Ресей Google компаниясына 3 миллион рубль айыппұл салды

Ресейде Google компаниясына Ресей Федерациясы аумағында ресейліктердің дерегін оқшаулаудан бас тартқаны үшін 3 миллион рубль (шамамен 17 млн 400 мың теңге) айыппұл салынды. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

“Google әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, компанияға 3 млн рубль айыппұл салынды”, – деді соттың баспасөз хатшысы Зульфия Гуринчук.

Роскомнадзор Google компаниясына қатысты жеке дерек туралы Ресей заңының бұзылуы туралы бап бойынша әкімшілік хаттама жасаған. Хаттамада компанияның Ресей аумағында ресейлік пайдаланушылардың дерегін оқшаулау фактісін растай алмағаны жазылған.

Google компаниясына алғаш рет бұл бап бойынша айыппұл салынып отыр. Бұған дейін компанияға “тыйым салынған” контентті өшірмегені үшін айыппұл салынған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz