Шындық | Астанадағы балалар арасында көпжүйелі қабыну синдромы тарап жатыр

Соңғы кезде WhatsApp мессенджері арқылы астанадағы балалар көпжүйелі қабыну синдромына душар боп жатқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Тарап жатқан мәтінге сенсек, балаларда сегіз күнге дейін безгек болатыны, денелері бөртіп, буындары ауратыны айтылған. Біз мұның анық-қанығын тексеріп көрдік.

Шындық | Астанадағы балалар арасында көпжүйелі қабыну синдромы тарап жатыр
Тарап жатқан ақпарат

Үкім: Шындық

Астанадағы “№ 3 қалалық көпсалалы балалар ауруханасы” директорының медицина бөлімі бойынша орынбасары Роза Өтегенова бұл тараған ақпаратты растады [редакцияда аудиожазба бар]. Ол мұны постинфекциялы КҚС (МВС) дейді. Оның айтуынша, соңғы екі-үш аптада жоғарыда келтірілген симптомдары бар балалар ауруханаға түсе бастаған. Оларға ауру белгілерінің әр-түрлі болуына байланысты көпжүйелі қабыну синдромы деген диагноз қойылып жатыр. Бүгінге дейін біразы емделіп үйлеріне қайтып та үлгерген. Дәрігер оларға үй жағдайында ем-дом жасауға кеңес беріп босатып жатқандарын айтады.

Роза Өтегенова елді дүрлікпеуге шақырады.

Кейбір балалар әлі де тексеріс үстінде. Барлығының жағдайы тұрақты. Динамикалық лаборатория көрсеткіштерін бақылауда ұстаймыз. Әлеуметтік желіде тараған жазбалар бір жағынан адамды шошытады. Құдды бір жаңа ауру тарап жатқандай… Бірақ ауырған балалар қайда баруы керек? Әрине, ауруханаға келеді. Сондықтан бір-бірімізді қорқытпай, одан да бұл көпжүйелі қабыну синдромынының не екенін түсіндіруге тырысайық. Мұндай диагноз қою үшін науқас бірнеше тексерістен өтеді. Бұл синдром болғандықтан мұның дамуы негізгі қоздырушы ауруға байланысты.

Роза Өтегенова

Р. Өтегенова мұның “Кавасаки синромы” емес екенін ескертеді. Екеуінің клиникалық ұқсастықтары болса да, Кавасаки синдромы генетикалық ерекшелікке байланысты дамитын мүлде басқа ауру.

Бұл балалардың жағдайы туралы астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Мұратов та хабарлаған. Ол кей балаларда коронавирусқа тест оң нәтиже көрсеткенін де айтты.

Басқа елдердегі жағдай қалай?

Бұған дейін осыған ұқсас жағдай басқа елдерде де басталған. Тек бір айырмашылығы, астаналық балалардың ПТР тесті теріс нәтиже көрсетсе, еуропалықтардыкі оң нәтиже шығарып жатыр. АҚШ-тағы “Ауруды бақылауда ұстау, прафилактика және емдеу” орталығының жазуынша көпжүйелі қабыну синдромы (MIS-C) COVID-19 балалар мен жасөспірімдер арасында тараған соң екі-төрт апта ішінде байқалған.

MIS-C жағдайының көпшілігінде SARS-CoV-2 лабораториялық зерттеу кезінде расталады. Мұндайда жүректің зақымдануы, асқазан-ішек симптомдары және қабынудың айтарлықтай жоғарылаған белгілері байқалады.

Биыл сәуірде Ұлыбритания және Еуропада Кавасаки ауруы мен токсикалық шок синдромына ұқсас белгілері бар гиперинфекциялық шокы бар балалар тобы тіркелген. Науқастардың белгілері COVID-19-бен уақытша байланыстырылған, бірақ COVID-19 басталған 2–4 аптадан кейін жедел түрде дамығаны анықталды; барлық балаларда COVID-19-ды қоздыратын SARS-CoV-2 вирусы табылған. Осы алғашқы кластерде көрсетілген клиникалық белгілер мен симптомдарға қызба, бөртпе, конъюнктивит, перифериялық ісіну, асқазан-ішек симптомдары, шок, қабыну мен жүрек аурулары белгілері кірген еді.

MIS-C-ны басқа ауыр инфекциядан немесе қабыну жағдайынан ажырату балалар мен жасөспірімдерге күтім жасайтын дәрігерлер үшін оңай емес. COVID-19 пандемиясының көп аймаққа таралуын жалғастыруына байланысты, медициналық қызмет көрсетушілер арасында MIS-C туралы хабардар болуы оны дұрыс байқауға, ерте диагноз қоюға және уақтылы емделуге көмектеседі.

CDC

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz