Қырғызстанда не болып жатыр?

5-нен 6 қазанға қараған түні Бішкектің орталық алаңында парламент сайлауының нәтижесімен келіспейтін он шақты партия өкілдері митинг өткізіп, сонымен бірге, сайлау нәтижесінің күшін жоюды және қайта сайлау өткізуді талап етті. Азаттық радиосы сарапшылар мәліметіне сүйеніп, Орталық сайлау комитеті сайлау нәтижесін жойғанға дейінгі жеңіске жеткен үш партияны (“Биримдик”, “Мекеним Кыргызстан”, “Кыргызстан”) қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке жақын саяси ұйымдар екенін хабарлады.

Сол түні наразылық білдірушілер Қырғызстан парламенті мен президент әкімшілігі орналасқан Ақ үйді басып алды. Содан кейін Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына да келді. Арнайы күштер (спецназ) митингке шыққандарды жақтайтынын айтып, қарсылық білдірмеді.

Биыл 11 жыл екі айға бас бостандығынан айырылған Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты наразылық білдірушілер қамаудан босатып алды. Атамбаев ​2013 жылы қылмыскер Азиз Батукаевқа жалған медициналық қорытынды жасауға көмектескені үшін сотталған еді. Атамбаевтың адвокаты 11 қарашаға дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті үйқамақта болатынын айтты.

Қырғызстанда не болып жатыр?
Фото: Euronews.com. Алмазбек Атамбаев

Саясаттанушы Досым Сатпаев Азаттық радиосына берген сұқбатында Қырғызстандағы жағдай туралы былай деді:

Қырғызстанның Орталық Азиядағы басқа елдерден айырмашылғы саяси жағдайды болжау мүмкін емес. Мысалы Атамбаев босатылады деп ешкім күткен жоқ. Қазір оның саяси болашағы туралы сұрақ туындайды. Билік оны қайтадан түрмеге қамауға тырысатыны сөзсіз. Алайда бұл тағы бір наразылық толқынын тудырады. Бәлкім Атамбаев жағдайды пайдаланып, бірінші кезекте мұрагер ретінде үмітін ақтамаған [Президент Сооронбай] Жээнбековке қарсы тұру үшін саясатқа қайта араласуы да мүмкін.

Қырғызстанда не болып жатыр?
Сооронбай Жээнбеков және Алмазбек Атамбаев. Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның қазіргі президенті Жээнбековті 2017 жылы саяси мұрагері ретінде тағайындаған.

Саясаттанушы Досым Сатпаевтың айтуынша, Қырғызстанда олигархтар мен саяси топтарға сүйеніп билікте қалу қиын. Сатпаев Қырғызстанның Беларусь (Беларусьте екі айға жуық өзін президент ретінде жариялаған Лукашенкоға қарсы митинг тоқтамай жатыр. Лукашенко биліктен әлі кетпеді) секілді емес екенін айтты. Саясаттанушының пікірінше, әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен пара алу және пандемиядан кейінгі кризис халықтың наразылық танытуына себеп болды.

BBC-дің жазуынша, Қырғызстан оппозициясы билікті өз қолына алғанын хабарлаған. Бірақ қазіргі Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысқандар туралы ғана айтып, видеомәлімдеме жасап жүр. Сонымен қатар, Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбековтің қайда жүргені белгісіз екенін Қырғызстан Қауіпсіздік Кеңесі басшысының орынбасары Өмірбек Суваналиев айтты. Ол қауіпсіздік үшін шекаралардың жабылғанын да жеткізді. Бірақ 7 қазанда Жээнбековтің баспасөз хатшысы Толгонай Стамалиева Азаттық радиосына президенттің Бішкекте екенін және ешқайда кетпегенін хабарлаған еді.

Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Өмірбек Суваналиевтің айтуынша, Қырғызстанның қазіргі уақытта жалғыз заңды органы — Қауіпсіздік кеңес.

Еуроодақ Қырғызстандағы барлық саяси күшті конституцияға сай әрекет етуге және жанжалды бейбіт жолмен шешуге шақырады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz