Шошқа дауы. Субсидия қалай бөлініп жатыр?

Өткен аптада журналист Мақсат Толықбайдың шошқа мен жылқыға бөлінетін субсидия туралы айтқан даулы видеоүндеуі тарады. Видео қоғам назарын аудартып, резонанс тудырғандықтан, Factcheck.kz сайты ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Жылқыға бір тиын да субсидия бөлінбейді.

Мақсат Толықбай

Үкім : Манипуляция

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда, жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан келесідей қолдау шаралары қарастырылған: 

  1. Сатып алынған асыл тұқымдық аталық мал басына 100 мың теңге;
  2. Бие сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату үшін бір кг 60 теңге  нормативімен субсидия;
  3. Жылқының аналық басына азық дайындау және сатып алу құнын арзандатуға бір басына 20 мың теңге нормативімен субсидия;
  4. Жылқы малын өсіруге азық дайындау техникасын және қондырғыларды сатып алған жағдайда 25% инвестициялық шығындар өтеледі;
  5. Кредит және лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені 10%-ға субсидиялау қарастырылған.

Бір шошқа сатып алсаңыз Мемлекет сізге 140 мың теңге береді.

Мақсат Толықбай

Үкім: Манипуляция

Импортталған шошқа малын сатып алуға 140 мың теңге субсидия берілетіні рас. Бірақ, ол міндетті түрде асыл тұқымды аналық шошқа болуы шарт.

Мұны елде шошқаның асыл тұқымды басы жоқ болғаны үшін барып отырған шара деп түсіндіреді министрліктегілер. АШМ айтуынша, бұл норматив мал басының нарықтық бағасы негізінде қалыптасқан.

Шошқаның жем-шөбіне 40 мың теңге беріледі.

Мақсат Толықбай

Үкім: Манипуляция

Жоғарыда айтып өткендей, бұл шошқаны асылдандыруға арналған ақша. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша шошқаның өнімділігін ұлғайту мақсатында селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу үшін 40 мың теңге субсидия беріледі.

Ұсақ мал, қой-ешкінің жем-шөбіне 3-4 мың теңге бөледі.

Мақсат Толықбай

Үкім: Манипуляция

Шаруашылықтарда және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді субсидиялау бойынша қой басына 1 000 теңгеден, қойлардың асыл тұқымды аналық басына 2 500 теңгеден, асыл тұқымды ешкілердің аналық басын сатып алуға 40 000 теңгеден беріледі. Тауарлық отардың өсімін молайту үшін пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық қошқарды күтіп-бағуға 10 000 беріледі.

Моңғолия шынымен-ақ 90 млн мал басын ұстап отыр ма?

Моңғолдар кең далада ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатыр. Ол жақта қазір 60 миллионнан астам жануар жайылып жүр. Мал шаруашылығы- Моңғолияның ең негізгі табыс көздерінің бірі. Үй шаруашылығымен айналысатын адамдардың 35-%-ің жалғыз табыс көзі.

БҰҰ-ның ауылшаруашылық бірлестігі (FAO), 2019 жылғы дерек

Шошқа еті Қытайға экспортталып жатыр ма?

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында Қазақстан шошқа етін Қытайға сату үшін субсидиялап жатыр деген әңгіме тарап жатыр.

Бұл шындыққа жанасатын әңгіме. Қазақстан биылдан бастап Қытайға шошқа етін экспорттауды жоспарлауда. Былтыр жалпы саны 794 тонна шошқа еті шет елге сатылған.

Шошқа еті экспортын арттыру үшін Қытай нарығы негізгі нарық болып табылатынын айта кету керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz