HRW Қазақстанды Шыңжаң зерттеушісін елге кіруіне рұқсат беруге шақырды

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды Шыңжаңдағы қуғын-сүргін құрбандарының базасын әзірлеген ерікті Евгений Бунинге елге кіруіне мүмкіндік беруге шақырды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Өткен аптада Нұр-Сұлтанның Евгений Бунинге 5 жылға дейін Қазақстанға кіруіне тыйым салғаны белгілі болған.

“Бунинге тыйым салу – Қазақстанның Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге берген жауабы бойынша төмендеген тағы бір сатысы. Қазақ үкіметі керісінше тыйымды жойып, Бунинге маңызды зерттеуін, оның ішінде Шыңжаңнан қашқан қазақтар немесе сол жақта туысы ұсталған немесе жоғалғандар жөнінде маңызды жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беруі тиіс ” деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

8 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде HRW “Қазақстанның Қытаймен ортақ шекарасы бар, тығыз экономикалық байланыс та орнатқан. Қазақстан үкіметі бұған дейін Пекинмен қарым-қатынасты бұзбас үшін адам құқығын да құрбан етуге дайын екенін көрсетті” деп атап өтеді.

Контекст

  • Тегі орыс АҚШ азаматы 36 жастағы Евгений Бунин 4 қыркүйек күні Бішкектен Алматыға ұшып келгенде, Қазақстан кеден қызметі оны елге кіргізбей, депортациялаған. Кеден қызметі оның Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынғанын мәлімдеген.
  • Әлі күнге дейін Қазақстан билігі оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz