Сумах – Covid-19 емі екені рас па?

Әлемді алаңдатып отырған коронавирус дертіне байланысты көптеген фейк тарап жатыр. Әсіресе желі қолданушылары WhatsApp мессенджерінен келетін кез келген хабарламаны зерттемей, анық-қанығына көз жеткізбестен бөлісуге әуес.

Соңғы уақытта WhatsApp мессенджерінде “Коронвирустың емі – сумах” деген қауесет тарады. Мәтін алғаш түрік тілінде таралған. Ақпараттың рас-өтірігін factcheck.kz тексеріп көрді.

  • Мәтіннің қысқаша мазмұны: Түркияның Шырнақ ауданы Жизре ауылындағы намаз оқитын бір әйел түсінде Пайғамбар (с.а.с) тілдескенін айтып, мына нәрсені баяндаған: “Менің үмбетіме вирус тарамай тұрып, өкінішке түспей тұрып, мынаны біл. Бұл вирустың емі – сумахта (латынша аты Rhus coriaria) болады. Аздаған сумахты суға араластырып ішсе, Алланың рұқсатымен ауырған адам болса шипа тауып, ауырмаған адамға жұқпайтын болады”,-деді. Сондай-ақ желі қолданушы, мәтіннің соңында: Сумах сатушыларын ескертемін. Бірақ өтініп тұрып, сұрайтыным – сумахтың бағасын көтермей сатыңыздаршы. Неге десеңіз, бұл күндерде бірге болып, бір – бірімізге жәрдемдесіп, бірге ем іздеуіміз керек. Аллаға аманат болыңыздар деп аяқтаған.

Үкім: Жалған

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы әлі күнге дейін коронавирусқа қарсы вакцина жоқ екенін айтады. Тек вирустың алдын алу жолын ғана көрсеткен. Нақты сумах туралы да ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан да бұл ақпарат әзірге – жалған.

Ал ҚМДБ бұл ақпаратқа байланысты төмендегідей жауап айтты:

Біріншіден, мына мәселені түйсініп алайық. Түстің негізінде діни, яғни сенім, фиқһи (шариғи) мәселелер қалыптаспайды. Емдік мақсатта ішуге қолданылатын дәрілер де, өсімдіктер де шариғаттың шеңберіне кіреді. Екіншіден, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсте көруге әбден болады. Оған дау жоқ. Бірақ әлгі апайдың көргені әрі кетсе тек сол апайға ғана қатысты болады. Сумахтың шынымен-ақ емдік қасиеті бар екен. Асқазан ауруларына, қуықтың қабынуына (циститке) пайдасы бар. Сондай-ақ ғасырлар бойы араб пен түріктің тамағында дәмдеуіш ретінде пайдаланылып келеді. Сондықтан емді дәрігерлеріміздің кеңесінен іздейік. Елімізде енгізілген төтенше жағдайдың тәртібіне бағынайық. Сумах іздеп кетпейік.

Бауыржан Әлиұлы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі

Ақпарат қалай пайда болды?

26 наурызда quwaps kakadu ютуб каналына төмендегі видео жарияланған. Видеода бейтаныс ер адам қағазға жазылған оқиғаны оқиды да,”Алланың рұқсатымен ішкенге шипа болады. Күніне екі рет ішесіз” деп сумах қосылған суды ішеді. Видоның астындағы түсіндірмеде ақпараттың WhatsApp арқылы тарағаны жазылған.

https://www.youtube.com/watch?v=v1m5FszE3HU

Сондай-ақ, 28 наурызда Sheikh Eşref Efendi есімді Facebook қолданушысы парақшасында осы оқиғаны бөліскен. 821 адам өз парақшасына алып, 258 пікір қалдырған.

Контекст:

Сумах – шығыс асханасынында қолданылатын дәмдеуіштердің бірі. Медицина және косметологияда жоғары бағаланады. Халық медицинасы сумахты диарея, салқын тию кезінде қолданатыны жазылған.

Осы тұста, ҚМДБ сумах өсімдігі туралы қосымша дерек келтіреді:

Африка, Шығыс Азияда елдерінде өседі. Түркияда бұл өсімдік көбіне дәмдеуіш ретінде қолданылады екен. Сондықтан мұндай ақпарат әлдебір өнімдердің әккі жарнамасы болуы мүмкін екенін де естен шығармағанымыз абзал.

Наргиза Ерес
Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.