27 қазанда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Ғалымжан Елеуов Қазақстандағы медицина саласындағы кадрлар тапшылығы мен қызметкерлердің шетелге кетуі жайында сөз қозғап, депутаттық сауал жолдады. Factcheck.kz редакциясы депутаттың айтқанын тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Қазіргі таңда медицина саласында 7,5 мыңға жуық кадр жетіспейді. Бұл әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, дәрігер-лаборанттар және инфекционистер арасында байқалады.
Ғалымжан Елеуов, депутат
Үкім: Жартылай шындық
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, 1 қазандағы жағдайға сәйкес медицина саласындағы кадр тапшылығы — 3947 маманды құраған. Әсіресе жалпы практикамен айналысатын дәрігерлер (525 адам), анестезиолог-реаниматолог (334 адам), терапевт (297 адам), акушер-гинеколог (233 адам), педиатр (197 адам) және инфекционистер (110 адам) жетіспейді.
Дәрігер мамандардың тапшылығы бойынша Қостанай облысы 477 бос орынмен көш бастап тұр. Одан кейін Ақмола — 338, БҚО — 298, Солтүстік Қазақстан — 295, Нұр-Сұлтан қаласы — 283, Маңғыстау — 277, Алматы облысы — 262 және ШҚО — 256 кадр тапшылығы байқалады.
Мәлімдеме: Тек соңғы 4 жылдың ішінде Қазақстаннан 4,5 мыңнан астам медицина қызметкері кетті [шетелге — ред.].
Ғалымжан Елеуов, депутат
Үкім: Жартылай шындық
ҚР Ұлттық статистика бюросының сыртқы көші-қон статистикасы бойынша, соңғы 4 жылда (2017-2020) 4260 медицина қызметкері шетелге кеткен.
Контекст
Stat.gov.kz сайтының мәліметінше, депутат айтқан 4 жылда (2017-2020) Қазақстанға 1415 медицина қызметкері келген. Оның ішінде, 2020 жылы — 233, 2019 жылы — 302, 2018 жылы — 396, 2017 жылы — 484 және 2016 жылы — 455 медицина қызметкері Қазақстанға қоныс аударған.