Қамаудағы саясаткер Жанболат Мамайға тағы екі айып тағылды

Қазақстанда ресми тіркелмеген “Демократиялық партияның” жетекшісі Жанболат Мамайға “Алматыдағы қаңтар оқиғалары кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” және “төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты” деген екі айып тағылды. Бұл туралы саясаткердің әйелі Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлады.

Иманбайдың жазуынша, Жанболат Мамай “айыпты” деп танылса 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Мамайдың сөзінше, тергеушілер қаңтардың 4-і күні “Алматы Арена” спорт кешені алаңында өткен бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздік деп бағалаған. Бұған қоса, оппозиционерді “шерушілерді Республика алаңына дейін баруға шақырды” деп айыптаған.

Алматы Аренада сөйлеген сөзімнің толық нұсқасы бар. Онда мен ешкімді ешқайда шақырмадым. Керісінше, шерушілерге сонда қалуды, ештеңені бұзбауды және полициямен қақтығыспауды өтіндім. Оның үстіне бірнеше минуттан кейін мені басқа шерушілермен бірге ұстап әкетті.

Жанболат Мамай.

Мамай «Жаңаөзенде 10 мың адам шеруге шықты» деген сөзі үшін «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағып отырғанын айтады.

«Жаңаөзенде 10 мың адам шеруге шықты» дегенім үшін олар маған «Көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағып отыр. Бұл БАҚ-та жарияланған ашық, сенімді ақпарат емес пе? Әлде прокуратура шерушілерді санап, барлығы 9999 адам болғанын айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарғысы келеді ме? Логика қайда?Прокуратураның логикасына сүйенсек, президент Тоқаевқа да айып тағуға болады. Ол “қаңтар қырғынында” Алматыға 20 мың лаңкес шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ал бұл террористер қайда десек, 5 маусымда Тоқаев 20 000 лаңкестің болмағанын ашық мойындады.

Жанболат Мамай.

Контекст

  • Жанболат Мамай 14 наурызда Алматыда өзіне қозғалған екі қылмыстық іске қатысты қамауға алынған. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады.
  • Белсенді 25 ақпаннан бері қамауда отыр: бастапқыда ол Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 күнге қамалды, кейін “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату” баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына қамалды.
  • Бұған дейін халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін оппозиция белсендісі Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz