Манипуляция  | 2017 жылдың 9 айында Қазақстанға келген туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті

«Қазақстанда халықаралық туризм дамып жатыр, 2017 жылдың 9 айында елімізге келген туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті – 5,8 миллион адам. Бұған дейін 5 жылда сыртқы туризм 5 миллион адамнан аспаған болатын (немесе сәл ғана асты)». Бұл ақпаратты Статистика комитетінің мәліметіне сүйене отырып Finprom.kz бизнес және қаржысараптамалық порталы жариялады.

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті сыртқы туризмге қатысты мынадай сандарды көрсетіп отыр (әзірге 2016 жылға) —  6 509 400  адам (ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде туризм түрлері бойынша қызмет көрсетілген келушілер санының негізінде).

Осындай көрсеткіштердің себебінен «Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында туризм жеке сала ретінде қарастырылып, ел экономикасын дамытатын негізгі бағыттардың бірі болған» — деп хабарлады ААҚО Рейтинг агенттігі. Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2025 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі 8%-ға жетеді деп мәлімдеді.

Үкім: Манипуляция

Шын мәнінде статистикалық мәліметтерде турист ретінде тіркелгендердің бәрі турист емес. Біз мұны қонақтардың елге келгендегі шығынын, қонақүй жалдауын және келген аймағын анықтап, тексеріп көрдік.

Туристік шығындар

LS бизнес порталының хабарлауынша, 2017 жылғы жалпы ішкі өнім көлемі 51,5 млрд теңгені құраған. Мәдениет және спорт министрі ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі 2016 жылы 1 пайызға жетті деген болатын. 2017 жылы туристер сұранысының 20%-ға көбейгенін қоса айтқанның өзінде үлес 1,2 % шамасында, яғни 2017 жылы бұл саланың қаржысы 618 000 000 000 теңге немесе $1,8 млрд.

Енді осы қаржыны есептеп көрсек. Сыртқы туристер (елімізге келген шетел азаматтары) (6 509 000) мен ішкі туристер (еліміздегі өз азаматтарымыз) (4 645 000), барлығы – 11 154 000. Әр адам бір сапарында орта есеппен елімізге 161 доллар қаржы қалдырған. Егер, ішкі туристерге қарағанда шетелдіктер екі есе көп шығын жасайтынын ескерсек, әр адамға шамамен 320 доллардан болады.

Орта есеппен аса қымбат емес елдерде (Қазақстан солардың қатарында) турист бір күнде шамамен 100 доллар қалдырады екен. Алматы әкімі бұл бағаны көтеріп тастады:

Шетелдік туристер Қазақстанға 1-2 күнге ғана келетін болып тұр. Әлемге танымал шипажайы жоқ ел үшін 1-2 күндік туристік сапардың жеткіліксіз болатыны белгілі. Бірақ Алматыдағы, Астанадағы немесе транзиттік қысқа мерзімді іссапарлар үшін өте тиімді.

Бірақ Finprom.kz порталының (Статистика комитетінің деректеріне сүйене отырып) 2016 жылға жүргізген басқа бір зерттеуі бар:

Турөнімдер мен қызметтерді іске асырудан 2016 жылғы кірістің жиынтық мөлшері 39,5 миллиард теңгені немесе шамамен $113 миллионды құрады (ыңғайлы болу үшін доллардың 2016 жылғы орташа курсын қолданамыз 1к 350), бұл ЖІӨ-нен күткен есептен 10 есеге аз. Яғни, осы ақпаратқа сүйеніп 11 154 000 адам деп есептесек, әр турист бюджетке бар-жоғы 10 доллар кіріс әкелген.

Қорытынды: Турист ретінде тіркелген әр адамның елге қалдырған қаражатын есептесек, ең жоғары көрсеткіштермен бергеннің өзінде шетелдік туристерді анықтайтын сандар бірнеше есе асыра сілтеп айтылған.

Туристер қайда тұрады?

Статистика комитеті шетелдік қонақтарды 2017 жылы орналастыру бойынша мынадай мәлімет ұсынды.

2016 жылы қонақ үйлер мен хостелдерге 722 715 адам орналасқан (немесе ресми мәліметтермен салыстырсақ елімізге келген әрбір 8-ші адам). 2017 жылы – 891 911 (әрбір 7-ші адам)

Қорытынды: Келген «туристердің» көпшілігі туыстары мен таныстарының үйінде тұрақтайды немесе еш жерде қонбайды. Тіпті заңсыз тұратындары да бар.

Туристердің нақты санын қонақ үйлерге орналасқандардың санына байланысты анықтауға болады. Қонақ үйде тұрақтаған қонақтардың барлығы елге туристік мақсатпен келді деп есептеген күннің өзінде ресми ақпараттан 8 есеге аз болып тұр.

Халықаралық тәжірибе: салыстырамыз

Салыстыру үшін ресми тіркелген туристер саны бойынша Қазақстанмен бірдей тұрған Бразилияны (Дүниежүзілік банк сайтындағы Әлемдік туризм ұйымының ақпараты –https://data.worldbank.org/indicator/ST.INT.ARVL?view=map) алайық.

Қазақстан Бразилия Бразилиялық ақпараттарға сілтеме
2017 жылғы туристер 6 509 000 6 578 000 Деректер
2017 жылғы туризмнен келген кіріс

 

Мин.$113 000 000

Макс.$1 800 000 000

$6 613 000 000 Деректер
ЖІӨ-дегі туризмнің үлесі 1%-1,2% (2017) 8,5% (2017) Деректер
Туризм саласында еңбек етушілердің саны 103 600 (2017) 115 000 (2012) Деректер
Бір туристен түсетін пайда (орташа есеппен) Мин.10$
Макс.320$
1005$ Кіріс / Турист саны
Әлемге танымал туристік орталықтар немесе іс-шаралар Байқоңыр
Астанадағы ЕХРО
Карнавал
Амазонка өзені
Игуасу сарқырамасы
Копакабан жағажайы
Құтқарушы
Христ мүсіні

 

Қорытынды: Шетелдік туристердің ресми сұраныс саны мен туризм саласындағы жұмыс орындарының саны бойынша Қазақстан мен Бразилия ұқсас. Бірақ, Бразилия экономикасына туризмнің қосқан үлесін көрсететін деректері біздікіне қарағанда орташа мәліметтермен сәйкес келеді. Сол көрсеткіштерге сенсек, шартты түрде турист елде 7-10 күн аралығында болады және күніне $100-дан $200-ға дейін жаратады (егер ол қымбат елдер қатарына жатпаса). ЖІӨ-дегі туризм саласының үлесі бойынша Қазақстанға алғашқы сан жақынырақ — $113 миллион. Ал шетелдік туристерге келетін болсақ, олардың Қазақстандағы шығынын негізге алсақ, ең көп дегеннің өзінде ақпараттағы саннан үш есеге аз, тіпті 10 доллар дегеніміз шындыққа жақынырақ тәрізді.

Қазақстандағы туризм: сандар қайдан шықты

«Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы» (ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 бұйрығымен бекітілген) бірқатар сұрақтарға жауап береді. «2015 жылы Қазақстанға келген барлық шетелдіктер саны 6 430,2 мың адамды құрады, ол 2014 жылға қарағанда 1,5%-ға көп».

Шетелдік резиденттердің көпшілігі көршілес үш елден келген:

Өзбекстан Республикасы (33,3%),

Ресей Федерациясы (27,8%) және

Қырғызстан Республикасы (20,7%).

Қорытынды: Туристер жиі келетін елдердің екеуі Ресейге табыс табуға кетіп бара жатқан еңбек мигранттары мен транзиттік жолаушылары бар донор-елдерге жатады. Мигранттар мен транзиттік жолаушылар көші-қон картасындағы «сапардың мақсаты» деген жерге туризмді белгілейтіні анық, бұл ақпараттар Статистика комитетіне жөнелтіледі.

Сарапшы не дейді?

Қазақстандық туристік ассоциация директоры Рашида Шайкенованың 2017 жылы 7 наурызда «Караван» газетіне берген сұхбатына сенсек, шын мәнінде Қазақстанға келетін туристер саны Статистика комитеті көрсеткен саннан әлдеқайда төмен тұр.

«Әсіресе туризм сегменті әлі күнге дейін жеке сала ретінде қарастырылмайды. Сол себепті кірген-шыққанның бәрін есептей береді. (…) Бізге жұмыс істеу үшін келген Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын да кейде турист деп есептейді», деді ол. Шайкеновадан пікір алған журналист Сергей Туник мақаланың басында «шын мәнінде турист ретінде 55-70 мың адам шамасында ғана келеді» деген сарапшылардың пікірін келтірген.

Қорыта айтсақ…

Манипуляция. Елге келіп, көші-қон картасында сапар мақсатын «туризм» деп белгілеген адамдардың бәрін автоматты түрде туристер қатарына жатқызады, олардың ішінде еңбек мигранттары да бар. Ресейге Қазақстан арқылы кетіп бара жатқан Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікістан азаматтары да көші-қон картасында елімізге кіру себебін «туризм» деп көрсетуі мүмкін.

Арнайы адамдар мен медиа елімізді туристер көп келетін ел ретінде көрсетуге тырысады. Соның нәтижесінде туристік саланы дамыту туралы концепция немесе еліміздің мәдени-тарихи орындарын шетелдерде жарнамалау және дамытумен айналысатын жаңа ұлттық компанияны құруға ақша бөлуді талап ету сынды шешімдер қабылданады.

Сонымен бірге БҰҰ-на қарасты жұмыс істейтін Әлемдік  туристік ұйым сынды маңызды институттар мен Дүниежүзілік банк те елдің ресми мекемелері ұсынған сандарды негізге ала отырып жұмыс істейді. Осылайша туризмнің даму деңгейін анықтап, инвестиция құю туралы шешім қабылдайды. Әр сала бойынша елдердің рейтингін жасаған кезде де (мәселен, Index Mundi) осы ақпаратқа сүйенеді, соның арқасында ел туристік жағынан дамыған болып көрінеді.