Су жұқпайтын ыдыс-аяқ зиян ба?

Жақында әлеуметтік желіде су жұқпайтын ыдыстарға қатысты «АҚШ химия қоғамының ғалымдары бір жылдан бері соттасып жүріп алпауыт компанияларды сотта жеңіп» шыққаны, тиісінше оларға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz ақпараттың рас өтірігін анықтады.

Су жұқпайтын ыдыс-аяқ зиян ба?
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат

Үкім: Шындық

АҚШ-тың Мэн штаты су жұқпайтын ыдыс-аяқты жасауда пайдаланылатын, жалпы PFAS деп аталатын химиялық қосындылар тобын қолдануға тыйым салғаны рас. Бұл туралы The Guardian секілді үлкен басылымдар да жазған. Бірақ «алкилфторлы қосылысы бар заттар түгел шектелген» жоқ, оны «қоспауға болмайтын шарасыздықта» қолдануға рұқсат әлі бар. Оның үстіне хабарды таратушы ақпаратты АҚШ-та PFASқа толықтай тыйым салынғандай берген. Зиян химиялық қоспалар туралы толығырақ төменнен оқыңыз.

Мэн штатының заң шығарушы органы PFAS-тың су мен құнарлы топырақта қанша көлемде тарағаны белгісіз екенін, оның қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететінін ескере отырып, амалсыз қосуға мәжбүр болмаса, 2030 жылдың 1 қаңтарынан бастап ешкім PFAS қосылған затты сата алмайтыны туралы заңды қабылдаған.

PFAS дегеніміз не?

Шындығында бұл химиялық қосылыстар түрі сіз ойлағаннан кең тараған. PFAS — 1950 жылдардан бастап бүкіл әлемде өнеркәсіпте және тұтыну өнімдерінде қолданыла бастаған химиялық заттар. Олар түбі жабыспайтын ыдыс-аяқтарда, су өткізбейтін киімдерде, даққа төзімді маталар мен кілемдерде, кейбір косметикада, өртке қарсы көбіктерде, майға, суға төзімді өнімдерде қолданылады. Бұдан бөлек, PFAS-ты аэроғарыш, автомобиль, құрылыс, электроника және әскери сияқты салада кездестіруге болады.

PFAS молекулалары байланысқан көміртек пен фтор атомдарының тізбегінен тұрады. Көміртек-фтор берік байланыстардың бірі болғандықтан, бұл химиялық заттар қоршаған ортада өздігіген ыдырамайды.

PFAS-тың екі түрі осы химиялық топ туралы ғылыми түсініктің негізін құрайды: перфторуктано қышқылы (PFOA) мен перфторуктан сульфонаты (PFOS) ең ұзақ өндірілген, қоршаған ортада көп тараған және жақсы зерттелген.

PFAS қоршаған ортада кең болғандықтан және адам өміріне дендеп еніп, оргнизмнен кетуі үшін көп уақыт кететіндіктен, оның түрі уақыт өткен сайын көбейіп жатқандықтан ғалымдар оның денсаулыққа қаншалықты зиян тигізетініне алаңдап, зерттеумен айналысып жатыр. PFAS-тың мыңдаған түрі бар екенін ескерсек, оны зерттеуде көп қиындық туындайды. Бүгінгі таңда бұл туралы адамзат білімі артса да, көп сұрақ жауапсыз қалып отыр.

PFAS пен коронавирус/басқа ауру байланысы

PFAS-тың организмде шектен тыс көбеюі адамның иммун жүйесіне әсер етуі мүмкін. Адамдар мен жануарларға жүргізілген зерттеу PFAS әсері вакцинаға антиденелердің реакциясын төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді. Тиісінше, инфекциялық аурулаға шыдамды төмендетуі мүмкін. CDC-дің жазуынша, COVID-19 бен PFAS арасындағы байланысты әлі талай зерттеу керек.

Адамдар қатысқан зерттеу кейбір PFAS-тың жоғары деңгейі төмендегідей нәтижеге әкелуі мүмкін екенін көрсетеді:

  • Холестериннің көтерілуі;
  • Балалар арасында вакцина тиімділігінің төмендеуі;
  • Бауыр ферментінің өзгеруі;
  • Жүкті әйелдерде жоғары қан қысымы не преэклампсия қаупінің артуы;
  • Жаңа туған нәрестенің салмағының біраз төмендеуі;
  • Бүйрек не жұмыртқаның қатерлі ісігі қаупінің өсуі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия ғылымдарының кандидаты Жанар Оспанова Factcheck.kz-ке құнарлы жерді ластап жатқан тек PFAS емес, басқа да заттар көп дейді.

Бір жағынан, біз бұл өнімдердің өмірді жеңілдету мен өмір сапасын жақсартудағы пайдасын көреміз. Алайда, екінші жағынан, бұл химиялық заттар қоршаған ортада және адам ағзасында өте тұрақты. Бұл олардың ыдырамайтынын және уақыт өте келе жинақталатынын білдіреді. PFAS денсаулыққа жағымсыз әсер етуі мүмкін екені туралы дәлелдер бар… Қазақстанда қалдықтарды жою проблемасы, оның ішінде PFAS, өте өткір. Әсіресе өнеркәсіптік қалаларда судың, топырақтың, ауаның ластануы байқалады.

Жанар Оспанова

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz