Навальный 32 күннен кейін емханадан шықты

“Новичок” тобына жататын умен уланған ресейлік оппозиционер емханадан шықты. Ол ауруханада 32 күн емделді. Бұл туралы BBC Шарити клиникасының ресми сайтына сілтеп хабарлады.

Дәрігерлер мәлімдемесі

Шарити клиникасының пресс-релиздегі ақпаратына сай, Алексей Навальныйдың жағдайы жақсарғаны сонша, дәрігерлер оған клиникадан шығуына рұқсат берген. Бірақ дәрігерлер удың әлі де кері әсері болуы мүмкін екенін айтты.

Сонымен бірге, Навальныйдың емханада 24 күн жан сақтау бөлімінде жатқаны, жалпы 32 күн емделгені айтылған. Ал пресс-релизді жариялауға Навальный мен оның әйелі Юлия Навальная рұқсат берген.

Навальныйға не болды?

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты, 22 тамызда Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды.

Алексей Навальныйды “Шарите” емханасына әкеткен сәт.

Неміс дәрігерлері әскери зертхана қызметкерлерімен бірлесе отырып, ресейлік оппозиционер “Новичок” тобына жататын удың ізі табылғанын мәлімдеді. Батыс елдерінің басшылары мұндай заттарға санаулы адамдардың ғана қол жеткізе алатынын алға тартып, Кремльден түсініктеме талап етті.

2 қыркүйекте Германия үкіметі Навальныйдың “новичок” тобына жататын умен уланғанын хабарлады. Швеция, Франция және Еуропаның басқа елдеріндегі тәуелсіз ғалымдар Ресей опозиционері Алексей Навальныйдан алынған сынамаларда “Новичок” тобына жататын улы заттың барын растады. Германия үкіметінің хабарлауынша, үш тәуелсіз зертхана Навальныйдың анализін тексеріп, осындай шешім шығарды.

Ал 8 қыркүйекте ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың денсаулығы жақсарып, клиника Навальныйдың комадан шыққанын хабарлады. Сонымен қатар, күзеттің күшейгені туралы да ақпарат жарияланды.

Алексей Навальный уланғаннан кейін алғаш рет 15 қыркүйекте инстаграм парақшасында жағдайының жақсарып қалғанын және аппараттың көмегінсіз демалғанын жеткізді.

Халықаралық резонанас

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео “Алексей Навальныйдың улануына Ресейдің жоғары басшылығы тапсырыс беруі мүмкін” деді. Оның айтуынша, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері бастамашы әрі шешуші рөл атқаруы ықтимал. Сонымен бірге, Навальныйға жасалған қастандықты зерттеуге басқа да елдерді шақырды.

The New York Times басылымының дерегінше, неміс шенеуніктері Навальныйдың улануына байланысты Ресейге қарсы санкция салуды жоспарлап отыр. Бұған қоса ресми Берлиннің Еуроодаққа мүше елдерден қолдау күтенін хабарлады.

Франция президенті Эммануэль Макрон Навальныйге байланысты зерттеуге Ресей президенті Владимир Путинге мұқият болуға шақырды. Макрон Путинмен телефон арқылы байланысып, оппозиционерге жасалған әрекет туралы уайымдайтынын жеткізді. Сонымен бірге, Франция президенті Германия тарапының осы іске қатысты әр қадамын құптайтынын мәлімдеді.

Путин және Навальный

Францияның Le Monde басылымы 22 қыркүйекте Владимир Путин мен Франция президенті Эммануэль Макронның телефон арқылы сөйлескенде қандай әңгіме өрбігенін жазды. Басылымның мәліметінше, Путин Макронға “опозиционердің уды өзі ішуі мүмкін” деп айтқан. Ал Алексей Навальный бұл ақпарат туралы инстаграмда пост жариялаған еді. Ол Путиннің айтқан сөзі “провокация” екенін жазды.

Владимир Путин и Эммануэль Макрон. Фото: Reuters

Атын атамауды сұраған дереккөздің “Важные истории” басылымына хабарлауынша, Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінде (ФСБ) Навальныйға байланысты жағдайды бақылап отыратын бірнеше бөлім бар. Сонымен қатар “Кремльге ұнамайтын адамдардың әрбір қадамын бақылауға ұстауға тырысады”.

Басылымның хабарлауынша, Навальныйдың айналасын толықтай бақылап отыр. Электрондық почтадағы хаты, телефонмен сөйлескен аудиожазбалары т.б. Навальныйға қатысты жайттардан ФСБ хабардар.

Осыған дейін, NYT басылымы Навальный “Шарите” емханасында емделіп болған соң Ресейге оралып, жұмысын жалғастыратынын хабарлады. Бірақ ресейлік оппозиционер де, оның әйелі немесе оның ресми өкілдері де бұл ақпарат туралы ештеңе айтпады.

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.