Мәди Ахметовтың электронды темекі туралы айтқаны қаншалықты рас?

Қарашаның 3-де өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Мәди Ахметов электронды шылымдар туралы дерек келтіріп, жастар арасында кең тарағанын айтты. Factcheck.kz депутат сөзін тексеріп, қаншалықты рас сөйлегенін анықтады.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 2:49:32)

Мәлімдеме: Сөрелерден шылым кетіп, орнын арнайы сұйықтықты толтыруды, қайта қуаттандыруды қажет етпейтін құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік вейп алмастырды.

Мәди Ахметов

Үкім: Дәлелденбеген

Темекі құрамындағы никотин мен электронды темекі құрамындағы никотин оның түріне қарай ерекшеленетіндіктен, бір реттік не электронды темекілер қорабындағы көрсетілген мөлшер күмәнді және бұған қатысты арнайы зерттеу болмағандықтан мұндай мәлімдемеге дәлел табу қиын.

Әдетте бір темекіде шамамен 6-8 мг никотин болады, оның 3-4 мг қанға енеді. Ал АҚШ-тың денсаулық сақтау саласындағы Truth Initiative ұйымының жазуынша, электронды темекілердегі никотиннің орташа концентрациясы 2013-2018 жылдар арасында 2,10%-тен 4,34%-ке дейін ұлғайған.

Мәлімдеме: Еліміздің ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы 2019 жылғы зерттеулерінің мәліметіне сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдердің саны 3 есеге, ал қыздар арасында 2 есеге өскен. Көш басында 3,9 пайыз көрсеткішпен алматылық жасөспірімдер тұр.

Мәди Ахметов

Үкім: Шындыққа жақын

Шынымен-ақ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ақпаратына сай, 2014 жылдан 2018 жыл аралығында 13-15 жастағы ұлдар арасында электронды темекі шегетіндер 3 есе, қыздар арасында 2 есе өскен. Бірақ, көрсеткіш біз көріп тұрғандай, 11 жастан емес, 13 жастан басталады. Ал Алматыға, не кез келген басқа аймаққа қатысты дерек табылмады.

Мәлімдеме: … Әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған элетронды және бір реттік темекілер бізге Қытайдан ешқандай сертификатсыз, шектеусіз мөлшерде ағылып келіп жатыр.

Мәди Ахметов

Үкім: Шындыққа жақын және манипуляция

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сай, никотинді жеткізудің электронды жүйелері (НЖЭЖ) 32 елде тыйым салынған. Тағы 79 мемлекет кем дегенде бір ішінара шектеу енгізген: мұндай өнімдерді қоғамдық орындарда пайдалануға, оларды жарнамалауға, сату көлемін ұлғайтуға тыйым салған немесе қорапқа ескерту жазу туралы талап қойған. Ал 84 елде ешқандай бақылау мен шектеу жоқ.

Біздің электронды және бір реттік темекілер туралы сауалымызға Мемлекеттік кірістер комитеті келесідей жауап берді: 2018 жылы 333 мың мл. никотині бар сұйықтық, 2019 жылы 1 908 мың мл., 2020 жылы 1 947 мың мл., 2021 жылдың 10 айында 3 266 мың мл. импортталған. Құрамында никотин бар сұйықтықтың барлық импорты Қытайдан емес, Ресейден келген, сондықтан да депутат мәлімдемесінде манипуляция белгісі бар.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі алда 13-15 жастағы балалар мен ересектер арасында темекі өнімдерін тұтыну туралы зерттеу жүргізу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Контекст

Джонс Хопкинс Университетінің темекіні жаһандық бақылау институтының хабарлауынша, 35 мемлекет никотиннің концентрациясын не көлемін реттейді, 33 ел никотиннен басқа зиянды ингредиенттерді электронды сұйықтықта қолдануға тыйым салады, ал тағы 33 мемлекет электрондық сұйықтықтың сапасын реттейді, қауіпсіздік пен сапаға баға беруді талап етеді немесе электрондық сұйықтықтағы араматизаторын реттестіреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жазуынша, Еуропада жалпы темекі шегудің азаю тенденциясы болса да, электронды темекіні пайдаланудың жылдам өсуі байқалады. Мысалы, Польшада 2016 жылы қарапайым темекіге (15,3%) қарағанда электронды темекі (23,4%) шегетін жастар көрсеткіші жоғары болған.

Түрлі деректерге сай, 80-90% электронды темекі Қытайда өндіріледі. Бұл өндірушілердің көпшілігі қарапайым темекі сататын америкалық және электронды темекі өндіретін компанияларға тауар жеткізеді. Алайда олардың кейбірі өндірістік базасын Қытайдан көшіріп жатқаны айтылады. Қазір ірі халықаралық электронды темекі өндіретін компаниялар деп келесілерді айта аламыз:

  • British American Tobacco;
  • Lorillard (2014 жылы команияны Reynolds American сатып алған);
  • Japan Tobacco International;
  • Fontem Ventures (Imperial Tobacco еншілес компания);
  • Philip Morris International;
  • Altria.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz