Мирзияев Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуден бас тартты

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау қажеттігін мәлімдеді. Бір күн бұрын Қарақалпақстан астанасы Нүкіс пен республиканың өзге қалаларында жаппай наразылыққа ұласты. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 2 шілдеде Нүкіс қаласына келген Мирзияев республиканың жоғарғы орган өкілдерімен, ақсақалдар алқасы мүшелерімен кездескен.

“Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау процесі жалғасып жатқандықтан және Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75 баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін атап өтті” деп жазылған президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Контекст

  • Мәселе Қарақалпақстанның мәртебесіне қатысты баптар туралы болып отыр. Негізгі заңның қазіргі нұсқасына сәйкес, Қарақалпақстанның егемен мәртебесі бар және ол жалпыхалықтық референдум өткізу арқылы Өзбекстан құрамынан шығу құқығына ие.
  • Өткен апта соңында талқылауға шығарылған Конституция жобасында Қарақалпақстан суверенитеті мен оның Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы нормалар алынып тасталған болатын. Бұл Қарақалпақстан халқының ашу-ызасын туғызып, соңы жаппай наразылыққа ұласқан еді. 1 шілде күнгі Нүкістегі митингіге мыңдаған адам қатысқан. Ақпаратқа қарағанда, наразылық күшпен басылған. 

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz