралудың қандай деңгейі ұжымдық иммунитетке жеткізетіні белгісіз болса да, зерттеу нәтижесі антидененің кедей аудандарда тез қалыптасатынын көрсетті.

Зерттеу қорытындысынан үзінді.

Айта кету керек, Үндістан серологиялық зерттеулерді тек Мумбайда ғана өткізген жоқ. Бұған дейін шілденің 21-де Дели қаласында өткен сынақ нәтижесі жарияланған. 2020 жылдың 27 маусымы мен 10 шілде аралығында өткізілген бұл зерттеудің қорытындысыда Дели халқының 23,48%-де IgG антиденсі табылғанын жазды. Екі қаладағы сауалнама да маска тағу мен әлеуметтік қашықтық, жеке бас тазалығы сынды шараларды жалғастыра беру керектігін айтады.

ДДСҰ-ның серологиялық тест туралы пікірі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы серологиялық сынақтар адамдағы антидене реакциясын өлшейтінін айтады. COVID-19 антиденелері вирус жұқтырғаннан кейін бірнеше күн немесе апта ішінде қалыптасуы керек. Антиденелердің болуы адамның ауыр немесе жеңіл ауруға шалдыққанына яки тіпті асимптоматикалық түрде өткеніне қарамастан адамның COVID-19 вирусын жұқтырғанын не жұқтырмағанын көрсетеді.

Алайда ДДСҰ да тесттің бұл түрінің тиімділігіне күмән келтіреді.

Серологияны популяциядағы инфекцияның таралуын өлшеу үшін COVID-19-ды бақылау кезінде қолдануға болады. Алайда, қазіргі уақытта серологиялық сынақтардың сезімталдығы мен ерекшелігі бойынша тиімділігі, сондай-ақ олардың қарапайым коронавирустармен, мысалы, SARS-CoV және MERS-CoV сияқты және басқа вируспен кросс-реактивтілігін бағалау мүмкіндігі белгісіз боп отыр.

ДДСҰ

Ұжымдық иммунитет дегеніміз не және ол қалай қалыптасады?

Ұжымдық иммунитет (ҰИ) қоғамдағы адамдардың көп бөлігіне вирус әсер ете алмаған кезде қалыптасады. Бұл кезде адамдар арасында вирус жұғуы біртіндеп төмендеп, ақырында инфекцияның тарауы тоқтайды.

Мұндай иммунитет қалыптасу үшін халықтың көп бөлігі ауруға шалдығуы керек. Мұны шекті пропорция деп атайды. Егер ауруға иммунитеті бар халықтың үлесі осы шектен асса, вирустың таралуы төмендейді. Осы ұжымдық иммунитеттің шегі деп аталады.

Ал ҰИ-ды қалыптастыру үшін халықтың нақты қанша бөлігі инфекция жұқтырып, вирус әсер ете алмай қалатындай жағдайға жетеміз десеңіз, бұл вирустың таралуына байланысты. Яғни неғұрлым ауру тез таралса, соғұрлым ауырған адамдар саны артуы керек.

ҰИ-ға жетудің екі жолы бар: біріншісі, вакцина. Әзірше әсері дәлелденген вакцина ешқай елде жоқ. Екіншісі, Үндістандағы секілді “табиғи инфекция”. Біз осыны талдап көрейік.

“Табиғи инфекция” арқылы ҰИ қалыптастыруға болады. Бұл адамдардың көп бөлігі ауырып, кейін жазылған соң антидене қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Алайда мұның дәл COVID-19-ға қатысты даулы тұстары бар. Мысалы кей зерттеу нәтижелері коронавирустан жазылған адамдардың бір бөлігі бірнеше айдан кейін қайта вирус жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін екенін көрсеткен. Бұл әлі де бірталай зерттеулер жүргізу керектігіне меңзейді.

Антидене туралы нақты зерттеу нәтижесі жоқ

Үндістандағы зерттеуге күмәнмен қараудың тағы бір себебі коронавирусқа қарсы антидене туралы нақты әрі сенімді ақпараттың болмауы.

Антиденелер – бұл инфекциямен күресу үшін иммундық жүйе жасаған молекулалар. Кейбір ғылыми-зерттеу топтары SARS-CoV-2-ге қарсы антиденелерді оқшаулауға және жұқтырған басқа адамдарға ем ретінде ұсынуға болатындығын тексеруде. Басқалары вакцина жасауға көмектесетін әр түрлі антидененің құрылымы мен қызметін зерттеп жүр.

АҚШ-тың Денсаулық министрлігінің жазуынша жақында өткен зерттеу жұмысына қатысқан 149 адамның 1%-де вирусқа қарсы тұра алатын антидене қалыптасқан. Қалғанында антидене төмен не өте төмен деңгейде болған. Бұлардың барлығы вирус жұқтырып, жазылып шыққандар.

АҚШ-та коронавируспен қанша адам ауырғанын анықтау үшін CDC-де лабораториялық тестті жасап шықты. Алайда олар антидененің әсері туралы әлі де зерттеу жүргізуі керек екендігін айтады.

SARS-CoV-2 инфекциясының әсерінен пайда болған антидене имунитетті қайта жұғудан қорғайтынын, не қорғамайтынын білмейміз. Егер де шынымен-ақ антидене иммунитетті қорғайтын болса бұл қанша уақытқа созылатыны, не қандай деңгейде (иммунитетті) қорғайтыны белгісіз. Қазір CDC ғалымдары бұл сұрақтарға жауап беру үшін зерттеулер жүргізіп жатыр.

CDC

Оның үстіне жақында Делидің басшылығы “антиген тесттердің көбіне өтірік нәтиже шығаратынына қарамастан сынақты тоқтатпағаны үшін” жоғарғы соттың сынына ұшыраған.

Қорытынды

  • Коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін нақты қанша адам ауырып шығуы керектігі әлі белгісіз, бұл туралы жалпы зерттеу болуы керек;
  • Тест нәтижесі антиденелердің бар-жоқтығын көрсетеді – бірақ, олар бізге оның санын айтпайды және олардың арасынан «бейтараптандыратын» антиденелерді анықтай алмайды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz