Манипуляция | ҚазҰУ жетекші еуропалық университеттердің қатарына енді

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ресми сайты Academic Ranking of World Universities-European Standard (ARES) зерттеуіне сүйене отырып, Қазақ ұлттық университеті «АА+ жоғары бағасын алып, жетекші еуропалық университеттердің қатарына енгені туралы» хабарлады. Бұл жаңалықты қазақстандық БАҚ та, соның ішінде ҚазАқпарат та жазды. Factcheck.kz Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі ұсынған дереккөзге қаншалықты сенуге болатынын тексерді.

«Academic Ranking of World Universities-European Standard» («ARES») беделді еуропалық рейтингінің зерттеулері бойынша әл-Фараби атыгдағы ҚазҰУ «АА+» жоғары бағасына ие болып, жетекші еуропалық университеттердің қатарына енді.

ҚазҰУ-дың ресми сайтынан

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, Academic Ranking of World Universities-European Standard Қазақстан университетін Еуропадағы жоғары оқу орындарымен салыстырмаған. Олар тек еуропалық бағалау жүйесін ғана қолданады. Рейтингті қалай зерттегені туралы методология толық әрі ашық көрсетілмеген.

Екіншіден, рейтинг әр ел бойынша бөлек көрсетілген. Атап айтсақ, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Грузия, Ресей және Қазақстан. ҚазҰУ тек Қазақстан университеттері арасында бірінші орында тұр. ARES зерттеуінде Еуропадағы үздік университеттерді салыстырып, рейтинг жасалмаған.

ARES зерттеуінің 2019 жылғы қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ең үздік 5 университет:

  1. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
  2. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
  3. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.
  4. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.
  5. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті.

Халықаралық рейтингте ҚазҰУ нешінші орында?

  • Topuniversities.com дерегінше, әл-Фараби атындағы университет 2019 жылы 220-орында болған. Биыл 207-орынға көтерілген.
  • Ал Rsityrankings.ch сайтының дерегінше, қазақстандық жоғары оқу орны 207-орында, ал былтыр жоғарыда көрсеткен рейтингтегідей 220-орында.
  • Қазақ Ұлттық университеті 4icu.org мәліметінше, Еуропадағы үздік 200 университеттің қатарына енбейді.
  • әл-Фараби атындағы университет Timeshighereducation.com дерегінше, Азиядағы үздік 300 университеттің арасында 251-орында.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz