Instagram мен Facebook фейк жазбалар мен аккаунттарды өшірді

Instagram мен Facebook-тағы 214 қолданушы, 35 парақша, 18 топ және 34 акаунтты «шетелдің немесе мемлекеттің араласуына қарсы» саясатын бұзғаны үшін өшірді. Компанияның хабарлауынша, жойылған қолданушылар мен топтың үшеуі Ресеймен байланысты болған.

Желідегі акаунттардың ішіндегі белсенділігі үш дәрежеге бөлінген: жоғары дәрежеде Сирия мен Украинада, орташа дәрежеде Түркия, Жапония, Арменя, Грузия, Беларусь және Молдавада, ал төменгі дәрежеде Ұлыбритания мен АҚШ-та.

Зерттеу көрсеткендей, акаунттар фейк болып шықты және өмірде жоқ адамдардың атынан тіркелген. Жалған акаунттар Сириядағы азаматтық соғыс, Түркияның ішкі саясаты, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы геосаяси проблемалар, НАТО, Украинадағы соғыс және Балтық, Грузия, Армения, Беларусь, АҚШ елдеріндегі өзге де саяси мәселелер туралы бірнеше тілдерде ақпарат таратып келген.

Одан бөлек Facebook жүздеген фейк жазбаны жою туралы да шешімін хабарлады. Өшірілген хабарламада Қытайдың және Филиппиннің қорғаныс күштерінен бөлек, осы елдің және АҚШ саясатына да қатысты жазбалар жарияланған. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Компанияның мәлімдеуінше, Қытай мен Филиппинде орналасқан екі түрлі акаунттағы жазбалар Facebook-тың «шетелдік немесе мемлекеттік мекеме атынан жалған мінез-құлық үйлестіру» ережелерін бұзғаны үшін өшірілген.

Жалған акаунттардың бірі Филиппиннің ішкі саясатына назар аударған. 2019 жылдан 2020 жылға дейін өз қызметін жеделдетіп, қарулы күштермен және полициямен байланыста болған. Фейк акаунттар саяси мазмұндағы хабарламалар таратып отырған және оларға 280 мың қолданушы тіркелген.

Facebook хабарлауынша, Қытаймен байланысты аккаунттар (Facebook және Instagram парақшалары мен топтарын қоса алғанда) виртуалды жеке желілерді пайдалана отырып, геолокациясын жасырып, ақпаратты Оңтүстік-Шығыс Азияда, әсіресе Филиппинде тарату үшін пайдаланған. Онда 130 000-нан астам адам тіркелген.

Контекст

  • 2019 жылдың 13 наурызынан бастап Whatsapp және Instagram әлеуметтік желілері Facebook компаниясының қарамағына кірген.
  • Facebook 2019 жылдың үшінші тоқсанынан бастап компания саясатына қайшы әрекет ететін контентті өшіре бастаған. Жалған ақпараттың таралуы және арандатушылық контенттің артуына байланысты компания 2019 жылдың маусым – қыркүйек айларында 1,9 млрд спам санатына жатқызылған және зорлық-зомбылық мазмұндағы 29 млн жазба өшірген.
  • Ондай фейк аккаунтар біздің елде де бар. Оларды көпшілік “Нұрботтар” деп атайды. Олар әлеуметтік желіде шенеуніктердің мәлімдемелеріне пікір жазып, тұңғыш президент пен үкімет жобалары жайлы мақтау айтып, қажет болса билікті сынағандарға “тарпа бас салады”.

Дайындаған: Алмабек Ерболатұлы

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz