ҚХР басшысы Си Цзиньпин расымен де мешітке барған ба?

Соңғы уақытта коронавирусқа байланысты Қытай билігі мұсылмандардан кешірім сұрапты, Премьер-министр мешітке барып намаз оқыды деген сияқты алып-қашпа әңгімелер мен видеолар әлеуметтік желілерде жиі тарап жүр. Ал, бүгін Си Цзиньпин Бейжіңдегі Нюцзе мешітіне барып, мұсылмандардан дұға тілеуін сұрады деген видео шықты. Шыққанына аз болса да біраз көрілім (36 мыңнан астам) жинап үлгеріпті. Factcheck.kz ақпаратты тексеріп көрді.

Үкім: Фейк

Иә, расымен Қытай басшысы мешітке барған, бірақ бұл осыдан 4 жыл бұрын болған оқиға. CCTV арнасының ресми You Tube каналында Си Цзиньпиннің Қытайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі орналасқан Иньчуань қаласынадағы Синьчен мешітіне арнайы барғандығы жазылған.

Нинся-Хуэй автономиясына арнайы іс-сапармен барған ҚХР басшысы Синьчен мешітіне де кіріп, ондағы мұсылмандарға жылы лебізін білдірген. Бұл видеоның коронавирусқа және осыған байланысты қандай да бір тақырыпқа ешқандай қатысы жоқ.

Видеоның жалғасы бойынша…

Жоғарыдағы видеоның жалғасында монтаждалып қосылған эпизод бар. Ол жерде «Гонконгтың полиция басшылығы мұсылмандардан кешірім сұрады» деген эпизодты артынша монтажбен қосып жіберген. Яғни ҚХР басшысының мешітке баруы мен Гоконг полициясының мұсылмандардан кешірім сұрауын байланыстырмақ болған. Бұл әрине, манипуляция. Мынау осы оқиғаға байланысты ресми видео:

Видео 2019 жылдың 21 қарашасында жүктелген. Гонконг полиция басшылығы расымен де мұсылмандардан кешірім сұраған, бірақ басқа оқиға үшін. Видеодағы мәлімет бойынша, Гонконгтың басты атқарушы директоры Кэри Лэм және полиция басшылығы мұсылмандардан Коулун мешітіне көк түсті бояғыш қосылған су мылтығымен шашыратқаны үшін кешірім сұраған.

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор