Freedom House: 2020 жылы әлемде демократия қатты құлдырады

Әлемдегі демократия мен адам құқықтарының ахуалын зерттейтін Freedom House ұйымы былтырғы әлемдегі еркіндік деңгейін саралайтын есебін жариялады. Ұйымның тұжырымы бойынша, коронавирус пандемиясы, экономикалық тербеліс пен қақтығыстардың кесірінен 2020 жылы әлемдегі еркіндік деңгейі құлдыраған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Вашингтонда орналасқан үкіметтік емес ұйымның 3 наурызда жарық көрген есебінде “еркін емес ел” санатына кірген мемлекет саны соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Еркіндік жоқ елдер қатарына бұрынғы СССР құрамындағы республикалардан Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан кірген.

Әр ел бойынша талдау жасаған Freedom House мамандары саяси құқықтар мен азаматтық бостандық мәселелерінде көп шегініс жасаған елдер деп Қырғызстан мен Беларусьті атаған. Ал көп жетістікке жеткен мемлекет ретінде Солтүстік Македония назарға іліккен.

Есепке сүйенсек, былтыр әлемнің 73 елінде демократия көрсеткіші төмендеген. Жағдай нашарлағандар арасында Қытай, Беларусь, Венесуэла сияқты автократиялық елдер ғана емес, “демократия қиындыққа ұшыраған” АҚШ пен Үндістан да бар.

2020 жылы “демократия жақтастары авторитар қарсыластарымен күресте ойсырай жеңілді, әлемнің басым бөлігі тирания жағына қарай ойысып кетті” делінген есепте.

Он жылда “еркін ел” саны 87-ден 82-ге азайса, “жартылай еркін елдер” сол қалпы 59 болып қалған, ал “мүлде еркіндік жоқ” елдер саны 47-ден 54-ке көбейген. “Еркіндік жоқ” 54 елде әлем халқының 38 пайызы тұрып жатыр. Бұл – осы құлдырау басталғалы бергі ең нашар көрсеткіш. Он жылда демократиясы ең қатты құлдыраған елдер қатарында Мали, Түркия, Танзания, ал ТМД-дан Әзербайжан мен Тәжікстан аталған.

Еркіндік бәрінен қатты шектелген 12 ел: Сирия, Эритрея, Оңтүстік Судан, Түркіменстан, Солтүстік Корея, Экваторлық Гвинея, Сауд Арабиясы, Сомали, Тәжікстан, ОАР, Қытай және Ливия.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz